Accessibility links

Порошенкоға сын болатын жергілікті сайлау


«Укроп» партиясының сайлау баннері жанында тұрған адамдар. Киев, 23 қазан 2015 жыл.
«Укроп» партиясының сайлау баннері жанында тұрған адамдар. Киев, 23 қазан 2015 жыл.

Украинада бүгінгі жергілікті сайлау президент Петр Порошенконың соғысты аяқтап, экономиканы қалпына келтіру жолындағы іс-әрекетінің қаншалықты табысты екенін айқындамақ.

Қазанның 25-і күні украиналықтар дауыс беретін жергілікті сайлау нәтижесі батысшыл президент Петр Порошенконың ауыр экономикалық дағдарыс пен елдің шығысындағы соғыс кезінде халық арасында қаншалықты қолдауға ие екенін көрсетеді.

Бұл күні Украинада сайлаушылар мэрлер және қалалық кеңес өкілдеріне ұсынылған кандидаттар арасынан осы қызметтерге лайықтыларын таңдайды. Бірақ мәскеушіл сепаратистер басқарып отырған шығыстағы аймақтар мен Ресей аннексиялап алған Қырымда сайлау өтпейді.

БИЛІК ВАКУУМІ

Бұл сайлау Украинаның шығысында 18 ай бойы жалғасқан соғысқа наразылық күшейген кезде өтіп отыр. Киев алдыңғы шепке 80 мың сарбаз жібергенімен бүлікшілерді жеңуге шамасы жетпеді. Батыс пен Киев сепаратистерге көп көмек беріп жатыр деп Мәскеуді айыптайды. Ресей билігі оны мойындамайды.

Ал үкімет соғыс салдарынан күйзеліске ұшыраған ел экономикасын көтере алмады, маңызды өндірістік аудандардың сепаратистер қолында болғаны да бұған теріс әсер етті. Солайша Украина батыстың және халықаралық ұйымдардың қаржылық көмегіне қатты тәуелді елге айналып отыр.

Халық наразылығы нәтижесінде жаңадан көптеген шағын партиялар құрылды, олар жергілікті кеңестен орын алу үшін таласпақ. Сайлауға 130-дан аса партия қатысады. Деректер жүгінсек, бұл жолғы саяси науқанда сайлаушылардың қызығушылығы артып отыр.

«Биліктің вакуумде отырғаны аңғарылады, - дейді Киевтегі украин-америкалық саясаттанушы Иван Лозовой. - Петр Порошенконың партиясының ел ішінде құрылымы жоқ. Сондықтан көптеген шағын топтар жергілікті биліктен орын алып, өз партияларын күшейтуге ұмтылып отыр».

Украина президенті Петр Порошенко әскерилер алдында сөйлеп тұр. Харьков облысы, 22 тамыз 2015 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко әскерилер алдында сөйлеп тұр. Харьков облысы, 22 тамыз 2015 жыл.

Болжамдар бойынша, мэрлер мен жергілікті депутаттар саны бойынша ең көп орынды Порошенконың «Солидарность» партиясы алуы ықтимал. Бірақ президентті қолдайтындар қатары бұрынғы деңгейінен 26 пайызға дейін төмендеген. 2014 жылы ел президенті болып сайланарда оны жақтаушылар бұдан екі есе көп еді. Премьер-министр Арсений Яценюктің де қолдаушылары азайған, бұл жолғы сайлауда ол тіпті өз партиясынан үміткер ұсынған жоқ.

Бұндай жағдайдан биліктен қуылған экс-президент Виктор Януковичтің «Аймақтар партиясының» бұрынғы мүшелерінен құралған «Оппозициялық блок» партиясы ұтуы мүмкін. 2014 жылдың ақпан айында Еуромайдан шеруі нәтижесінде биліктен кетуге мәжбүр болған мәскеушіл президент Янукович елден қашып кеткен еді. Дегенмен де, шығыс Украинаның көптеген облыстарында «Аймақтар партиясының» бұрынғы мүшелері әлі де бар.

«Украинаның шығысындағы адам көп тұратын орталық аудандарға мән беру керек. Олар «Аймақтар партиясының» қайта оралғанын көрсетуі мүмкін. Олар басқа партия атынан өз үміткерлерін ұсынды» дейді Лозовой.

Оның жорамалы бойынша, бұндай партиялар табысқа жетуі мүмкін, себебі шығыстағы сайлаушылар жергілікті олигархқа дауыс беру тәжірибесін ұстанады, ал азаматтық қоғам оған балама ұсына алмады.

Ұлттық парламенттен қазір 10 пайыз орын иеленіп отырған «Оппозициялық блок» Порошенконың Украинаны НАТО-ға кіргізуіне қарсы, олар ұйымға қосылмау саясатын қолдайды. Бұл партия шығыстағы соғысты Ресеймен келіссөз жасап аяқтауды, Украинаның шекарасын 1991 жылғы үлгіге сай қалпына келтіруді ұсынады.

САЯСИ БӘСЕКЕ

Сайлау Юлия Тимошенконың «Батьковщина» партиясы үшін де сын болмақ.

«Батьковщина» партиясы жетекшісі Юлия Тимошенко. Киев, 2 қазан 2015 жыл.
«Батьковщина» партиясы жетекшісі Юлия Тимошенко. Киев, 2 қазан 2015 жыл.

«Келісімшарт негізіндегі армия құруға және әділетті тарифтер енгізуге» шақыратын партия өз ықпалын барлық жерде күшейтуді қалайды.

Андрей Садовыйдың «Самопомощь» партиясы да көңіл қоюға тұрарлық. Былтырғы парламенттік сайлау кезінде батыс Украинаның белгісіз партиясы кенеттен үшінші орын алды. Садовыйдың өзі үшінші мәрте Львов мэрі болу үшін сайлауға түспек. Кейбіреулер ол қаланы басқарғаннан гөрі мемлекеттік саясатпен айналысуға көбірек көңіл бөледі деп санайды.

Ал Одессадағы реформаны қолдаушылар қаланың қазіргі мэрі Геннадий Трухановты ауыстыруға тырысып жатыр, себебі оны Украинаның олигархтардан құралған зиялы қауымына төнген қауіп деп қабылдайды. Одесса облысы губернаторы Михаил Саакашвилидің көмекшісі – Саша Боровик Порошенко тобы атынан мэр сайлауына түсіп жатыр.

Луганск және Донецк облыстарының біраз бөлігін бақылауда ұстап отырған сепаратистер сайлауды қазанның 25-і күні өткізуге келіспеді. Басында олар өз сайлауларын 18-қазан күні өткізбек болған, кейін оны келер жылдың ақпанына шегерді. Ақпараттарға қарағанда бұған Мәскеудің ықпалы болған.

Шығыс Украина мен Қырымнан кеткен 1,5 миллион адам қазір Украина үкіметі басқаратын аумақта тұрып жатыр. Олардың дауыс беру құқығы жоқ.

Жергілікті сайлаулар болашақта муниципиалды билікке көп өкілеттік беруге жағдай жасауы тиіс. Бұл өзгерістер нәтижесінде жергілікті жерде жиналған салықты таратып беру үшін Киевке жібермеуі мүмкін. Дегенмен билікті беру тез жүзеге аса қоймас, себебі оған шығыстағы үлкен автономия туралы талап та кіреді.

Бомбалаудан қираған үйдің жанынан бала көтеріп өтіп бара жатқан әйел. Донецк, 4 маусым 2015 жыл.
Бомбалаудан қираған үйдің жанынан бала көтеріп өтіп бара жатқан әйел. Донецк, 4 маусым 2015 жыл.

Минск бейбіт бітімінің бір бөлігі ретінде ресейшіл сепаратистер қойған талап Украинаның заң шығарушы мекемелерінде көп дау туғызды. Билік бір орталықтан басқарудан арылған кезде конститутцияға да түзету енгізу керек болады.

Қазіргі сайлауда украиналықтар жергілікті биліктің жаңа өкілдеріне дауыс береді, бірақ облыс губернаторларын сайламайды. Оларды үкімет тағайындайды. Бұны халық демократиясын шектеу деп сынайтындар да бар. Киев мұндай жүйені «аймақтағы алауыздықтар кезінде Украинаның біртұтастығын сақтау үшін қажет» деп ақтайды.

«Украинаны біртұтас мемлекет қалпында сақтау қажет. Әзірге саяси мәдениет пісіп-жетілмеген, кейбір кезде саясат сапасы алаңдаушылық тудырады. Орталыққа мүлдем бағынбау қауіпті болуы мүмкін» дейді Лондондағы Chatham House халықаралық қатынастар институтының украиналық форумының жетекшісі Орися Луцевич.

Қазіргі сайлау 2014 жылдың мамырындағы кезектен тыс сайлаудан кейін өтіп жатқан алғашқы сайлау. 2010 жылдан бері елде тұңғыш рет жергілікті сайлау алдын ала жоспарланған мерзімінде өтіп отыр.

XS
SM
MD
LG