Accessibility links

Киев сарбазды өлімге кескен сепаратистер «сотын» айыптады


Украинаның шығысындағы сепаратистер "халық сотының" Youtube желісіне жарияланған видеосынан алынған скришот.

Украинаның шығысындағы сепаратистер "халық сотының" Youtube желісіне жарияланған видеосынан алынған скришот.

Сепаратистер басып алған Украинаның шығысындағы Луганск қаласында «халық соты» бір солдатты өлім жазасына кесті. «Сот» 50 минут өткен, үкім қарапайым қол көтеру әдісімен шыққан.

Мұндай «суырыпсалма» үкімді Луганскідегі «халық соты» қол көтеріп, дауыс беру арқылы шығарған. Украинаның сот өкілдері мен құқық қорғаушылары сот ісін бұлай жүргізуге болмайтынын айтып, соттаушыларға қарсы қылмыстық іс қозғайтындарын мәлімдеді.

«СОТҚА ҚАТЫСҚАННЫҢ БӘРІ - ҚЫЛМЫСКЕР»

Украина шенеуніктері «Сепаратистер басып алған шығыс аймақтағы «халық сотына» қатысқан тұрғындар қылмыстық жазаға тартылуы керек. Олардың өлім жазасы жөнінде кем дегенде бір үкім шығарғандары мәлім болып отыр» дейді.

Қарашаның 2-сі күні халықаралық қауымдастық мойындамаған сайлау өткізіп, билігін нығайтуға тырысқан Луганск және Донецк облыстарының сепаратистері жалған (суррогаттық – ред.) сот мекемесін құрып алған.

Олар үкім шығарар кезде жергілікті тұрғындарға дауыс бергізеді. Тіпті Украина заңдарын бұзып, «соттаған» адамдарын өлім жазасына кесе алады.

Тіксініп қалған құқық қорғаушылар мен Киев билігі «мұндай жалған соттарға қатысудың өзі қылмыс» дейді.

"Донецк халық республикасы" туын ұстап шыққан Украинадағы сепаратистерді қолдаушылар шеруі. Ресей, Санкт-Петербург, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

"Донецк халық республикасы" туын ұстап шыққан Украинадағы сепаратистерді қолдаушылар шеруі. Ресей, Санкт-Петербург, 2 қараша 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина ішкі істер министрі Арсен Аваковтың кеңесшісі Антон Геращенко «ондай «сотқа» қатысқан тұрғындардың бәрі адам өлтіруге қатысы бар деген айыппен сотталуы мүмкін» дейді.

«Украина қылмыстық кодексінде азаматтарды біреулердің өз бетімен соттауына тыйым салатын бап бар. Мемлекеттік органның міндетін атқаруға ешкімнің құқығы жоқ, мемлекеттік мекеме оны заңға сай өзі атқаруы тиіс. Егер әлгі адамға шыққан жаза орындалса, ол онда адам өліміне қатысты іске айналады» дейді ол.

ӨЛІМ ЖАЗАСЫН ДАУЫСҚА САЛУ

Луганск облысындағы Алчевск қаласында өткен айдың соңында бірнеше жүз адам сепаратистер «Новороссияның алғашқы халық соты» деп атаған шараға қатысқан.

50 минутқа созылған, қарулы сепаратистер жүргізген «сотта» Алчевск тұрғындары сепаратистермен соғысқан, «әйел зорлады» деген айып тағылған екі сарбаздың ісін қараған.

Сол аймақты басып алған «Призрак» батальонының командирі Алексей Мозговой екі сарбаздың ісін өзі тергегенін айтып, оларды «айыпты» деп жариялаған. Содан соң ол айыптылардың бірін «жазаның ең ауыры – ату жазасына кесу» үшін жұрттың қол көтеру арқылы дауыс беруін сұраған.

Интернетке жарияланған ол видеода халықтың көбі қол көтереді, ал айыпталушының анасы ышқына айғайлайды.

«Халық соты» екінші айыпталушыны өлім жазасына кеспегенімен, оны «абыроймен өлу үшін» майданның алғы шебіне жіберу туралы шешім шығарған.

Украинада өлім жазасына тыйым салынған. Ал Ресейде өлім жазасына кесу уақытша тоқтатылған. Бірақ Мозговой «халық соты» мен оның үкімін советтік кезеңдегі «народавластие» («халық билігі») деген сөзбен атап, «соғыс жағдайының талаптарына сай үкімді заңды деп танитынын» мәлімдеген.

Алексей Мозговой видеода «Халық сөзі – Құдай сөзі. Дегендерің болсын» дейді.

Қарулы сепаратистердің жалған сот арқылы өлім жазасын қолданатыны туралы күдік кейінгі бірнеше айда күшейген еді. Әсіресе, өзін-өзі сайлаған «Донецк халық республикасы» тамыз айында өлім жазасын енгізетінін ресми түрде мәлімдеген соң бұл күмән қоюлана түскен.

ДХР-дың бұрынғы басшысы Игорь Стрелков.Донецк, 28 шілде 2014 жыл.

ДХР-дың бұрынғы басшысы Игорь Стрелков.Донецк, 28 шілде 2014 жыл.

ДХР-дың бұрынғы басшысы Игорь Стрелков қол қойған құжатта «Республика принциптері Екіншік дүниежүзілік соғыс кезіндегі СССР-дің соғыс жағдайы жөніндегі ережелеріне сәйкес келетіні» айтылған. Ол бойынша отанын сатқандар мен басқа да ауыр қылмыс жасаған адамдар өлім жазасына кесілетін.

Бұған дейін сепаратистер қолына түскен бірнеше тұтқынды қорғаған адвокат Евгения Закревская «мұндай «халық соттарының» өлім жазасы туралы үкімдерді бірнеше рет шығарғанын» айтады.

«Бұл адамдарды бұрынғы бір жағдайларға қарай өлтіру ғана емес. Бұл жерде Украина қылмыстық кодексі мен 1941 жылғы соғыс жағдайындағы заң қағидаларын қойыртпақтаған жалған сот өлім жазасы туралы үкім шығарып тұр. Әрине, [1941 жылғы] ол заң адамды өлім жазасына кеседі» дейді адвокат.

«ҮЙДЕ ОТЫРЫП, БӘЛІШ ПІСІРІҢДЕР»

Екінші қорғаушы Игорь Голован Украина билігінің заңсыз соттарды тексеруге асықпай отырғанын айтады. Ол «Сол әрекеттері үшін сепаратистерге қарсы қылмыстық іс қозғауға болар еді» дейді. Бірақ көптеген адамдар сепаратистердің Ресейге арқа сүйейтінін ескертеді.

«Әрине, қазір ол жерге барып тергеу жүргізу мүмкін емес. Бірақ сол жақтан амалын тауып бері шыққан, айтары бар адамдар жетерлік» дейді Голован.

Алчевск оқиғасына келсек, сарбазға шыққан өлім жазасы үкімінің орындалған-орындалмағаны белгісіз. (ВВС «Призрак» батальоны өкілдеріне сілтеме жасай отырып, екеуінің де әзірге қамауда отырғанын, үкімнің «алдағы апталарда орындалатынын» хабарлады).

Психолог Елена Лищинская «үкім орындалса да, орындалмаса да ондай жария соттар сепаратистер үшін биліктерін нығайтуға керек. Ондай «халық соттарына» қатысу арқылы тұрғындар оларды жақтайтындарын, сепаратистердің «демократиялық» билігін қолдайтындарын білдіреді. Ал сепаратистерге наразы адамдарды үрей билейді» дейді.

Осы мақсатта болар, сот кезінде Мозговой кенеттен әйел адамдарға қатысты бұйрық шығарып, «мейрамханалар мен түнгі клубта жүрген әйелдерді тұтқындаймыз» деп қорқытты. Ол «Жұбайларыңа адал болғыларың келсе, үйде отырып, кесте тігіңдер. Бәліш пісіріп, наурыздың 8-ін атап өтіңдер» деп мәлімдеді.

(Елена Ремовскаяның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG