Accessibility links

Украинаға «шешен батальоны» неге барды?


Донецк қаласындағы облыстық әкімдікті басып алған «Восток» батальонының жауынгерлері ресейшіл белсендіні ұстап әкетіп барады. 29 мамыр 2014 жыл.

Донецк қаласындағы облыстық әкімдікті басып алған «Восток» батальонының жауынгерлері ресейшіл белсендіні ұстап әкетіп барады. 29 мамыр 2014 жыл.

Шешенстанда әйгілі болған «Восток» батальоны шығыс Украинадағы ұрысқа қатысып жатыр. Бұл батальонның мазасыз аймақта не істеп жүргені туралы түрлі жорамал бар.

Ресейдің әйгілі «Восток» батальонының соғыста шыңдалған сарбаздары шығыс Украинадағы ұрысқа араласып жатыр екен деген қаңқу сөз тарағалы біраз болған.

Мамырдың 29-ы күні өздерін «Восток» батальонының жауынгерлеріміз» деп таныстырған, мұздай қаруланған бір топ адам Донецкінің орталығындағы сепаратистердің бас штабына басып кіріп, осы ғимаратта наурыз айынан бері отырған ресейшіл жасақтарды қуып шықты.

Тапа-тал түсте болған бұл ашық шабуыл аймақтың болашағын одан сайын бұлыңғыр етіп жіберді. Ресейдегі әйгілі әскери құрылымының шығыс Украинадағы жағдайға араласуы «Бұл қақтығыста Мәскеу қандай рөл ойнап отыр?» деген сұрақты қайта туындатты.

Сонымен «Восток» батальоны деген қандай жасақ және ол шығыс Украинада не істеп жүр?

ТАРАТЫЛМАҒАН БАТАЛЬОН

«Восток» батальонын 1999 жылы Екінші шешен соғысы ушығып тұрған тұста шешендердің дала командирі Сулим Ямадаев құрған. Ол төрт бауырымен бірге Шешенстандағы исламшыл сепаратист бүлікшілерден бөлініп, өзіне жақтастардан жасақ ұйымдастырған.

«Восток» батальоны деген атпен құрылған бұл жасақ Шешенстанда орналасқан.

Ресей қорғаныс министрлігінің бас барлау басқармасына (ГРУ) бағынатын бұл батальонның басты міндеті жергілікті жасақтарға келіп қосылған араб жиһадшыларының көзін жою болған. 2008 жылғы Ресей-Грузия соғысы кезінде бұл батальон Оңтүстік Осетиядағы ресейшіл сепаратистерге көмектесу үшін Цхинвалиге жіберілген.
«Восток» батальонының сарбаздары Донецк қаласындағы облыстық әкімдіктен Украина туын алып шығып, жыртып жатыр. Донецк, 29 мамыр 2014 жыл.

«Восток» батальонының сарбаздары Донецк қаласындағы облыстық әкімдіктен Украина туын алып шығып, жыртып жатыр. Донецк, 29 мамыр 2014 жыл.

Соғыс аяқталған соң бұл жасақтың ресми түрде таратылғаны туралы ақпарат тараған. Сарапшылардың айтуынша, оны тарату туралы шешім қабылдауға саяси себептер түрткі болған. Соғыстан соң «Восток» батальоны мен Мәскеу тағайындаған шешен басшысы Рамзан Қадыровтың төңірегіне жиналған жасақтың («кадыровцы» аталып кеткен – ред.) арасында кикілжің туындай бастаған еді.

Сулим Ямадаев 2009 жылы Дубайда қастандықпен өлтірілді. Одан соң «Восток» батальонының да күні біткендей еді. Бірақ батальонның таратылмағаны анық болды.

"Бұл батальон таратылған емес. Шешенстандағы қорғаныс министрлігінің құрамында қайта құрылған" дейді ресейлік журналист, әрі Солтүстік Кавказ бойынша сарапшы Иван Сухов.

«БҰЗАҚЫ ЭЛЕМЕНТТЕРДЕН ҚҰТЫЛУ»

Ресейдің «шығыс Украинадағы қақтығыстарға еш қатысымыз жоқ» дегеніне қарамастан, «Восток» батальонының Донецкіден бір-ақ шығуы көп жұртты таңғалдыра қоймады.

"Солтүстік Кавказда ұлттық негізде біріккен, үлкен дайындықтан өткен жасақтар бар екенін жақсы білеміз. Олар ұрысқа әрдайым дайын болғанымен, ұзақ уақыт резервте тұрды. Батальон 2008 жылы Грузиядағы соғыста пайдаланылған, мұны білетіндер олардың мүмкіндіктерін жақсы түсінеді" дейді Иван Сухов.

Шығыс Украинада сес көрсетіп отырған бұл батальонды осыдан 15 жыл бұрын Ямадаев құрған әйгілі жасақтың дәл өзі деу қиын.
Марк Галеотти.

Марк Галеотти.

"Меніңше, жасақтың негізгі сарбаздары - алғашқы батальонның құрамында болған ардагерлер. Бірақ қазіргі топтың құрамында шешеннен басқа ұлт өкілдері де, бұрынғы соғыстарға қатыспағандар да бар екені анық" дейді Нью-Йорк университетінің профессоры, Ресейдегі қауіпсіздік мәселелері бойынша сарапшы Марк Галеотти.

«Восток» батальонының сарбаздары бүлікшілердің супермаркеттерді тонауын тоқтату үшін белсенді әрекетке көшкендерін мәлімдеді.

Сепаратистердің штабтарына жасалған шабуылдар Мәскеумен байланысы бар бүлікшілердің бұзақы элементтерден құтылып, шығыс Украинаны толық бақылауға алуға тырысатынын көрсеткендей.

Бүлікші топты Славянскідегі сепаратистер операцияларына жетекшілік етіп жүрген «Стрелков» деген лақап аты бар Игорь Гиркин мен өзін «Донецк халық республикасы» деп жариялаған құрылымның «премьер-министрі» Александр Бородай басқарады.

Киевтегі Украина үкіметінің мәліметіне қарағанда, Гиркин – Ресей әскери барлау қызметінің офицері. Ол соңғы кездері өз жасағының ішіндегі тәртіпсіздікпен күрес жүргізіп, жақында тонау әрекеттеріне қатысы бар екі сарбазын әскер қатарынан шығарып тастады.

Сарапшылардың айтуынша, Донецкідегі бұл шабуыл қалада орнығып алған бүлікшілердің "ұятын ояту үшін" жасалған.

«Восток» Батыс журналистерін босатылған ғимараттардан алып өтіп, есіктерді қиратып, бұған дейінгілерден қалған азық-түлік, темекі, арақ сияқты мүліктерді көрсетті.
«Восток» батальоны жауынгерлері өзара амандасып тұр. Украина, 25 мамыр 2014 жыл.

«Восток» батальоны жауынгерлері өзара амандасып тұр. Украина, 25 мамыр 2014 жыл.

Украинаның шығыс аймақтарындағы сепаратизмді ұзақ уақыт бойы астыртын қоздырып келген Ресей енді бұл анархияны ретке келтіруге мүдделі болып отыр деген болжамның жаны бар.

Галеоттидің айтуынша, «бұл батальон Ресей әскери барлау қызметінің бұйрығымен, не олардың «мақұлдауымен» құрылған».

"Меніңше, Мәскеудің айтқанымен жүретін топ келіп, енді тәртіп орнатпақ" дейді сарапшы.

Оның айтуынша, Ресей түрлі қарулы жасақтар арасындағы қақтығыстарды да жоюды жоспарлап отырған болуы мүмкін.

Астыртын партизандық соғыста көп тәжірибе жинаған «Восток» батальонының ұрысқа араласуы Украинадағы жағдайды бұдан бетер ушықтырып жіберетін сыңайлы.

"Бұлардың шығыс Украинаға келуі – үлкен даудың басы" дейді сарапшы Иван Сухов.

(Азаттық тілшісі Клэр Бигтің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG