Accessibility links

Ресей солдаттарының «әшкерелеуші» суреттері


Александр Соткиннің Instagram парақшасындағы суреттері. (Скриншот)

Александр Соткиннің Instagram парақшасындағы суреттері. (Скриншот)

Кремль Украинадағы соғысты «көрші елдің ішкі мәселесі» дейді. Бірақ Украинада жүрген немесе шекара маңындағы Ресей сарбаздарының суреттері Мәскеу мәлімдемесін теріске шығарады.

Ресей «Украинаның шығысындағы қақтығыстарға қатысымыз жоқ» деп отыр. Бірақ сепаратистердің Игорь Гиркин мен Игорь Безлер сияқты басшылары - бұрын Ресей қауіпсіздік қызметінде еңбек еткен ресейлік азаматтар. Мәскеу «олар Украинаға өз беттерімен барған» деді.

СОЛДАТТАРДЫҢ АККАУНТТАРЫ

Малайзиялық ұшақты атып түсірді дейтін «Бук» зымыран кешені сияқты қуатты қарулардың ізі Ресейге апарады. Алайда Кремль «сепаратистер қаруды Украинадан алды» дегенінен танбай отыр.

Бірақ кейбір ресейлік жауынгерлер Кремльдің бұл позициясын «ұмытып» кете береді. Мәселен, 24 жастағы ресейлік солдат Александр Соткин Украинадағы суреттерін әлеуметтік желіге жариялап, өзінің қайда, не істеп жүргенін «әшкерелеп» қойды.

Соткин маусымның 30-ы күні «Түнгі кезекшілік... терлеп-тепшіп жұмыс істеп жатырмыз» деп жазды. Ол жүрген Украинаның Красная Таливка қаласы Ресей шекарасынан екі миль ғана қашықтықта жатыр.

Instagram картасына қарағанда, Соткиннің екі суреті Украинада түсірілген:

Интернетті жіті бақылап отырған адамдар басқа солдаттардың жазған пікірлерін де әлеуметтік желідегі аккаунттары жойылмай тұрғанда скриншотқа түсіріп алған.

Михаил Чугунов «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасына әскери жүк көліктерінің Украина шекарасына «Град» зымыранын апара жатқан суретін салды.

Кейін Чугуновтың аккаунты жойылды.

СОЛДАТҚА ТЫЙЫМ САЛУ

Шілденің аяғында Вадим Григорьев атты солдат Украина шекарасының түбінде тұрған гранататқыш пен зеңбіректің суреттерін жариялады. Ол «Түнімен Украинаны дүрсілдеттік...» деп жазды.

Аккаунтын өшіріп тастаған соң Григорьев мемлекеттік «Россия-24» арнасына шығып, «менің аккаунтымды біреулер өшіріп тастапты» деп мәлімдеді. Бірақ оның сөзіне сену қиын.

Басында ол «телеарна хабарласқанша дау туғанын білген жоқпын» дейді. Бірақ артынан «туыстарыма хабарласып, олардан аккаунтымды өшіруді сұрадым» дейді. Бұдан ары ол «телефоны сурет жариялауға жарамайтынын» айтты, бірақ «олар бір ай бұрын түскен суреттерім болатын» деген сөзіне қарағанда фото жариялауға мүмкіндігі болған сияқты.

Кейбір Ресей думасы депутаттары суреттердің шынайы деректер екенін үнсіз мойындаған тәрізді. Коммунистік партияның солдаттардың әлеуметтік желіге әскери техника мен ұрыс алаңы суреттері мен видеосын салуына тыйым салатын заң жобасын дайындап жатқаны хабарланды.

(Гленн Кейтстің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG