Accessibility links

Меркельдің Киевке сапары жанжалды басуға деген үмітті оятты


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Германия канцлері Ангела Меркель (ортада) және Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта). Нормандия, Франция, 6 маусым 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта), Германия канцлері Ангела Меркель (ортада) және Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта). Нормандия, Франция, 6 маусым 2014 жыл.

23 тамыз күні Германия канцлері Ангела Меркель Киевке барды. Ресейдің ымыраға келе қоярына сенім аз болса да, осы жолы Украина дағдарысының түйіні шешіле ме деген үміт бар.

Украинадағы жанжалға қатысты сәуегейлік айту қиын. Бірақ, осы демалыс күндері Германия канцлері Ангела Меркельдің Киевке сапары барысында Украина мен Ресей арасындағы текетірестің түйіні шешіліп, Донбастағы қақтығысты тоқтатуға қадам жасала ма деген үмітке бес түрлі себеп бар.

ГЕРМАНИЯ

Сәуір айында Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистер мен украин армиясы арасында қақтығыс басталғалы мұнда Батыстың көптеген саясаткерлері арнайы келіп, дауды шешуге талпыныс жасаған. Олардың арасында Канада премьері Стивен Харпер, АҚШ вице-президенті Джозеф Байден, НАТО Бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен бар. Бірақ олардың ешқайсысының саяси салмағы жағынан Ангела Меркельден аспайды.

Еуропадағы экономикасы ең ірі елді басқарып отырған, Еуроодақтың сыртқы саяси бағдарын анықтауда шешуші рөл атқаратын Германия үкіметінің басшысы Меркель – коммунистік Шығыс Германияда туып, жастайынан орысша тіл сындырған, соның арқасында Ресей президенті Владимир Путинмен емен-жарқын әңгімелесе алатын бірден-бір тұлға.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель футболдан әлем чемпионаты финалындағы Германия-Аргентина ойыны кезінде сөйлесіп отыр. Рио-де-Жайнеро, 13 шілде 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Германия канцлері Ангела Меркель футболдан әлем чемпионаты финалындағы Германия-Аргентина ойыны кезінде сөйлесіп отыр. Рио-де-Жайнеро, 13 шілде 2014 жыл.

Германия басшысы Украинаға келмей жатып екі жаққа тең қарайтын компромистік ниетін анық байқатты. 18 тамыз күні Ригада сөйлеген сөзінде ол Шығыс пен Батыстың мүдделері арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтауға тырысатынын мәлімдеді. Ресей Балтық елдеріне не Польшаға шабуыл жасаған жағдайда НАТО бұған міндетті түрде жауап қатады деген ол бұл аймаққа НАТО әскері келмейтінін де шегелеп айтты. Кейбір ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, ол Киевке тараптардың барлығы үшін тиімді болатындай компромистік жоспар дайындап келгенге ұқсайды.

Independent басылымының жазуынша, ол жоспарға сәйкес Қырым ресми түрде Ресейдің қоластына өтеді, ал Мәскеу осыған жауап ретінде Донбастағы сепаратистерді қолдауын тоқтатады. Ұзақ мерзімді газ келісімі Украинаның Қырымда ала алмаған табысын ескере отырып жасалады. Бұған қоса жаңа келісімде Мәскеу Киевтің Еуроодақпен интеграциясына кедергі келтірмеуге, ал Украина НАТО-ның құрамына кірмеуге уәде береді-мыс. Бұл ақпараттың қаншалық рас-өтірік екендігі беймәлім.

ТАРИХИ КҮНДЕР

Меркельдің сапары екі бірдей тарихи датамен тұспа-тұс келіп отыр. 23 тамыз күні нацистік Германия мен СССР арасындағы шабуыл жасамау туралы Молотов-Риббентроп келісіміне қол қойылғанына 75 жыл толды. Осы келісімнің арқасында СССР өзінің ықпал ету аймағын анықтап, Балтық елдерін, Румыния, Польша және Финляндияның бір бөлігін күшпен басып алғаны белгілі.

Мұның ертесінде Украина Совет одағынан тәуелсіздік алуының 23 жылдығын атап өтеді. Жыл сайын осы мерекеде әскери шеру өткізетін Украина үкіметі бұл айтулы күнге биыл ерекше мән беретіні түсінікті.

Кездесу күнінің тарихи даталармен тоқайласуы тек кездейсоқтық болса керек. Тарих сабақтары бүгінгі саясаткерлерді ымыраға келтіре қоймасы анық. Дегенмен, егер Кремль Украинада тағы шегініс жасап жатса, онда бұл тарихпен үндесетіні де рас.

ПОРОШЕНКО МЕН ПУТИН КЕЗДЕСУІ

Соңғы рет екі ел президенттері маусым айында, екінші дүниежүзілік соғыс кезінде одақтастар әскерінің Нормандияға түсуінің 70 жылдығын еске алу шарасында кездескен еді. Меркельдің араағайындығымен екі президент аз-кем тіл қатысқан. Одан ешқандай нәтиже болмады. Енді олар 26 тамыз күні Минскіде қайта бас қоспақ.

Нормандиядағы мерекелік шара кезінде Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің жанынан өтіп барады. Франция, 6 маусым 2014 жыл.

Нормандиядағы мерекелік шара кезінде Украина президенті Петр Порошенко (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путиннің жанынан өтіп барады. Франция, 6 маусым 2014 жыл.

Бұл жүздесуге Еуроодақ тарапынан ұйымның сыртқы саясат мекемесінің басшысы Кэтрин Эштон мен Путиннің аймақтағы басты одақтастары – Беларусь президенті Александр Лукашенко және Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатыспақ.

Барлық тараптардың ресми өкілдері энергетика, гуманитарлық көмек, саяси мәселелер сияқты түрлі тақырыптарды ұсынып отыр. Бірақ, Порошенко мен Путиннің бетпе-бет кездесететініне әлі де сенім жоқ. Дегенмен, украин жағы «біраз дипломатиялық ілгерілеушілік болғанын» атап өтті. Украина президентінің көмекшісі Валерий Чалыйдың айтуынша, «бұл соғыстан гөрі бейбітшілік тақырыбын сөз етуге мүмкіндік береді».

ӘСКЕРДІҢ АРЫНЫ БАСЫЛҒАН

Украина басшылығының көңілі көтеріңкі болса, онда бұл – дипломатиядан гөрі майдан даласындағы жетістіктерінің арқасы. Қару-жарағы осал, дайындығы нашар украин армиясы сәуір, мамыр айларында ойсырай жеңілген.

Ресейден қару-жарақ пен әскери көмек алып отыр делінген мәскеушіл сепаратистер Донбастың біраз жерін жаулап алып, Приднестровье және Абхазия сияқты жікшіл аймақтарда тәжірибе жинаған ресейліктер басқарған де-факто үкіметін құрып үлгерді. Аймақтың ең ірі екі қаласы – Луганск мен Донецк сепаратистердің бақылауына көшті. Сепаратистер жергілікті халықты ұрлап әкетіп, өлтіру әдістерін қолдана бастады, украиндардың әскери ұшақтарын атып түсірді.

Украинаның шығысына құлаған малайзиялық жолаушылар ұшағының бөлшегі жанында тұрған ресейшіл сепаратистер. Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.

Украинаның шығысына құлаған малайзиялық жолаушылар ұшағының бөлшегі жанында тұрған ресейшіл сепаратистер. Донецк облысы, 18 шілде 2014 жыл.

Олардың қолында алыс қашықтықтағы нысананы көздей алатын зымырандар болды, соның көмегімен сепаратистер Malaysian Airlines әуе компаниясының жолаушылар ұшағын атып түсірді деген күдік бар. Осы оқиғадан соң халықаралық қауымдастық бүлікшілерге көмектесіп отыр деген Ресей басшылығына қысымды күшейте түсті.

Соңғы апталарда Украина армиясы біраз стратегиялық жетістікке жетті. Сепаратистердің арасынан дәліз салып өткен олар Луганск мен Донецкіні құрсауға алды, қазір қалаларды толық азат етуге дайындалып жатыр.

Шынтуайтына келсек, соғыс бірден тоқтай қоймайды. Майдан даласынан түрлі қарама-қайшы ақпарат түсіп жатыр. Репортаждарға сенсек, Ресей танкілері кері кетудің орнына Украина аумағына дендеп еніп барады. Ең қиыны, бұл соғыс өте көп адамның өмірін жалмады. Соңғы мәліметтер бойынша, бейбіт тұрғындар мен әскерилер арасында 2080 адам опат болған. Тіпті сепаратистік күштер қаруларын тастай қашқан күннің өзінде Киевке қираған, күлге айналған қалаларды қалпына келтіруге тура келеді.

РЕСЕЙДІҢ ЕМЕУРІНІ

Басында Мәскеу Украинамен текетірестен ұтып жатқандай көрінген. Әсіресе Қырым түбегіне оп-оңай ие бола қалған Ресей әрі қарай да осылай жалғаса береді үміттенсе керек.

Алайда, соғыс елдің шымбайына бата бастады. Малайзиялық жолаушылар ұшағының құлауына айыпты болғаны өз алдына, Кремль қаржылық санкциялардан зардап шеге бастады. Санкциялар Кремль айналасындағы байлардың аяқ-қолын тұсап тастаса, Путиннің шетелдік азық-түлікті алмау туралы бастамасы ресейліктердің өздеріне соққы болып тиді.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев депутаттармен кездесуде отыр. Ялта, Қырым, 14 тамыз 2014 жыл.

Ресей президенті Владимир Путин (оң жақта) мен премьер-министр Дмитрий Медведев депутаттармен кездесуде отыр. Ялта, Қырым, 14 тамыз 2014 жыл.

Азық-түлік күрт қымбаттап, елдің ауылшаруалышық саласының мешел күйде екені аян болды. Ресей президенті ішкі наразылықтың өршуінен қорқады, сондықтан қазірдің өзінде Украина мәселесі бойынша шегініс жасауға емеурін білдіріп отырған сыңайлы. Мұны Донбасты басқаруға жіберген мәскеулік адамдарын кері шақырып, олардың орнына жергілікті украиндықтарды қойғанынан байқауға болады.

Өткен аптада Қырымда сөз сөйлеген Путин Ресейдің бұл аймаққа деген тарихи құқығын баса айтқанымен, елдің империалистік ниеті бұдан әріге бармайды дегендей ишара жасады. Қазір Мәскеу шегіне қояды деп үміттену ертерек. Бірақ Ресей Украинадан айырылып қалса да, Қырымға деген құқығын заңдық тұрғыдан бекітіп алса, Путин үшін мұның өзі үлкен жеңіс болар еді.

Дейзи Синделардың материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG