Accessibility links

Украина шығысындағы шиеленістің соңы көрінбейді


Украина тұрғындары окоп қазып жатыр. Запорожье, 6 қыркүйек 2014 жыл.
Украина тұрғындары окоп қазып жатыр. Запорожье, 6 қыркүйек 2014 жыл.

Ресей қолдаған сепаратистер Украина әскеріне төтеп берді. Елдің шығысындағы аумақты олар әлі ұстап отыр. Кей сарапшылар «сепаратистер шекарасын бекітпек, постсоветтік кеңістікте тағы бір «бітеу жара» пайда болды» дейді.

Украина шекараны қалпына келтіреміз деп уәде берді. Сепаратистер басып алған жерімізді кеңейтеміз деп ант ішті. Ал сарапшылар ресейшіл сепаратистер мен Киев жасасқан бітімнің шатқаяқтап тұрғанын айтады.

ШЕШІЛМЕЙТІН ШИЕЛЕНІС

Украина істері бойынша сарапшы, Рутгерс университетінің профессоры Александр Мотыль «Болжаулы болашақта, яғни Владимир Путин билікте отырған уақытта бұл аймақтар «бітеу жара» (шешілмеген қақтығыс) күйінде қалады» дейді.

Ресейдің әскери көмегі арқасында Украина үкіметінің әскерімен соғысып жатқан сепаратистер соңғы айларда Донецк пен Луганскіде биліктерін күшейтті; өткен демалыста Мәскеу мойындаған, бірақ Батыс елдері заңсыз деп айыптаған сайлауларын да өткізді.

Сарапшылар «мұндай жағдайдың қаншалықты ұзаққа созылатыны Ресейге тәуелді» дейді. Кремль «еріктілерінің» Украинада соғысып жатқанын мойындайды да, бүлікшілерді қарумен қамтамасыз етіп отырғанын айтпайды.

Еуропа кеңесінің халықаралық қатынастар (ECFR) бойынша аға ғылыми қызметкері Эндрю Уилсон.
Еуропа кеңесінің халықаралық қатынастар (ECFR) бойынша аға ғылыми қызметкері Эндрю Уилсон.

Еуропа кеңесінің халықаралық қатынастар (ECFR) бойынша аға ғылыми қызметкері және «Украина дағдарысы: Батыс үшін маңызы қандай?» кітабының авторы Эндрю Уилсон «Жақын арада Ресей «еріктілерін» қорғап тұрады, тіпті бұдан да жаман дүрбелең тудыруға ұмтылуы мүмкін» дейді.

Уилсонның болжамына қарағанда, «бірнеше айдан соң Ресей «зорығады». Ол «Мәскеу Донбасс аймағының экономикалық мәселесін шешіп бере алмайды» дейді. Сарапшы «Зорығатын» кез соншалықты алыс емес, жарты жыл ішінде туып қалар. Бірақ осы аралықта Ресей бірталай «шаруасын» істеп үлгереді, Украинаның жағдайы мәз емес» деп болжайды.

Қарашаның 2-сі күні Украина президенті Петр Порошенко сепаратистер өткізген сайлауды «террорлық ұйымдар мылтықтың дүмімен өткізген фарс» атап, оның Украина, Ресей, ЕҚЫҰ және сепаратистер өкілдері арасында жасалған Минск бітіміне қатер төндіретінін ескертті.

«ШАЛТАЙ-БОЛТАЙ»

АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфердің пікірінше, Украинаның шығысындағы аудандарды сепаратистерге беріп алған Киев енді Мәскеуге жасалған халықаралық қысымға үміт артып отыр.

АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфер.
АҚШ-тың Украинадағы бұрынғы елшісі Стивен Пайфер.

Қазір Вашингтондағы Брукинс институтының аға ғылыми қызметкері болып істейтін Пайфер «Украиналықтар аймақты қайтарып алуға шамаларының жетпейтінін мойындаған сияқты, себебі олар орыс армиясы қайта оралуы мүмкін деп қорқады» дейді.

Ал ECFR өкілі Уилсон «Қазіргі соғыстың соңы шешілмейтін шиеленіске ұласса, Киевтен бөлініп шыққан сепаратистік аймақтардың жағдайы қиындайды. Өйткені олар Киевке бағынышты территорияның қоршауында, қыспақта қалады» дейді.

Уилсонның пікірінше, «Бұл тарихи немесе мәдени, экономикалық тұрғыда тиімді шекара емес. Қыркүйектің 5-іне дейінгі соғыста 400 адамның опат болғаны...- сепаратистердің мәнсіз географиялық күресінің нәтижесі».

«Сепаратистер басып алған аумақтар - Украинаның көмір өндірісінің орталығы. Қазір өндіріс орындары негізгі мемлекеттен бөлініп қалды, тұтынушылары да шекараның ар жағында қалды» дейді ол.

Мәскеу постсоветтік кеңістікте «бітеу жараларды», яғни күрмеуі қиын шиеленістерді көбейту үшін Грузияның Абхазия және Оңтүстік Осетия сияқты сепаратистік аймақтарына да әскери әрі қаржылай көмектесті.

Ресейдің Украинаның шығыс аймақтарына кіргізген "гуманитарлық көмегі". 30 қазан 2014 жыл.
Ресейдің Украинаның шығыс аймақтарына кіргізген "гуманитарлық көмегі". 30 қазан 2014 жыл.

«Халықаралық бейбітшілік үшін» Карнеги қорының өкілі Эндрю Вайс «Кремль Донбастағы көтерілісшілерге гуманитарлық көмек көрсетеміз дегенімен, аймаққа түбегейлі жәрдем беруге ынтығып тұрған жоқ» дейді.

АҚШ ұлттық қауіпсіздік кеңесінің Ресей, Украина және Еуразия істері бөлімінің бұрынғы директоры Вайс «Қақтығыс болып жатқан берекесіз, «шалтай-болтай» (бір сынса, қайта құралмайтын ағылшын ертігісінің жұмыртқа персонажы - ред.) өңірге олар құмартып тұрған жоқ. Картада жаңа квази-мемлекет пайда болатындай саяси әзірлікті, ресурстар дайындау ісін байқамадым» дейді.

Вайс жауласқан екі жақ қыста ашық соғысқа шығады деп ойламайды. Бірақ ол «көктем немесе жазда сепаратистер мен үкімет әскері қайта қақтығысуы мүмкін» деп болжайды. Сарапшы жағдайдың «кез келген сәтте жарылатын бітеу жараға айналғанына» күмәнданбайды.

Рутгерс университетінің өкілі Мотыль «Порошенко Донбастағы бөлінген аумақтың шекарасын үнсіз «мойындайды» деп санайды. Ол «Әрине, Украина ешқашан бұл аумақтарды тәуелсіз ел деп танымайды, бірақ Ресей басқа шешім қабылдап, шабуыл бастамаса, бұл өңірдегі шиеленіс шешілмеген күйінде тұра береді» дейді.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG