Accessibility links

Украин олигархы екі оттың ортасында қалды


Украиналық миллиардер Ринат Ахметов.
Украиналық миллиардер Ринат Ахметов.

Украинаның ең дәулетті азаматы Ринат Ахметов шулы Донецкіде сепаратистерді бітімге шақырды. Алайда оның басқа амалы жоқ дейді сарапшылар.

Құпиялықтың қадірін олигарх болғанда білерсіз. Бірақ кейде орынды жариялық артықтық етпейді. Аймақтық үкімет үйін басып алған ресейшіл сепаратистермен шекісіп қалған Ринат Ахметов те дауысының таспаға жазылып жатқанына күмәнданбаған. Ол – Донецкіде туып өскен Украинаның ең дәулетті азаматы.

Сәуірдің 7-сі күні жазылған таспадағы дауыс Ахметовтікіне ұқсайды. «Эмоцияларға бой алдырмаңыздар!» дейді ол. «Сіздердің қынжылыстарыңызды түсінемін. Донбасс үшін жүрегі ауырғанның бәрі – менің бауырым. Неге дейсіздер ғой? Себебі бұл – менің мекенім. Мен осында тұрамын. Дәл сіздер сияқты мен де осы жердің ауасымен тыныстаймын». Кейінірек бұл таспа украиналық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртқа тараған.

Ол бірде үркіте, бірде жұмсақ сөйлеген, бірақ бастан-аяқ дөрекі сөз қолданған. Таспадағы дауыс сепаратистерді позицияларын жұмсартуға шақырады.
Донецк облыстық әкімшілігі алдында айыр ұстап тұрған ресейшіл белсенді. 11 сәуір 2014 жыл.
Донецк облыстық әкімшілігі алдында айыр ұстап тұрған ресейшіл белсенді. 11 сәуір 2014 жыл.
«Киевтегі билікпен келіссөздер жүргізейік. Жағдайды өзгерту үшін сөйлесуіміз керек» дейді ол.

Содан бері төрт күн өтті, ал сепаратистер үкімет үйін әлі де босатпаған. Шиеленістің шешілер түрі жоқ. Бірақ Украинаның ең ресейшіл аймағының қожасы діттеген жеріне жеткен сияқты. Жағдайдың қалай шешілетіні – бөлек әңгіме, бастысы – 47 жастағы Ахметов таспаға бейбітшілік пен ұлттық бірліктің қолдаушысы болып жазылып қалды. Ахметов сол күнгі әрекеті үшін сәуірдің 11-інде жарылқанды. Арсений Яценюк дағдарысты басу үшін Донецкіге келгенде, олигарх батысшыл премьердің жанынан табылды.

«Мен үшін Донбасс – Украинаның жері» деді Ахметов Яценюкке. «Донбасс пен Украина мәңгілік менің жүрегімде» деді ол тағы.

«ХАЛЫҚ ЖАУЫ»

Ринат Ахметов – 1990 жылдары дәулеті еселей өскен мультимиллардер, әрі «Аймақтар париясының» («Партия регионов») қолдаушысы. Ол өзінің жағдайы үшін Виктор Януковичке қарыздар, соңғы уақытқа дейін оған адал болып келді. Алайда соңғы бірнеше аптада Ахметов үшін көп нәрсе өзгерген сияқты. Ол пайдаға Янукович президент болған кезде кенелген. Және де Украинаның демократиялық дамуына қосқан айтарлықтай үлесі жоқ. Еуромайдан шерушілері көзін құртпақ болған олигархтардың бірі – дәл осы Ахметов.

Сондықтан болар, назар Киев пен Қырымнан ел шығысындағы қарулы жанжалға ауғанда, Ахметовтің кенеттен өзгеріп шыға келуі ешкімді иландыра қойған жоқ. Тіпті кейбіреулер сепаратистік әрекеттерді ұйымдастырған Ахметовтің өзі дейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында осы оқиғаға дейін бірер күн бұрын ол президент Путинмен кездесті деген сыбыс тараған. Алайда Ахметов бұны жоққа шығарып отыр.
Ринат Ахметов туған қаласында ағаш отырғызып жатыр. Донецк, 6 сәуір 2009 жыл.
Ринат Ахметов туған қаласында ағаш отырғызып жатыр. Донецк, 6 сәуір 2009 жыл.
Тағы біреулер, мысалы, Киевтегі президент әкімшілігі «бүлікті тұтатып отырған – Украинаның биліктен қуылған бұрынғы басшысы» деген пікірде. Ал Кремль бұған қашықтан ықпал жасап отыр дейді олар.

«Новости Донбасса» онлайн-жаңалықтар сайтының редакторы Алексей Мацука: «Осының бәрін ұйымдастырған Ахметов болып көрінуі мүмкін. Алайда оның біртұтас Украинаны қолдаған сөзінен кейін, оған қарсы наразылық күшейді. Осыған қарап, нағыз тапсырысшының Янукович екенін білуге болады» дейді. Мацука жікшіл шерушілердің Ахметовті «халық жауы» деп келемеждегенін айтып отыр. Бұған қоса, олар олигархтың «Шахтер – Донецк» футбол клубының жалауларын жағып жіберген.

Мацуканың сөзінше, бұл – бұрынғы одақтастар арасындағы шайқас. «Ахметов бір ай бұрын Украинаның біртұтастығы жайлы алғаш рет айтқанда, бұл – Януковичтің шамына тиіп кетті» дейді ол. «Енді аймақты кім басқарады деген сұрақ туындайды. Шеттегі Янукович пе? Әлде ел ішіндегі Ахметов пе? Қазір Ахметов сепаратистерді өз жағына шығару үшін дипломатиялық қимылға көшіп жатыр» дейді Мацука.

АЛМА-КЕЗЕК СӘТТІЛІК

Шахтерлердің баласы әдетте миллиардер болмайды. Дегенмен жұмысшы татар отбасында туған Ахметов аймақтың орасан әлеуетін қаперіне түйген. Оның System Capital Management деп аталатын Донецкідегі компаниясы металл, тау-кен өнеркәсібіндегі, банк, телекоммуникация, БАҚ және жылжымайтын мүлік салаларындағы 100 кәсіпорынның басын біріктіреді.

Ахметовтың «Украина» деп аталатын жекеменшік телеарнасы бар. Бұған қоса, олигарх құны 400 миллион долларлық «Донбасс Арена» футбол стадионын салғызған. Ол – Шығыс Еуропадағы UEFA стандарттарына сай тұңғыш стадион.
Ринат Ахметов (оң жақта) пен Украина президенті Виктор Янукович стадионда. Донецк, 3 қараша 2010 жыл.
Ринат Ахметов (оң жақта) пен Украина президенті Виктор Янукович стадионда. Донецк, 3 қараша 2010 жыл.
Тіпті Лондондағы ең қымбат жылжымайтын мүліктің өзі Ахметовке тиесілі. «One Hyde Park» тұрғын үй кешенінде оның люкс-класты пәтері бар.

Украин олигархының қол астында 300 мың адам жұмыс істейді. Ахметов оларды кез келген идеяға, не кандидатқа қарсы саяси күш ретінде қолдана алатынын ашықтан-ашық жариялаған.

Алайда пост-советтік олигархтардың тағдыры әп сәтте-ақ өзгеріп кетуі мүмкін. Ресейлік Михаил Ходорковский мен Борис Березовскийлер – соның бір мысалы. 1990 жылдардан бері мемлекеттік тендерлер мен жекешелендірудің қомақты бөлігіне ие болғанда, Ахметов Януковичке жақындығын пайдаланып келген. Тіпті Еуромайдан күш жинаған тұста да, Ахметов қаңтардағы тендерлердің 31 пайызын ұтып алған.

БИЛІК ӨЗГЕРГЕН СОҢ

Енді Янукович биліктен қуылып, Киевтегі жаңа билік коррупцияны түбірімен құртпақ болып отырғанда, Ахметовтің дәулетін сақтап қалғысы келетіні сөзсіз. Бұған қоса, кәсіпкерлік беделін де кірлетпеуі керек. «System Capital Management» және оның еншілес екі компаниясы – «Метинвест» және «ДТЭК» 2011 жылы Украинаның ең ашық компаниялары деп танылған.

Металл бағасының арзандауы мен Еуромайдан шерулерінің әсерінен Ахметовтің активтері 15,4 миллиардтан 11,4 миллиардқа азайып кеткен. Украинаның бұқаралық ақпарат құралдары жариялағандай, Янукович те кек алуға көшкен. Экс-президенттің ұлы Александр «Метинвест» компаниясына қатысты істе Ахметовтен 1 миллиард гривна шамасында (75,5 млн доллар) өтемақы өндіріп алғысы келеді.

Қазір Ахметов жаңа саяси альянстар құруы мүмкін. Себебі «Аймақтар партиясы» («Партия регионов») қысылтаяң жағдайға кез болды. Осы партиядан ұсынылған президенттікке үміткер – Харьков қаласының бұрынғы мэрі Михаил Добкинге қылмыстық айыптар тағылған. Олигархтың ендігі одақтасы мамырдың 25-і сайлауға түсетін Петр Порошенко, не Юлия Тимошенко болуы мүмкін.

Сарапшылардың айтуынша, Ахметов елдің шығысындағы дауыстарды қаражатын, ықпалын, ең бастысы – аймақтық автономиясын сақтап қалу үшін саудаламақ.

Донецк қаласындағы саяси сарапшы Александр Клюжев былай дейді:

«Қазір саудаға түсіп отырған тек қана сайлау емес. Мәселе үкіметті децентрализациялауға да қатысты. Сонда Ахметов шығыстағы, әсіресе, Донецк облысындағы плацдармын сақтап қалады». Бұған қоса, Клюжев «Украинаны федералазациялау мәселесін көтеріп отырған сепаратистер де емес, олигархтар болып шығуы әбден мүмкін» деп санайды.

«Федерализация – Украинаның шығысындағы және оңтүстігіндегі олигархияларды сақтап қалудың бірден бір жолы. Олардың ішінде, әлбетте, Ринат Ахметов те бар» дейді ол.

ВИДЕО: Жерлестері Ринат Ахметовтен кімнің жағында екенін сұрады:
Миллиардер Ринат Ахметовке сауал
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:00 0:00


ЕКІЖАҚТЫ ОЙЫН БА?

Донбасқа деген сезімдеріне қарамастан, Ахметов шетелден де кетары емес. 2005 жылы сол кездегі премьер Юлия Тимошенконың бұйрығымен Ахметовке қаржылық қылмыстары үшін іс қозғалғанда, ол оп-оңай Монакоға қашып кеткен. Алайда қазір дүние тарыла түскендей. Оның серіктесі Дмитрий Фирташ Америка Құрама
"Росукрэнерго" компаниясының акционері, украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташ, Киев, 16 қаңтар 2009 жыл.
"Росукрэнерго" компаниясының акционері, украиналық кәсіпкер Дмитрий Фирташ, Киев, 16 қаңтар 2009 жыл.
Штаттарының ойда жоқта таққан айыптары бойынша өткен айда Австрияда тұтқындалды.

Ахметов Януковичтің қалқанын тасалап заңның қудалауынан талай аман қалған. Оған бірқатар криминалдық және қаржылық қылмыстар бойынша айып тағылған. Енді қорғаушысыз Ахметовтің жағдайы әлдеқайда нашар болуы мүмкін.

Канаданың Украинаны зерттеу институтының қызметкері Тарас Кузьо: «Ахметов қазір Еуропа Одағы елдеріне бара алмайды. Себебі онда оны америкалықтар, не басқа біреулер құпия қылмыстары үшін тұтқындауы мүмкін. Ол тіпті не боларын да білмейді. Осы белгісіздік оны сақ болуға және Донецкіден аттап шықпауға мәжбүр етіп отыр. Ахметов екі жақпен де ауызжаласуға мәжбүр. Оның тіпті Путинмен және Киевпен келіссөздерді қатар жүргізгеніне күмәнім жоқ» дейді.

Киев қауіпсіздігіне кепіл берсе, Ахметов бітімгердің рөліне де риза болады. Алайда Кузьоның айтуынша, «Украинаның №1 олигархына бұдан да жақсы ұсыныс түссе, ол Донецкіні Ресейге итере салудан тайынбайды».

«Ахметов сынды адамдардың Украина патриоттары екеніне сену – қателік. Олар – өз-өздерінің ғана патриоттары» дейді Кузьо.

(Дейзи Синделардың мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан)

ФОТОГАЛЕРЕЯ: Ринат Ахметовтың достары мен қастары
XS
SM
MD
LG