Accessibility links

«Өлімге кесілгендер түрмесінде жеті күн жаттым»


Донецк тұрғыны Светлана Матушко.
Донецк тұрғыны Светлана Матушко.

«Донецк халық республикасы» содырларының тұтқынында болған тұрғын қамауда көргендерін Азаттық тілшісіне айтты.

Өздеріне «Донецк халық республикасы», «Луганск халық республикасы» деп ат қойып алған сепаратистік аймақтарда мыңдаған адам тұтқындалып, түрмелер мен лагерьлерге қамалды (сондай лагерьдің бірі «Изоляция» мәдениет орталығында орналасқан).

Сепаратистер адамдарды көбінесе домалақ арыз негізінде тұтқындайды, мәселенің ақ-қарасын ажыратып жатпайды. Сталиндік террор заманындағыдай сепаратистерді қолдайтын белсенділердің өздері де қамауға алынады. Оларды «тыңшылықпен айналысты», «адал болмады» деп айыптайды. Алайда ең көп зардап шегіп жатқандар – Украина патриоттары. Сепаратистер тұтқынында болған бірнеше адам жайлы Азаттық бұрын да жазған еді.

Домалақ арыздың кесірінен тұтқындалған жеке кәсіпкер Светлана Матушко қамауда болған күндері жайлы айтып берді. Ол Донецкідегі бұрынғы Украина қауіпсіздік қызметі (СБУ) ғимараты жертөлесінде өлім жазасына кесілгендер арасында бір апта қамауда жатып шықты. Қазір Киевте босқындар мәселесі жөніндегі комитетте жұмыс істейтін Матушко Азаттық тілшісіне сұхбат берді.

please wait

No media source currently available

0:00 0:12:03 0:00
Жүктеп алу

– Донецкіде туып-өстім. Әу бастан Майданды қолдадым, Майданға екі рет бардым, жан-жақты қолдау білдірдім. Донецкіде де шерулерге қатысып, таныстардың бәріне ой-пікірімді ашық айтып жүрдім. Украинада Янукович пен оның отбасының шексіз билігі орнады, бұдан жұрттың бәрі зардап шекті, жемқорлықтан жәбір көрмеген адам қалмады, бірақ халық оны түсінбеді. Оларға зейнетақы мен жалақы алып отырғандары «тұрақтылық» болып көрінді. Жұрт Януковичке дауыс беретін, олардың ойы «бандит болса да, өзіміздің бандит» дегенге саятын. Мен мұның дұрыс емес екенін таныстарым мен туыстарыма түсіндіруге тырыстым.

– Светлана, түрмеге қалай түстіңіз?

Маған көңіл білдіріп жүрген жігіт үстімнен домалақ арыз жазған.

– Маған көңіл білдіріп жүрген жігіт үстімнен домалақ арыз жазған. Камуфляж киіп, автомат асынған адамдар келіп, жұмыста отырған жерімнен тұтқындады. Барлық техникамды, құжаттарымды тартып алды. Ешқандай санкциясыз, куәгерлердің қатысуынсыз үйімді екі рет тінтті. Жұмыс орнымды да екі мәрте дәл солай тінтті. Содан соң Украина қауіпсіздік қызметінің Донецкідегі бөлімшесі ғимаратының жертөлесіне қамады. Жеті күн бойы өлім жазасына кесілгендермен бір камерада отырдым.

– Домалақ арызда не жазылған?

– Онда «ДХР тоқсауыл бекеттерін суретке түсіріп, Украина әскеріне жөнелтеді» деген.

«АЗАПҚА ШЫДАМАҒАНДАР «АТА САЛЫҢДАРШЫ» ДЕП ЖАЛЫНАТЫН»

– Жертөледе сізбен бірге кімдер болды? Сізге, басқа тұтқындарға олар қалай қарады?

– Мені ұрып-соққан жоқ. Менімен бірге Украина қауіпсіздік қызметінің бұрынғы қызметкерлері, милиционерлер, есірткі саудасымен айналысқандар отырды. Бәрін бір камераға қамады. «Молодая Батьківщина» партиясының тізімінде аты-жөні тұрғаны үшін бір жас жігітті әйелімен бірге әкеліп қамады. Ол бір апта қолы кісенделген күйде отырды.

Қасымда сепаратистердің қатарында снайпер болған 21 жастағы екіқабат келіншек отырды. Шәкірті жазған домалақ арыз кесірінен қамалған каратэ тренері де болды. Ол президент сайлауы кезінде Тимошенконы қолдаған екен.

Донецк бизнесмендері де отырды. 20 күн түрмеде отырған соң олар бостандыққа шығу үшін сепаратистерге бар мал-мүлкін беруге дайын болды. Біреуін босатты, екіншісінің тағдыры не болғаны әлі күнге белгісіз.

Черкасск облысының Смела қаласынан келген бір ерікті жас жігіт отырды. Ол Дондасс тұрғындары неге Украина құрамында болғысы келмейтінін, неге референдумға қатысып жатқанын зерттеуге келіпті. Оның фотоаппаратынан Киевтегі Майданның суреттері табылған. Донецк университетінің бір студенті болды. Ол сепаратистер жетекшілерінің бірі Губаревқа: «Сіздер бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне зейнетақы мен жалақыны қалай төлейсіздер?» деген сұрақ қойған. Баспасөз мәслихаты аяқталған бетте оны ұстап алған.

Мен шығып кеткеннен соң камераға тағы екі әйелді отырғызыпты. Оны бірге отырған адамдар айтты. Біреуін «күйеуі Украина ұлттық гвардиясында қызмет етеді» деп көршілері ұстап беріпті. Екіншісі снайпер болуы мүмкін деген күдікпен қамалған. Оларды азаптап, қинағаны сондай, екеуі де жынданып кетті.

Мұны маған айтып берген жігіт те ені жарты метр, ұзындығы бір метр бір кісілік камерада ас-су ішпестен, қолы кісенделген күйінде бір апта отырып шықты. Камера еденінде қан сасыған шүберек жатқан.

Қамалғандардың зарлап жылаған, шыңғырған дауыстарын естімеу үшін ол қайтадан сол камераға сұранып жүрді. Ол - офицер шенді азамат. Оны қатты азаптағандары сондай, үш айдан бері әлі күнге оңалу курсынан өтіп жүр.

Қамалғандардың зарлап жылаған, шыңғырған дауыстарын естімеу үшін ол қайтадан сол камераға сұранып жүрді. Ол - офицер шенді азамат. Оны қатты азаптағандары сондай, үш айдан бері әлі күнге оңалу курсынан өтіп жүр. Қабырғалары сынған, денесі қан-жоса болған ол камерада үнін шығармастан отыратын. Азапқа шыдамаған көп жұрт «бұлай қинағанша ата салыңдаршы» деп жалынатын.

Сепаратистердің әскерінде қызмет еткен 28 жастағы жігітпен бірге отырдым. Оның айтуынша, сепаратистер жасақтарынан жігіттер қашып жатыр. Қару-жарағын, әскери киімін жерге көміп кетіп жатыр екен. Олардың біразы Украинаға, енді біразы Ресейге барып, бас сауғалап жатыр.

Оны тұтқындап, атуға алып барыпты. Жігіттің айтуынша, ату жазасын орындап жатқандар – өрімдей жас жігіттер. Адамдарды бір зауыттың аумағында атады екен. Қасындағы кісіні бірден атып тастапты. Ал оның сол иығына пышақ салған. Құлаған жерінен өлі-тірісін тексеру үшін басынан атқан. Цех іші қараңғы болғандықтан, оқ дәл тимей, жанап өткен. Әлгі жігіт Донецкідегі мәйітханада өліктердің арасында жарты сағат жатқан. Өлген болып жата берген де, бәрі тынышталған соң сыртқа шыққан. Дәрігерлер жедел жәрдем шақырып, оны қаладағы ауруханалардың біріне апарып, операция жасап, жанын әрең алып қалған.

«СӨЗДЕРІНЕН РЕСЕЙЛІКТЕР ДЕП ТОПШЫЛАДЫМ»

–Сізді қалай босатты?

– Бұл – мен үшін де жұмбақ. Әлі күнге дейін түсіне алмаймын. Маған «сені әлі босатпаймыз» дегенді көп айтатын. Жертөледегілер «мұндай көзқараспен бұл жерден тірі шықпайсың» дейтін. Мені тергеген бірінші адам «Беркут» жасағының құрамында Майданда болған екен. Менің фотоаппаратымды тартып алды, онда Майданда түсірілген суреттер көп еді. Менің Майданда болғанымды байқаған ол «бұл «Молотов коктейлін» лақтырған, мұны ату керек» деп айқайға басты. Екі күннен соң мені басқа біреу тергеді. Тергеу кезінде саясат, экономика туралы сұрақтар қойды, өз жоспарларын айтты. «Қаржыландыру қалай жүреді, зейнетақы, әлеуметтік төлемдер қалай төленеді?» деп сұрадым. Бюджетке ақша түсіп жатпағанын, бизнес өкілдерінің Донецкіден кетіп жатқанын айттым.

Мені шақырған сайын «осы жолы атып тастайтын шығар» деп қорықтым. Төртінші күні ол мені бірден атпайтындарын, тағдырымды «үштік» отырысында шешетіндерін айтты. Олардың «Мясник», «Абвер», «Удав» деген лақап аттарының өзінен адам шошиды. Кейін ол менің «үштіктің» отырысына шақырылмайтынымды, мәселемді сырттай шешетіндерін айтты. Сөйтіп, мені дүйсенбі күні босатты.

– Сізді тұтқындап, тергеген адамдардың арасында ресейліктер болды ма?

– Мені соңғы рет тергеген адам паспортын көрсетіп, Мариуполь қаласынан келгенін айтты. Қалғандары өздерін таныстырған жоқ, бірақ сөйлеген сөздерінен оларды ресейлік болар деп топшыладым, себебі Украинада олай сөйлемейді.

«ДОНЕЦК БАЙЛАРЫ ЯНУКОВИЧТІ ҚОЛДАҒАН ЕМЕС»

– Алдымен Януковичті, сосын ДХР-ды қолдаған Донецк байлары қазір қалай өмір сүріп жатыр? Олар сепаратистерді әлі қолдап отыр ма? Олардың бизнесі, дүние-мүлкінің жайы не болып жатыр?

Донецкінің ауқатты кісілері ешқашан Януковичті қолдаған емес. Себебі оның кезінде бизнеске қысым күшті болды. Януковичті тек кезінде біреудің бизнесін тартып алып, өздерін «бизнесмен» деп жариялаған бандиттер қолдады.

– Донецкінің ауқатты кісілері ешқашан Януковичті қолдаған емес. Себебі оның кезінде бизнеске қысым күшті болды. Януковичті тек кезінде біреудің бизнесін тартып алып, өздерін «бизнесмен» деп жариялаған бандиттер қолдады. Олардың тағдыры маған беймәлім. Сайлау науқаны кезінде ағам Юлия Тимошенконың Донецк облысындағы сенімді өкілі болды, сонда оған жергілікті бизнесмендер көп қолдау көрсетті, себебі олар Януковичтің жеңгенін қалаған жоқ. Ол «бұрымды саясаткер (Тимошенконы айтады – ред.) де идеал емес, бірақ «Батя» (Януковичтің әйелі Людмила күйеуін солай атайтын) жеңбесе болды» дейтін.

– Людмила Янукович туралы айтып қалдыңыз. Ол қайда, Донецкіде қалды ма?

– Бұрынғы бірінші ханым «Ашан» супермаркетіне келіп, азық-түлік алып тұратын. Қасында оққағардан гөрі жүк тасушыға ұқсайтын бір кісі жүретін. Дүкен қызметкерлерімен, жұртпен емін-еркін сөйлесетін. «Батя» Ресейге қашқан соң ол да жоқ болып кетті.

– Сіз қазір ғана Киевтің түбіндегі Донецкіден қоныс аударғандар тұрып жатқан санаторийде болып қайттыңыз. Онда жағдай қалай?

– Екі кісілік нөмірлерде бес адамнан тұрып жатыр. Шкаф, тумба, стол қоятын орын жоқ. Дәлізде - шулаған бала-шаға. Оларға қарап жатқан ешкім жоқ.

«УКРАИНА АУМАҒЫН ТЕРРОРШЫЛАРДАН ТАЗАРТУ КЕРЕК»

– Сіздің ойыңызша ДХР ұзақ өмір сүре ме?

– Жоқ.

– Ішкі себептерден, экономикалық қиыншылықтан құлай ма, әлде Украина армиясы шабуылға көше ме?

Меніңше, қазір Ресеймен арадағы шекараны бірдеңе қылып бекіту керек, ол жақтан қару-жарақ пен адамдар келмеуі тиіс. Ал жұртты бәрібір азат ету қажет.

– Меніңше, Украина өз аумағын террористерден тазартуы керек. Бұл – нағыз терроризм. Дәл 1937 жылғыдай адамды домалақ арыз негізінде қамауға алады. Халықты азат ету керек. Патриоттардың көбін қорқытып тастаған, біраз жұрт басқа аймақтарға кетіп жатыр. Нағыз партизандық тәртіп орнаған, халық далаға шығудан қорқады, жасырын жұмыс істейді, қолдан келгенше күреседі.

– Бірақ мәселені соғыс жолымен шешсе, бейбіт халықтың қаны төгіледі ғой...

– Не істеу керек екенін білмеймін, бірақ ондағы жұртты жау қолында тастауға болмайды. Славянскіден Гиркин-Стрелков шығып, Донецкіге келді, бұл өте үлкен қателік болды. Донецк тұрғындары «Оны қалай бостандыққа жіберіп, Донецкіге кіргізді?!» деп таңғалды. Меніңше, қазір Ресеймен арадағы шекараны бірдеңе қылып бекіту керек, ол жақтан қару-жарақ пен адамдар келмеуі тиіс. Ал жұртты бәрібір азат ету қажет. Украина осыны істеуі керек.

(Дмитрий Волчектің мақаласын орыс тілінен ықшамдап аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG