Accessibility links

«Украинаның шығысында да ресейшілдер азайды»


Ленин ескерткішін құлатқан шерушілер. Украина, Харьков, 28 қыркүйек 2014 жыл.

Ленин ескерткішін құлатқан шерушілер. Украина, Харьков, 28 қыркүйек 2014 жыл.

Украиналықтардың ЕО, Ресей және НАТО-ға деген көзқарасында қандай өзгерістер болып жатыр? Донбаста әлеуметтік сауалнама жүргізу мүмкін бе? Украинада компартияны қолдаушылар неге азайды?

Азаттықтың Орыс қызметі қойған жоғарыдағы сауалдарға Киевтегі әлеуметтанушы, «Демократиялық бастама» қорының директоры Ирина Бекешкина жауап берді.

Азаттық: - Революциялық көңіл-күй басылды, адамдар күнделікті күйбең тірлікке қайта оралды. Жаңа үкіметтің де кемшілігі бар екені байқала бастады. Әрекет аз, сыбайлас жемқорлық әлі де бар. Совет Одағы құлаған соң, 1992 жылы ресейліктер де жаңа үкіметтен дәл осылай көңілдері қала бастаған еді. Украинада сондай көңілсіз кезең басталды ма, әлде әлі де «романтикалық фаза» аяқталмай жатыр ма?

Ирина Бекешкина: - Классикалық үлгідегі революциядан кейінгі көтеріңкі көңіл-күй синдромы жоқ, себебі төңкерістен соң әскери шаралар мен жарияланбаған соғыс басталып кетті. Жұрттың құлшынысы сақталғанымен, ол басқаша көрініп жатыр. Бізге жеткен дерек бойынша, тұрғындардың 35 пайызы армияға ақша аударған. Бұл - үлкен көрсеткіш. Жұрттың 25 пайызы босқындарға көмектесіп, азық-түлік, киім-кешек беріп, тағы басқа көмек түрлерін көрсеткен. Бірақ мұның өзін «романтикалық кезең» деуге келмейді. Тұрғындардың дені соғыс жүріп жатқанда үкіметті қолдау керек екенін түсінді. Соғыс болмаған жағдайда бұл белсенділердің әрекеті мүмкін басқаша сипат алар ма еді.

Азаттық: - Украина революциясы бұрынғы президент Виктор Янукович Еуропа Одағымен (ЕО) серіктестік туралы келісім-шартқа қол қоюдан бас тартқан соң басталды. Қазір сол құжаттарға қол қойылды. Енді қарапайым украиналықтар ЕО-мен интеграция процесінің басталғанын сезініп жатыр ма?

Майданға жиналған халық. Украина, Киев, 9 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Майданға жиналған халық. Украина, Киев, 9 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирина Бекешкина: - Революция ЕО-мен интеграция туралы шартқа қол қоймай тастаудан басталды демес едім. Сол оқиғадан кейін көбінесе жастар шағын наразылық шараларына шыққаны рас. Жаппай шерулер, яғни бұқаралық наразылық студенттерді полиция аяусыз соққыға жыққаннан кейін ғана басталды. Сол кезде жұрт «Неге билік халыққа қол жұмсайды!» деп ашуланды, халық осыған шыдамады. Мұндай наразылықты «ар-намыс революциясы» деп атайды. Халық намысын қорғау үшін билікке қарсы шықты. Бұл жерде ЕО-мен интеграциядан бас тарту түрткі ғана болды, ал ары қарай режимді құлату негізгі мақсатқа айналды. Режим құлады. Бірақ Майданның барлық мақсаты орындалған жоқ, бірақ наразылардың мерзімінен бұрын президент және парламенттік сайлауын өткізу сияқты көптеген талаптары орындалды. Алайда репрессияға кінәлі адамдар әлі жазаланған жоқ. Жемқорлық мәселесі де шешілмей тұр.

Азаттық: - Янукович пен оның жақтастарын жазалау талабы халық арасында бірнеше ай бұрынғыдай әлі де күшті ме?

Ирина Бекешкина: - Сол кездегідей күшті болмаса да, ондай талап әлі бар. Жергілікті билікте сол кездегі адамдар әлі отыр. Сондықтан халық бұрынғы билік өкілдеріне ғана емес, қазіргі билікке де наразы.

Азаттық: - Украина революциясының тағы бір маңызды сипаты – коммунизм мен лениншілдікке қарсы күрес, коммунистік символдардан құтылу, компартияға тыйым салуға ұмтылу. Ұйымдарыңыз тұрғындардың коммунистерге көзқарасына қатысты зерттеу жүргізді ме?

Ирина Бекешкина: - Адамдардың коммунистерге қатысты көзқарасын осы сайлау нәтижесі көрсетеді деп ойлаймын. Бұрынғы сайлауда олар 10 пайыз дауыс алған еді. Енді олардың парламентке өтпей қалуы да мүмкін. Оларды қолдаушылардың екі есе кемігені анық.

Азаттық: - Украиналықтар үшін НАТО-мен байланысты жақсарту қаншалықты маңызды?

Украина туын ұстап тұрған балалар. Украина, Луганск облысы, 18 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина туын ұстап тұрған балалар. Украина, Луганск облысы, 18 қыркүйек 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирина Бекешкина: - Өткен жылмен салыстырғанда көп өзгеріс бар. Кейінгі жылдары адамдар бейтарап болуды қолдай бастаған еді. Бұрнағы бір сауалнамаға жауап берген азаматтардың 45-50 пайызы нейтралитетті жақтаса, 12-14 пайызы НАТО-ға мүше болуды қолдаған. Қазір Украинаның нейтралитет жариялауын респонденттердің 22 пайызы қолдаса, 44 пайызы НАТО-ға қосылғанды жөн көреді.

Ресеймен әскери одақ құруды қолдайтындар 26-дан 12 пайызға кеміді. Біз НАТО-ға мүше болу туралы референдум өткізу мәселесі туралы да сауалдар қойған едік. Ондай референдум өтетін болса, оған қарсылар белсене түсетінін байқадық. Сондықтан, ондай референдумның уақыты әлі келген жоқ деп санаймын. Себебі қоғам тағы жікке бөлінеді. Елдің шығыс аймақтарының тұрғындары әлі де НАТО-ға қосылуға үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан қазір - ондай ши шығарып, елдің шырқын бұзатын кез емес, жұртты біріктіретін кезең.

Азаттық: - Ресейлік әлеуметтанушылар Ресей тұрғындары арасында Украинаға қарсылықтың күшейіп келе жатқанын айтады. Украиналықтар ше? Олардың Ресейге деген көзқарасы қалай өзгерді?

Ирина Бекешкина: - Украиналықтардың да Ресейге көзқарасы нашарлады. Бірақ ресейліктердің украиналықтарға көзқарасымен салыстырғанда, украиналықтардың олар туралы пікірі жақсырақ. Ресейліктер сияқты емес, украиналықтар Ресей үкіметі мен халқын екі бөліп қарайды. Украинада Ресейге қарсы жаппай үгіт-насихат жоқ.

Азаттық: - Сонда Украинаның әр аймағында НАТО мен коммунистік партияға деген көзқарас әртүрлі ме?

Украина коммунистік партиясының белсендісі Донецкідегі Ленин ескерткішінің жаныд тұр. 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина коммунистік партиясының белсендісі Донецкідегі Ленин ескерткішінің жаныд тұр. 24 ақпан 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирина Бекешкина: - НАТО-ға қатысты көзқарас өзгерді. Украинаның батыс аймақтары тұрғындары НАТО-ға қосылуды бұрын да қолдайтын еді ғой, енді бұл мәселе бойынша Украина халқы екі тарапқа анық бөлініп алды. Ал ЕО-ға мүшелікке өту мәселесіне келсек, тұрғындардың пікірі бұл жерде біршама тоқайласып келеді. Қазір Донбасс қана қарсы болып тұр. Коммунистік партияны қолдайтындар да Донбаста ғана қалды. Соның өзінде олардың үлесі 14 пайыздан аспайды.

Азаттық: - Қазір сепаратистік аймақтарда сауалнама жүргізу мүмкін бе?

Ирина Бекешкина: - Жалпыхалықтық сауалнаманың бір бөлігі ретінде ол жақты да қамтыдық. Кең көлемде деуге келмейді – сауалнама біз әркез қолданып жүрген квота бойынша ғана өтті. Донецк облысында - 140 адам, Луганскіде 100-ге жуық адам жұмыс істеді. Азат етілген аумақтарда сауалнама жүргізу қиын емес, бірақ сепаратистер басып алған аймақтарда да сауалнама жүргізілді, онда әлеуметтанушылар желісі бар. Біреулер кетті, біреулер қалды. Ол әлеуметтанушылар аз да болса ақша тапқылары келеді. Жақында Славянск пен Краматорскіде ауқымды зерттеу жүргізбекпіз, бірақ тек [сепаратистерден] азат етілген аумақтарды қамтимыз.

Азаттық: - Азат етілген аумақтарда сепаратистерге деген көзқарас өзгерді ме?

Ирина Бекешкина: - Иә. Азат етілген аймақтар мен Донецк және Луганск «халық республикалары» (ДХР және ЛХР) аталатын аумақтарда да жұрттың пікірі өзгерген. Егер бұл аймақ тұрғындарының Ресейге қосылуды қаншалықты қолдайтынын алып қарасақ, [сепаратистерден] азат етілген аумақ тұрғындарының 10 пайызы ғана ресейшіл екені көрінді. Бірақ әлі де сепаратистер бақылауында тұрған ДХР мен ЛХР-де бұл көрсеткіш 30 пайызға жуықтайды. Бірақ мұны үлкен көрсеткіш деп айта алмаймын. Мамыр айымен салыстырғанда бұл аймақтарда Ресейге қосылуды жақтайтындар саны күрт азайды.

Киев тұрғындары "Еуромайдан" акциясы кезінде. (Көрнекі сурет)

Киев тұрғындары "Еуромайдан" акциясы кезінде. (Көрнекі сурет)

Азаттық: - 1991 жылы ресейліктердің өздері де қазіргі украиналықтар сияқты НАТО-ға мүше болу, ЕО-ға қосылу туралы ойлады. Ешкім «20 жылдан соң жұрт Сталинге қайта «табынады», Батыс қайтадан жауға айналады» деп ешкім айта алмас еді. Украинада да біраз уақыттан соң осындай өзгеріс болады деп ойламайсыз ба?

Ирина Бекешкина: - Украинада болған ашаршылықтан халықтың көпшілігі қырылды. Сондықтан Украинада Сталин енді кумир бола алмайды. Ал ықпалды, күшті лидер туралы айтсақ... Украинада Ресейдегідей саяси кумирге құмарлық болған емес. Украиналықтар - жаратылысынан күдікшіл халық. Тіпті еуропалық зерттеулерде де украиналықтардың көп дүниеге күдікпен қарайтыны айтылады. Сол себепті де Украина халқы царизмді қолдауға бейім емес.

(Дмитрий Волчектің мақаласын аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG