Accessibility links

Украина экс-шенеуніктерінің жұмбақ өлімдері


Украина Радасының бұрынғы депутаты Михаил Чечетов.

Украина Радасының бұрынғы депутаты Михаил Чечетов.

Украинада Виктор Януковичтің билігі тұсында жоғары лауазымды қызметте болған бес адам бірінен соң бірі опат болды. Тергеушілер «олар өздеріне қол салған» дейді. Құпия ажалдың сыры неде?

Биыл қаңтардың 26-сы мен ақпанның 28-і аралығында Украинада бұрын жоғары лауазымды қызмет атқарған бес адам өмірден өтті. Олардың арасында бұрынғы қала мэрі, теміржол басшысы, жекешелендіруге жауапты мемлекеттік мекеменің жетекшісі және басқалар бар. Бұлардың бәрі «өзіне қол жұмсап» өмірмен қоштасқан деген ақпарат тарады. Бірақ істің саяси астарына үңілер болсақ, бұл адамдар кісі қолынан қаза табуы ықтимал деген ой туады.

НИКОЛАЙ СЕРГИЕНКО

Украина мемлекеттік теміржолы басшысының бұрынғы бірінші орынбасары Николай Сергиенко ақпанның 26-сы күні Киевтегі пәтерінде қаза тапты. Ол өз атына тіркелген аңшылық қарумен «өзін атып өлтірген». Тергеушілердің дерегі бойынша, 57 жастағы Сергиенко өмірмен қоштасқан кезде есік-терезесінің бәрі жабылған пәтерде жалғыз болған, есіктегі құлыптың бұзылғаны байқалмайды.

2010 жылдың сәуірінен 2014 жылдың сәуіріне дейін теміржол бастығының орынбасары болған Сергиенконы бұл қызметке Янукович билігі тұсында премьер-министр болған Николай Азаров тағайындаған еді. «Мемлекет мүлкін талан-таражға салып, өз бас пайцдасына иеленген» деген айып тағылған Азаров пен Янукович қазір Интерполдың іздеуінде.

АЛЕКСЕЙ КОЛЕСНИК

Қаңтардың 29-ы күні Харьков әкімшілігінің бұрынғы төрағасы Алексей Колесник өз үйінде «асылып өлген».

64 жастағы Колесник дүниеден өтер алдында ешқандай хат қалдырмаған. Ол 2007 жылы аңшылықта жүргенде оқ тиіп опат болған досы, Харьков облысының бұрынғы губернаторы және Аймақтар партиясының идеологы Евгений Кушнаревтің туған күнінде өмірмен қоштасыпты.

Колесник 2002 жылы Харьков облыстық кеңесінің төрағасы болды, бірақ ол қызметтен 2004 жылы мерзімінен бұрын отставкаға кеткен.

СЕРГЕЙ ВАЛЬТЕР

Ақпанның 25-і күні Украинаның оңтүстік-шығысындағы Мелитополь қаласының бұрынғы мэрі 57 жасар Сергей Вальтер де «асылып өлген».

Мелитополь қаласының бұрынғы басшысы Сергей Вальтер.

Мелитополь қаласының бұрынғы басшысы Сергей Вальтер.

Аймақтар партиясының мүшесі Вальтер 2010 жылдан бері Мелитополь қаласын басқарған. 2013 жылы «қызметін асыра пайдаланды, ұйымдасқан қылмыстық топ құрды» деген айыппен оның үстінен іс қозғалып, орнынан алынған.

Сот процесі барысында Вальтер шамамен 145 мәрте сот тыңдауында болған, прокурорлар оны 14 жылға бас бостандығынан айыруды талап еткен. Бірақ, Вальтер өзіне тағылған айыптарды мойындамаған. Ісі тағы да сотта тыңдалатын күні ол дүниеден өткен.

АЛЕКСАНДР БОРДЮГ

Вальтердің қазасынан бір күн өткен соң, ақпанның 26-сы күні Мелитополь полиция бастығының орынбасары, 47 жастағы Александр Бордюганың жансыз денесі гаражынан табылды. Баспасөз құралдарының дерегі бойынша, Бордюганың бұрынғы бастығы сот процесіне Сергей Вальтердің заңгері ретінде қатысқан.

Баспасөздің жазуынша, Бордюганың ажалы «гипертониялық криз» салдарынан болған деген сипаттама берілген, әдетте полиция қызметкерлері бұндай терминді өзіне қол жұмсағандарға қатысты қолданады. Істің анық-қанығы әлі белгісіз.

МИХАИЛ ЧЕЧЕТОВ

Ақпанның 28-і күні Украина парламентінде бұрын Аймақтар партиясы фракциясы төрағасының орынбасары болған Михаил Чечетов 17-қабаттағы өз пәтерінің терезесінен секіріп қаза болғаны хабарланды. Бұның алдында оның үстінен «билікті теріс пайдаланған» және «қызмет бабында жалған құжат жасаған» деген айыппен қылмыстық іс қозғалған. Ақпанның 21-і күні Киев соты Чечетовты қамауға алған, бірақ кейін ол кепіл төлеп абақтыдан босап шыққан.

Чечетов Украинаның мүлік қорын басқарған 2003 жылдың сәуірінен 2005 жылдың сәуіріне дейінгі кезеңде постсоветтік жекешелендіру қарқынмен жүргізілген еді. Құрыш өндіретін алып өндіріс орны – «Криворожсталь» өте арзан бағамен сатылып кетті. Зауытты сол кездегі президент Леонид Кучманың күйеу баласы Виктор Пинчук құрамына кіретін топқа небәрі 850 миллион долларға сатылған. 2005 жылы қазан айында Виктор Ющенко сауда келісімінің күшін жойып, кәсіпорын акцияларының 93 пайыз үлесін Mittal Steel компаниясына 4,5 миллиард долларға сатқан.

Халық майданының депутаты және ішкі істер министрінің кеңесшісі Антон Геращенко «Чечетовтың ажалына осы іске қатысы бар топ ықпал етуі ықтимал» дейді. «Чечетов куә болған сұмдық істерді біз ешқашан естімесін деп осындай әрекетке барулары мүмкін» деп жазды ол Facebook парақшасына.

МҮЛІК ҚОРЫНА ҚАТЫСЫ БАР ӨЗГЕ АДАМДАРДЫҢ ӨЛІМІ

Мемлекеттік мүлік қорын басқарғандар арасында мезгілсіз ажалдан кеткен жалғыз Чечетов ғана емес. 2014 жылы тамыздың 27-сі күні Валентина Семенюк-Самсоненконың басына оқ тиген жансыз денесі табылған. Мәйіттің қасында тапанша жатқан.

Украина мемлекеттік мүлік қорының бұрынғы жетекшісі Валентина Семенюк-Самсоненко.

Украина мемлекеттік мүлік қорының бұрынғы жетекшісі Валентина Семенюк-Самсоненко.

Ол 2005 жылдың сәуірі мен 2008 жылдың желтоқсаны аралығында мүлік қорында қызмет атқарған. Марқұмның отбасындағылардың журналистерге айтуынша, Валентина Семенюк-Самсоненконы әлдекімдер қастандық жасаймыз деп қорқытқан.

1997 жылдың мамырында мемлекеттік мүлік қорының Қырымдағы бөлімінің басшысы Алексей Головизин өз үйінің подъезінде қастандықтан мерт болған.

Жаңа үкіметтің сыбайлас жемқорлыққа қарсы комитетінің мүшесі, депутат Игорь Луценко «Украинская правда» газетіне «Кривожсталь тәрізді жекешеленген зауыттарға байланысты жемқорлық жайлы ешқашан толық біле алмаймыз» деп жазды. «Семенюк пен Чечетов енді ештеңе айтпайды. Украина азаматтары сол үшін ондаған миллиард доллардан айрылады» дейді ол.

Украинада шенеуніктердің бірінен соң бірі опат болуы осыдан он жыл бұрын қызғылт-сары революция кезінде де болған. Кучма билігі тұсында көлік министрі болған Георгий Кирла 2004 жылы желтоқсанның соңында өлі күйінде табылған. Одан екі күн бұрын Виктор Янукович президенттік сайлауда жеңіп, Виктор Ющенкодан билікті алған еді.

Леонид Кучманың билігі кезінде ішкі істер министрі болған Юрий Кравченко 2005 жылы наурызда денесіне тиген екі оқтан мерт болған. Ол қастандықпен өлтірілген журналист Георгий Гонгадзенің ісіне байланысты сотқа куәгер ретінде шақырылған күннің ертесінде бақилық болған.

Кирла мен Кравченконың ажалдары туралы ресми ақпаратта олардың «өз-өзіне қол салғаны» айтылған.

Маричка Набоканың мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG