Accessibility links

Қақтығысқа Украина армиясы араласуы мүмкін бе?


Украина армиясына алынған азаматтар мен діни қызметкер. Киев, 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Украина армиясына алынған азаматтар мен діни қызметкер. Киев, 16 қараша 2013 жыл. (Көрнекі сурет)

Үкімет қақтығыстарға армияның араласуын талап ете бастады. Әскерилер позициясы әзірге белгісіз. Азаттық тілшісі осы төңіректегі бірнеше сұраққа жауап іздеп көрді.

Қорғаныс министрлігі сәрсенбіде (ақпанның 19-ы күні) қарулы күштердің «жалпыұлттық терроризмге қарсы операцияға» қатысуы мүмкін екенін хабарлады.

ӘСКЕРДІҢ РӨЛІ ҚАНДАЙ?

Осы уақытқа дейін Украина қарулы күштері елдегі қақтығыстарға араласқан жоқ. Оларды үкімет те саясаттан тыс ұстап келді.

Украина президенті Виктор Янукович пен қорғаныс министрі Павел Лебедев. Киев, 14 ақпан 2014 жыл.

Украина президенті Виктор Янукович пен қорғаныс министрі Павел Лебедев. Киев, 14 ақпан 2014 жыл.

​Жуырда ғана (қаңтардың 26-сы күні) қорғаныс министрі Павел Лебедев әскердің «бейтарап күш» екенін және «саяси мәселелерге араласпайтынын» қайталап айтты.

Бірақ қазіргі жағдай бір апта бұрынғыдан мүлдем бөлек.

Ақпанның 19-ы күні үкімет «терроризмге қарсы» операция бастайтынын мәлімдеп, қақтығыстарға әскерді араластыру жайын ашық айта бастады.

Бұл операцияны Украинаның қауіпсіздік қызметі (СБУ) басқармақ. Бірақ СБУ жоспарларына армияның қатысатын-қатыспайтыны әлі анық емес.

БАС ҚОЛБАСШЫ НЕГЕ АУЫСТЫ?

Президент Виктор Янукович сәрсенбіде (ақпанның 19-ы күні) Украина қарулы күштерінің бас қолбасшысы Владимир Замананы отставкаға жіберді. Оның орнына әскери–теңіз күштерінің қолбасшысы Юрий Ильинді тағайындады.

Бас қолбасшыны отставкаға жіберудің себептеріне қандай да бір түсініктеме берілген жоқ.

Белгілі болған жайт – Янукович Украинада төтенше жағдай енгізу туралы ұсыныс жасағанда, Замана қарсы болған.

ӘСКЕРДІҢ ҮКІМЕТКЕ БАҒЫНБАУЫ МҮМКІН БЕ?

Әскер жайын жақсы білетін шолушылар сарбаздардың Киевтегі дағдарысқа қатысты Украина қоғамымен бір пікірде екенін айтады.

Қарулы күштердің бұрынғы бас қолбасшысы, генерал-полковник Анатолий Лопата бейсенбіде (ақпанның 20-сы күні) Азаттықтың Украин қызметіне:

Генерал-полковник Анатолий Лопата.

Генерал-полковник Анатолий Лопата.

"Полицияның кебін енді әскер кигелі тұр. Бірақ қылмыс жасауға бұйрықтар берілсе, мәселен әскерге өз халқына, аналарына, әпкелеріне, туыстарына қол көтеруге бұйрық берілсе, оған сарбаздардың бағынбайтынына күмәнім жоқ" деді.

Мұның себебі әскерге Украинаның қарапайым азаматтары шақырылған. Ресми мәліметтер бойынша, жер-жерден әскер қатарына алынған қарапайым тұрғындардың үлесі 60 пайыздай. Әскерге тұрғындардың соңғы легі өткен күзде алынған. Үкімет жоспары бойынша, адамдар армияға бұдан соң тек кәсіби негізде ғана шақырылмақ.

АРМИЯ ЖІККЕ БӨЛІНУІ МҮМКІН БЕ?

Бұндай қауіп бар. Себебі украиналық сарбаздар әскери борыштарын әдетте өз үйлеріне жақын аумақта өтейді. Мәскеуде жұмыс істейтін Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти:

"Бұрын билік әскерге алынғандарды үйлерінен қашық бөлімдерге жіберетін. Алайда соңғы уақытта үкімет бұлай етуді қойды. Себебі әскерді елдің қарапайым тұрғындарынан жасақтауды тоқтатпақ" дейді.

Галеоттидің айтуынша, Украина әскерінде жерге, аймаққа бөлінуге қарсы шаралар жақсы атқарылады. Себебі әскер - жалпыұлттық институт.

Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти

Нью-Йорк университетінің профессоры Марк Галеотти

"Жершілдікті жеңу үшін әскерде «ауысып жататын үкіметтерге емес, мемлекетке қызмет етудің жоғары мәдениеті» қалыптастырылған. Дәл осы иммунитет әскерді 1991 жылдан бері Украинада болып жатқан саяси қақтығыстарға араласудан сақтап келеді" дейді Галеотти.

Осы жағдайды ескере отырып, келесі сұрақты «Әскер үкіметтің бұйрықтарын орындай ма?» деп қойған дұрыс.

Профессор Галеотти үкімет бұйрықтарын орындау-орындамау туралы шешім «жергілікті әскери басшылар мен штаб бастықтарының позициясына байланысты болады» дейді. Ал әскерилердің позициясын болжау қиын.

ҚАҚТЫҒЫС АЗАМАТ СОҒЫСЫНА ҰЛАСА МА?

Бұл – бәрінен де қиын сұрақ. Бірақ қауіп күшейіп келеді. Себебі шерушілер мен полиция қақтығысы ушыққан соң кейбір азаматтар қаруланып алған.

Мәселен, ақпанның 19-ына ауған түні Украинаның батысындағы Львов қаласында шерушілер әскери қару-жарақ қоймасына шабуыл жасады.

Шерушілер қиратқан полиция ғимараты. Львов қаласы, 19 ақпан 2014 жыл.

Шерушілер қиратқан полиция ғимараты. Львов қаласы, 19 ақпан 2014 жыл.

Львов қаласы елдің батысында жатыр. Батыс аймақтардың тұрғындарының көпшілігі Еуропа Одағымен тығыз экономикалық және саяси байланыстар орнағанын қалайды. Ал шығыс аймақтағы жұрттың дені Януковичті қолдайды және орыс тілінде сөйлейді. Шығыс аймақтарды «ресейшіл» деп те сипаттауға болады.

Егер үкімет ел ішіндегі саяси қақтығысқа әскерді араластырса, Киевтегі қарсы тараптардың өзара өшпенділігі тек күшейе түседі.

(Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG