Accessibility links

Тілші көрген Луганск пен Донецк


Луганскіге кірер жолдағы сепаратистердің тоқсауыл бекеті. 24 маусым 2014 жыл.

Луганскіге кірер жолдағы сепаратистердің тоқсауыл бекеті. 24 маусым 2014 жыл.

Азаттықтың арнайы тілшісі Андрей Бабицкий Украинаның Луганск және Донецк қалаларына барып қайтты.

Шығыс Украинадағы тәуелсіздік үшін күрестің символына айналған үш қала – Славянск, Луганск және Донецк. Бұл қалалардағы ахуалды үш түрлі сипаттауға болады.

Грозный көтерілген «тұғырға» Славянск те өрлеп келеді. Донецк – оқ-дәрінің исі мұрнына бармаған ерке қала. Луганск – осы екеуінің дәл ортасында тұр. Шетінде қанды қақтығыстар болғанымен, қаланың өзі әзірше дін аман.

СОҒЫС ТҮБІНДЕГІ ТІРШІЛІК

Луганскінің орталық көшесінен ұсақ қалтарыстарына бұрылмасаңыз, өмір әдеттегідей, жайбарақат өтіп жатқандай көрінеді. Мұнда соғыс табы байқалмайды, үй терезелеріне айқыш қағаздар жапсырылмаған, жұрттың жүзінен де соғыс үрейі білінбейді. «Қала қожайыны - біз» дегенді аңғартып жүрген әскерді де көрмейсіз.

Советский көшесінде жұрт бейқам, серуендеп жүр. Дәріханалар ашық. Жазылмалы орындықта отырған, әскери қызметке жарамды екені түрінен-ақ байқалып тұрған жас жігіт түрлі-түсті шарлар мен үрлемелі ойыншықтар сатып отыр. Мен осында тұратын Олямен кездестім, ол - қалаға келген журналистерге көмектесетін аудармашы. Француз және ағылшын тілін біледі.

22 жастағы бойжеткен қазір жұмыссыз. Өз басындағы көңілсіз жағдай оны қалаға төнген қауіптен көбірек мазалайтын тәрізді. Кафеге кіріп, кофе іштік, күндізгі сағат бірлер шамасында зеңбірек даусы естілді. Қала маңын ауыр артиллериямен атқылап жатқанға ұқсайды.

Талып жеткен дыбыстан қашықтықты жобаладым – 15-20 шақырым болса керек. Оля «Металлист ауылының маңы. Сол жақта - күнде атыс» деді. Кафедегі жұртқа бұл жағдай әсер етпейтін сияқты. Түрі бұзылған адамды байқамадым, бойын үрей билеп, тезірек есеп айырысып, кетуге асыққан жан тағы жоқ. Қала түбінде соғыс жүріп жатыр, бірақ әлі мұнда жеткен жоқ.

Оля «Адамдар күн сайын көшіп кетіп жатыр. Ендігі көшкендер саны тұрғындардың үштен біріне жеткен шығар. Нақты айту қиын, көшкен елдің статистикасы жоқ. Дүкендер бірінен соң бірі жабылып жатыр, ашық тұрғандары күндізгі 3-4-ке дейін ғана істейді. Кәсібі барлар бизнесін сатып жатыр» деді.

Бойжеткен саусақтарын сығымдап «Мен адасқан адам сияқты жүрмін. Олардың Степан Бандера деген қаһармандары бар. Бола берсін, маған зияны тиген жоқ. Енді Ляшко (Украина депутаты) бізді - қалада қалғандарды теріс ниетті украиндар деп ойлайды, есепке алғысы келмейді» деді.

«МЕН ҰЛЫМДЫ ОЙЛАЙМЫН»

Луганск облысы әкімдігінің ғимаратының алдындағы тас жолға фотографиялар мен гүл шоқтары қойылған. Шырақтар жанып тұр. Маусымның 2-сі күні бұл жерде бірнеше адам қаза тапқан. ДХР («Донецк халық республикасы») өкілдері «Украина ұшағы ғимарат пен маңайын атқылады» дейді. Бес шұңқыр санадым, маңайды түгел шолсам, одан көп болатын түрі бар. Иә, бұл шұңқырлар бомба түскеннен пайда болғанға ұқсайды.

Ғимарат ішінде «Қаруыңды өткіз!» деген тақта тұр. «Халықтық губернатор» Валерий Болотов «жасақ облыстық әкімдік ішінде автоматпен жүрмесін» деген бұйрық беріпті. «Тапаншаны өткізбей-ақ қояйыншы» деді асханаға бара жатқан біреу. Күзетші ойланбастан «Тапсырмай-ақ қой» деді.

Болотов жауынгерлердің бетін жауып жүруіне де тыйым салған, сондықтан бақылау-өткізу пунктінде тұрған адамдардың кешегі тракторшы, кенші, ары кеткенде таксист екенін аңғару қиын емес. Сөздерінен әскерилерге тән жинақылық пен сөздерінен сырбаздық байқалмайды. Баспасөз қызметінің өкілі маған оны жұмсақтап ескертіп, «Кейде майдан шебінен келген жігіттер көңілсіз болады. Оларға ренжімеңіз» деді.

Металлист ауылына келе жатырмыз. Екі ресейлік журналист қаза тапқан бақылау-өткізу пунктіне тақадық. Зеңбірек пен жарылыстар жақыннан естіле бастады. «Кім атып жатыр?» деймін. Өткізу пунктіндегі алтын тісі бар жауынгер «Біздің Александровкадағы позициямызды атқылап жатыр, ол осыдан сәл сол жаққа қарай жатыр» деді. Екі-үш километр жерден канонада дауысы шықты. Кенеттен танк құлағымыздың түбінен атып жіберді, бізге қарай құйын соғып, түтін исі бұрқ ете қалды.

«Мұнысы несі?» дедім абдырап. Алтын тісті жауынгер «Біздің танк оларды атып жатыр» деп күлді. Біздің абыржып кеткенімізді аңғарған ол мәз болды. Ұрыс алаңында тұрған батальон жетекшісі «Бізде бәрі бар. Келе берсін» деді. Біраздан соң «Келе алмайды!» деп мақтанып та қойды. Бірақ іле-шала «Алдымен біздің бекіністі авиация және артиллериямен қиратуға тырысады» деп түсіндірді.

Луганскіге оралдық. Жолда кітап дүкенін көрдім, ашық екен. Орындыққа жайғасқан әйел кітаптарды сұрыптап жатыр. Сөре алдында екі адам тұр. «Суретке түсіруге бола ма?» деп сұрадым. «Әрине!» деді ол менің сауалыма таңданып.

Орталыққа жақын бір көшеден соғыс зардабын аңғаруға болады. Мұндағы тұрғын үйлер қаңырап бос қалыпты. Аракідік өткен сирек жүргіншілер ғана тіршілік белгісі сияқты. Қала жарығын біртіндеп басып, уақыты келгенде өшіре салатын шам сияқты елестеп кетті.

Донецкіге қайттық. Биікте екі әскери ұшақ кешкі күн сәулесіне шағылысып, айқыш-ұйқыш ирек жасап жүр. Бұл өңірге әскери ұшақтар келмегелі көп болған еді, өкінішке орай, міне қайтып оралыпты.

Донецкінің 54 жастағы тұрғыны, такси жүргізушісі Таня қолымдағы георгий лентасын көріп (оларды Луганскідегі орындықтан шешіп алған едім) «Менде көп еді. 9 мамыр – Жеңіс күні таратты ғой. Бірақ ұлым бәрін лақтырып жіберді» деді біртүрлі мұңды дауыспен. «Неге?» деп шын таңданып сұрадым. «Украинаны жақтайды. Ал мен оның болашағын ойлаймын» деп жауап берді таксист әйел.

(Андрей Бабицкийдің күнделігін орыс тілінен аударған – Динара Әлімжан)

XS
SM
MD
LG