Accessibility links

Сепаратистер сапында жалдамалы өзбектер бар


Ресейшіл сепаратистер сапында соғысып жүрген өзбек Бахтиор деп сипатталған жігіт. 22 маусым 2014 жыл

Ресейшіл сепаратистер сапында соғысып жүрген өзбек Бахтиор деп сипатталған жігіт. 22 маусым 2014 жыл

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер Өзбекстаннан адам жалдап жатыр деген ақпарат тарады. Азаттық сарбаз жинаушылармен сөйлесіп, олардың шетелден жауынгер тартуға құлықты екенін білді.

Ресейге қосылуды қалайтын украиналық сепаратистердің Орталық Азия елдерінен соғысқа машықтанған сарбаздар жасақтап жатқанын дәлелдейтін жаңа айғақтар табылды.

Маусымның 22-сі күні Reuters ақпарат агенттігі Донецк облысының Сиверск қаласында Калашников автоматын асынып жүрген өзбекстандық Бахтиор есімді жігіттің фотосуретін жариялады.

Маусымның 24-інде Азаттық радиосы Өзбек қызметінің тілшісі Украинаның шығысындағы «Донецк халық республикасы» (ДХР)деп аталатын мойындалмаған мемлекеттің сарбаз жасақтаумен айналысатын жауапты адамдарымен жұмыс сұраған болып жасырын түрде хабарласты. Олар мұны қуана қарсы алатынын, ал азаматтығына қатысты мәселелердің барлығы шешілетінін айтып уәде еткен.

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер.

Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер.

Өзін «Өзбекстан азаматы» деп таныстырған тілші қасындағы жолдасы екеуін әскерге алу туралы өтініш айтқан. «Донецк халық республикасы» Мәскеу бөлімшесінің атынан сөйлеген жауапты адам оны қатарға алуға болатынын, тек Ресей паспорты жоқ болғандықтан, «арнайы шаралар қолдану керектігін» айтты.

Оның сөзінше, ұрысқа қатысқаны үшін ешқандай ақы төленбейді, сарбаздар ерікті түрде жұмыс істейді. Донбаста орналасқан ДХР-дың және бір өкілі сепаратистердің «құқық қорғау саласынан келгендер мен әскери мамандығы бар адамдарды алып жатқандарын» айтты.

АҚША ҮШІН ЖАЛДАНУ

Елдің шығысын бөліп алып, оны Ресейге қоспақ болып жүрген Шығыс Украинадағы сепаратистердің елдің қарулы күштерімен соғысып жатқан жасағы жан-жақтан жиналған құрама екені белгілі болды.

Әу баста сепаратистердің батальондары «азаттық аңсаған» жергілікті халықтан тұрады деп сипатталған. Бірақ кейін оның қатарында Ресейдің түкпір-түкпірінен, соның ішінде Солтүстік Кавказдан, Грузиядан бөлініп кеткен Оңтүстік Осетия аймағынан келген жауынгерлердің бар екені аян болды. Бұл сапта Орталық Азия елдерінен де біраз адам бар екені анықталды.

Шығыс Украинадағы әскери сарапшылар мен журналистердің айтуынша, Ресей ақша, танкі, әскери қару-жарақ беру арқылы жұртты қызықтырып, соғысқа қол жинау ісіне белсене көмектесіп отыр.

Донецк қаласындағы ресейшіл сепаратист казак.

Донецк қаласындағы ресейшіл сепаратист казак.

Жауынгерлердің кейбірі православ шіркеуін қорғауды желеу етіп соғысқа қатысса, қалғандары тұрақты жалақы алып отыру үшін ғана сапқа тұрған.

YouTube сайтында жарияланған әуесқой видеода 21 жастағы ресейлік әскери училище курсантының сепаратистер жасақтарының қатарына жазылмақ болып келгенде Украина ұлттық гвардиясы сарбаздарының қолына түсіп қалғаны айтылады. Жас сарбаз «Донецк халық республикасы» әскерінің құрамына өткендерге күніне 1 мың АҚШ доллары көлемінде жалақы төлейміз» деген Интернеттегі жарнамаға еліккенін мойындайды.

Украинадағы Батыспен интеграцияны жақтағандардың Еуромайдан қозғалысына қатысқан Өзбекстан азаматы Шавкат Мұхаммед Азаттыққа берген сұхбатында Луганск аймағында соғысып жүрген таныстары барын, сепаратистер жағында ұрысқа қатысқаны үшін күніне 50-100 доллар көлемінде жалақы ұсынғаны жайлы айтып берді.

Украинаның «Укринформ» ұлттық ақпарат агенттігі 23 маусымда таратқан ақпаратында Ресейдің «Француз сыртқы легионының» ардагерлерлерін сепаратистер жағында соғысқа тартпақ болғанын хабарлады. Олар «әскердегі қызметі үшін» жауынгерлерге ай сайын 10 мың еуро төлеп отыруға уәде еткен.

АЗАМАТТЫҚ АЛУ ЖОЛЫ

Донецк және Луганск қалаларында өз қарулы жасақтары мен сарбаз жинау мекемелері бар бейресми органдар жұмыс істеп жатыр. Осыны алға тартқан Ресей Шығыс Украинадағы орыстілді шетелдік сарбаздарға еш қатысымыз жоқ деп ақталады. Ресей парламенті жоғары палатасының маусымның 25-і күні Украинаға әскер кіргізуге рұқсат беру туралы шешімнің күшін жоюы Мәскеудің шегіне бастағанын аңғартады.

Мәскеу базарындағы еңбек мигранттары.

Мәскеу базарындағы еңбек мигранттары.

Дегенмен Ресейдегі уақытша жұмыс күшінің ауқымды бөлігін құрайтын Орталық Азия елінен келген қара жұмысшылардың соғысқа қатысу арқылы Мәскеуге барынша «жақындай түскісі келетіні» аңғарылады.

Ресей Мигранттар қорының биылғы сәуірде жариялаған мәліметтері бойынша, 100 мың мигрант «Ресей азаматтығын алу үшін әлемнің кез келген түкпірінде Мәскеудің мүддесін қорғауға әзірміз» деген.

Орталық Азиядан келген мигранттардың қаншасының әскери тәжірибесі бар екені белгісіз. Бұрынғы Совет Одағының көп елдері сияқты Өзбекстанда да міндетті әскери қызмет тәртібі сақталған. Орталық Азия аймағында Қазақстаннан кейінгі ірі, әрі тәжірибелі армия осы елде. Өзбек солдаттарының біразы совет-ауған соғысына, енді біразы Совет Одағы тараған кезде болған тәжік, шешен және Қарабақ соғыстарына қатысқан.

Дейзи Синделар мен Мерхат Шәріпжановтың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG