Accessibility links

Украина: Шеруге күш қолданылатыны ескертілді


Шерушілер өртенген полиция көлігін төңкеріп жатыр. Киев, 21 қаңтар 2014 жыл.

Шерушілер өртенген полиция көлігін төңкеріп жатыр. Киев, 21 қаңтар 2014 жыл.

Украина премьері Азаров кеше шерушілерге күш қолданылатынын ескерткен еді. Бүгінгі мәлімет бойынша, полиция шеру баррикадаларын бұзуға кіріскен. Екі шеруші қаза тапқаны жайлы ақпарат тарады.

Украина премьер-министрі Николай Азаров егер "арандатушылар Киевтегі әрекетін тоқтатпаса, шерушілерге қарсы күш қолданылады" деген ескерту жасады.

"ҮКІМЕТТІҢ КҮШ ҚОЛДАНУҒА ХАҚЫ БАР"

Ресейдің "Россия 24" телеарнасына сұхбат берген Азаров "Киевте өткен аптадан бері демонстранттар мен милиция жасақтарының қақтығысып жатқанына наразы" екенін айтқан.

"Жауапкершілік жағдайды осынша ушықтырған оппозициялық партиялардың жетекшілеріне артылады. Алдағы бірнеше күнде олар бағытын айқындап алуы тиіс. Егер бұзақылар мен экстремистерді, арандатушыларды қолдаса, онда солармен бірге екенін айтсын. Ал егер оларды қолдамайтын болса, онда үкіметпен бірге қала көшелерін арандатушылардан тазартулары тиіс" деді Азаров.

Премьер "үкімет елде төтенше жағдай жариялағалы жатыр" деген ақпаратты жоққа шығарды.

"Арандатушылар әрекетін тоқтатпаған жағдайда үкіметтің күш қолданып, заң аясында азаматтарын қорғауға хақы бар" деді ол.

Қаңтардың 21-і күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинадағы жағдайды "бақылаудан шығып бара жатқанына" алаңдаушылық білдіріп, Киевтегі шиеленістің созылып кеткеніне Украина оппозициясын айыптады.

Азаттықтың Украин қызметінің Киевтен жүргізіп жатқан тікелей трансляциясын мына жерден көре аласыз:

Live streaming video by Ustream
ЖАҢА ЗАҢҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ

Бүгін күшіне енетін жаңа заң бойынша, рұқсат етілмеген жиын өткізгендерге салынатын айыппұл көлемі мен қамау мерзімі көбейді.

Азаров бейбіт жиын өткізуді шектейтін заңды "Еуропа заңнамаларының дәл көшірмесі" деп сипаттайды.

Ал БҰҰ адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Нави Пиллэй Украина заңдары адам құқықтары жөніндегі халықаралық заңнамаларға сай келмейді деген. Ол заңдар "азаматтардың ой-пікір еркіндігін, бейбіт жиын өткізу, ақпарат алу еркіндігін және азаматтық қоғамның еркін жұмыс істеу құқықтарын бұзады" деп, Украина билігін оларды жоюға шақырған.

Киевтегі жаңа заңға қарсы шыққан шерушілер мен полиция қақтығыстары түнде де толастамай тұр. Оны Reuters агенттігінің мына видеодан көре аласыз:


ЛАВРОВ ПЕН КЛЮЕВТІҢ АЙЫПТАУЛАРЫ

Украина президенті Виктор Янукович бұған дейін оппозиция жетекшілерін билікпен диалог құруға және ымыраласуға шақырған. Бірақ оппозициялық "УДАР" партиясының жетекшісі Виталий Кличко қаңтардың 21-і күні Януковичпен кездесе алмағанын, тек оның көмекшісімен сөйлесуге ғана рұқсат етілгенін айтады.

Ал Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Андрей Клюев Кличконы "билік пен оппозиция арасында болған келіссөздерді тастап кетті" деп айыптайды.

"Конструктивті келіссөз болған жоқ. Менің түсінгенім - Кличко сол кездесуден кейін енді келіссөздерге қатыспайтынын білдіріп кетті. Оның бұл ісі дұрыс емес. Украинаның болашағына қатысты қандай да бір сұрағы бар адам келіссөз үстеліне отыруы тиіс" деді Клюев.

Киевтегі қаңтардың 20-сы күнгі қақтығысты мына видеодан көре аласыз:


Лавров бұған қоса, Еуропа Одағын "Украинадағы жағдайға жөнсіз араласып, демонстранттарды қолдап отыр" деп кінәлады. Ол Еуропа Одағының сыртқы саясат жөніндегі комиссары Кэтрин Эштонның өткен айда Киевтегі Тәуелсіздік алаңына барған сапарын еске салды.

Елде жиын өткізуді шектейтін заңның қабылдануына қарсылық білдіріп қаңтардың 19-ы және 20-сы күні көшеге наразылыққа шыққан мыңдаған демонстрант милициямен қақтығысып, салдарынан екі жақтан 200-ге жуық адам зардап шеккен.

Қаңтардың 22-сі күнгі соңғы ақпараттар бойынша, Украина полициясы шерушілердің баррикадаларын бұзуға кірісіп, шерушілер мен полиция арасында қақтығыс шиеленісе түскен. Әзірге расталмаған ақпарат бойынша "полиция бір шерушіні атып өлтірген".

Ал BBC-дің Украин қызметінің хабарлауынша, оқ тиген жас жігіт Грушевский көшесінде мерт болған. Бұған дейін демонстранттардың өзін-өзі қорғау штабы 22 жастағы тағы бір жігіттің "Динамо" стадионындағы бағаналардың бірінен құлап мерт болғанын хабарлаған еді. Ол сәтте демонстранттар бұл жерден милицияға жанғыш сұйықтығы бар шөлмектер лақтырып жатқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG