Accessibility links

Қырымдағы "белгісіз" әскер кім, қайдан келді?


Симферополь қаласында жүрген қарулы жауынгерлер. Қырым, 4 ақпан 2014 жыл.

Симферополь қаласында жүрген қарулы жауынгерлер. Қырым, 4 ақпан 2014 жыл.

Ақпанның 28-інен бері Украинаның Қырым түбегінде жүрген Ресей әскері туралы қауесет көп тарады. Азаттық осы туралы анық болған жайттарды шолып шықты.

Украина билігінің дерегі бойынша, қазір Қырым түбегінде Ресейдің 16 мыңға тарта жауынгері тұр. Әуе және теңіз жолдарымен ағылып келіп жатқандықтан, олар күн сайын көбейіп барады деген де ақпарат бар. Тәуелсіз әскери сарапшылар да Қырымда осынша әскердің бар екенін айтады.

Jane’s Defense Weekly басылымының сарапшысы Тим Риплидің (Tim Ripley) айтуынша, «интервенция басталған ақпанның 28-інен бері мұнда 6-7 мыңдай Ресей сарбазы келген». Қырымдағы Қара теңіз флотында Ресейдің 11 мыңдай жауынгері бұрыннан бар. Бірақ бұлардың көпшілігі - теңіз әскері және қосымша қызметкерлер. Сондықтан болар, жақында Қырымға жаяу әскер сарбаздары жөнелтілген.

Тек Ресейдің Қара теңіз флотына қарайтын 810-теңіз жаяу әскерінің екі мыңға жуық сарбазы мұнда бұрыннан тұр. Қырымдағы Ресейдің кей блокадаларында осы бригаданың жауынгерлері тұрғаны анықталған.

ҚЫРЫМҒА ЖАҢА КЕЛГЕН РЕСЕЙ СОЛДАТТАРЫ

Қырымға таяуда келген сарбаздардың көбі Қара теңіз флотындағы әскери бөлімдікі емес, Ресейдің ішкері жағынан жөнелтілген. Рипли Ресейдің әуе және әскери теңіз күштеріндегі белсенділікке қарап осындай болжам жасап отыр.

"Қырым құрлықта тек Украинамен шектеседі, ал Ресейдің оған құрлық арқылы баратын жолы жоқ. Сондықтан солдаттардың барлығы Қырымға әуе, не теңіз арқылы өтіп жатыр. Ұшақтар да келіп жатқанға ұқсайды. Ресей Украинада бірнеше әуе базасын ұстап отырған. Олар ондағы Ресей флотына қолдау жасайды. Бұған қоса олар Қырымның шығысындағы жүк портын тартып алды, ал ол Ресейдің Кубань аймағына апаратын бұғаздан бірер шақырым қашықтықта ғана тұр. Сөйтіп, ол жақтан Қырымға адам мен көлікке толы кемелер келіп жатыр. Олардың ішінде Мәскеу маңындағы жедел әрекет ететін әуе-десант күштерінің сарбаздары да бар" дейді ол.

Лондонда орналасқан қақтығыстарды зерттеу және сараптау орталығының директоры Кристофер Лэнгтонның айтуынша, «таяуда келген жауынгерлердің көбі – Ресейдің Дондағы Ростов қаласында штаб-пәтері орналасқан оңтүстік әскери басқармасының қызметкерлері».

"Киімдеріне қарасақ, көпшілігі жаңа сияқты. Айырма белгілері жоқ. Бұл - 2008 жылғы Грузияда болған соғыста қолданылған тәсіл. Ресей бітімгерлік күштері Грузияға келгенде олар да киімдерін өзгерткен. Бітімгерлердің арнайы белгілерін алып тастаған. Ресей басқа қандай амал қолдануы мүмкін? Қара теңізде жоғары дайындықтан өткен Ресей теңіз жаяу әскері бар. Бірақ олар Қырымда емес, Қара теңіздің басқа жағалауында - Ресейдің Новороссийск қаласында тұр. Дәл сол оңтүстік әскери басқармасының құрамында екі арнайы күштер бригадасы мен әуе-десант дивизионы бар" дейді Лэнгтон.

Қырымдағы ресейшіл әскерді мына видеодан көре аласыз:



ҚЫРЫМДАҒЫ РЕСЕЙ ӘСКЕРІНЕ ШЕКТЕУ БАР МА?

Ресей мен Украина арасындағы келісімдер бойынша, Ресей Қырым түбегінде 25 мыңдай жауынгер орналастыра алады. Әскери бөлімдерді қамтамасыз ету шараларын жүзеге асыру үшін оларға базаларынан тыс әрекет етуге рұқсат берілген. Бірақ сарбаздарды әскери мақсатта жұмылдыруға тыйым салынған.

Қырымдағы Украина әскери базаларын қоршау, оқшаулау шаралары жасалып жатқан сияқты, ал бұл негізгі келісімдерді бұзады.

ЖЕКЕМЕНШІК КҮЗЕТ ФИРМАЛАРЫ НЕ ІСТЕП ЖҮР?

Риплидің айтуынша, форма киген қарулы адамдардың Қырым парламентін басып алған видеосынан Ресейдің жекеменшік қауіпсіздік фирмаларының әрекетін байқауға болады:

"Таспадан бес қаруы сай, мығым денелі, шыныққан жігіттерді көрдік. Олардың қолында шабуылдаушы қару, алысқа ұшатын граната сияқты әскери жарақтың түр-түрі болды. Сонымен бірге, олар түрлі қару салынған үлкен контейнер ұстап жүрді. Олардың бір-бірін қараңғыда көре алатын арнайы белгілері де болды. Бұлар – өте жақсы ұйымдасқан адамдар. Бірақ олардың киімі Украина базаларын қоршаған Ресей әскерінің киіміне ұқсамайды, демек олар жалдамалы адамдар болуы керек. Оларға берілген анықтамалардың ішінде ең дұрысы: олар - жекеменшік секторға кеткен Ресей арнайы күштерінің бұрынғы сарбаздары. Бұлардың көбі Ресей олигархтарының компанияларында келісім-шартпен жұмыс істейді, ал олигархтардың Ресей президентімен тығыз байланысы бар екені белгілі. Демек, біз мұнда Ресейдің мемлекеттік және жекеменшік секторының бірлескен әрекетін көріп отырмыз" дейді сарапшы.

Лэнгтонның айтуынша, «шиеленіс кезінде Ресейді жақтап бас көтеру үшін Қырымдағы орыс этносы өкілдерінің арасында интервенцияға дейін де белсенді жұмыс жүргізілген болуы керек. Сарапшының пікіріне қарағанда, «бұл жұмыс Ресейдің жекеменшік күзет фирмалары немесе Қырымда жұмыс істейтін, жаттығудан өткен арнайы күштердің жауынгерлері арқылы жүзеге асқан болуы тиіс.

(Рон Синовицтің мақаласын ағылшын тілінен аударған - Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG