Accessibility links

Украина полициясы бұйрық орындаудан бас тартуы мүмкін бе?


Шерушілерден қашып бара жатқан полицейлер. Киев, 19 қаңтар 2014 жыл.

Шерушілерден қашып бара жатқан полицейлер. Киев, 19 қаңтар 2014 жыл.

Киев пен Украинаның басқа да аймақтарындағы шерушілермен күресуден полиция титықтай бастаған сияқты. Президент Виктор Янукович оларға бұдан ары сенім арта ала ма?

Өткен аптада интернетте жарияланған бір бейне көріністе Украина қауіпсіздік қызметінің (УҚҚ) Ивано-Франковск облысындағы офицері өзінің және басқа да қызметкерлердің жұмыстан кететіні туралы мәлімдеді.

«БҰЙРЫҚТЫ ОРЫНДАҒЫМЫЗ КЕЛМЕЙДІ»

Видеода олардың УҚҚ-нің элиталық бөлімі «Альфа»-да қызмет ететіні айтылған.

Ол: «Біз украин халқына қызмет етеміз деп ант бердік. Сондықтан біздің бөлімше отставкаға кету туралы шешім қабылдады. Бұдан ары қылмыстық бұйрықты орындағымыз келмейді» деген.

Бірнеше айға созылған бұқаралық шеру кезінде түсірілген бұл видео полицияның сағы сына бастағанын байқатады. Өткен аптада шерушілер елдің 10 аймағында үкімет ғимараттарын басып алды. Полиция айтарлықтай қарсылық көрсетпеген.

Полиция мен шерушілер. Киев, 25 қараша 2013 жыл.

Полиция мен шерушілер. Киев, 25 қараша 2013 жыл.


Украина полициясы мен қауіпсіздік қызметкерлері арасынан да басқаша ойлайтындар шығып жатыр. Егер полиция үкіметтің бұйрығын орындаудан бас тартса немесе шерушілерге бүйрегі бұрған жағдайда Янукович режимінің тағдыры не болатынын болжау қиын емес.

Қаңтардың 30-ы күні пайда болған тағы бір видеода ішкі істер министрлігінің (ІІМ) жартылай әскери жасағының бұрынғы офицері Киевте шеруге тосқауыл болып тұрған әріптестерінің наразылығын әңгімелейді.

Бірақ сарапшылар «мыңдаған «Беркут» жауынгерлері мен ІІМ әскерлері бұйрықты мүлт еткізбей орындайды – шерушілерді итеріп, тосқауылдарды бұзады, нұсқауға сай күш те қолданады» дейді.

«БЕРКУТТІҢ» МІНДЕТІ

Нью-Йорк университетінің постсоветтік елдердегі қауіпсіздік қызметтерін зерттейтін сарапшысы Марк Галеоттидің айтуынша, «Беркут» жеке бір каста сияқты құрылым. Оның жауынгерлері үкіметке мүлтіксіз бағынуға дағдыланған».

"Қатарларында әртүрлі адамдар - бұрынғы әскерилер мен десанттар бар. Олар қатаң кәсіби бұйрыққа бағынады, адамгершілік қағидаға сай келмей жатса да, бұйрықты аттап өтпейді" дейді сарапшы.

Оның пікірінше, «жанғыш зат құйылған шөлмекті лақтырып, полицияны өртеген шерушілердің әрекетін арнайы жасақ жауынгерлері түсінбейді, сондықтан шерушілерді отансүйгіш украиндар деп санамайды». Бірақ сарапшылар «қақтығыс күшейе берсе, әскери қызметкерлердің наразыларға берілуі мүмкін екенін» айтады.
Киевтегі шеру. 2 ақпан 2014 жыл.

Киевтегі шеру. 2 ақпан 2014 жыл.


Галеоттидің айтуынша, «Беркут» офицерлері өздерінің «жабық қоғамында» өмір сүріп, жұмыс істейді, сондықтан баррикаданың арғы бетіндегілерге аяушылық танытпайды».

"Қақтығыстар Киевтен тыс аймақтарда шиеленесуі мүмкін. Егер жағдай елдің батыс аймақтарында ушықса, «Беркут» құрамындағы батыс украиналықтар шерушілер арасынан туысқандарын, достарын, сыныптастарын кездестіруі мүмкін. Қазіргі режим өкілдері бола тұра, олар іштей жерлестерін жақтайды. Олар да Украина орыстың бағынышты аймағы емес, Еуропаның бір бөлігі болуға тиіс деп ойлайды" дейді Галеотти.

«Бұндай жағдайларда әскерилердің «кикілжіңге араласқысы келмеуі мүмкін». Мәселен 1991 жылы СССР басшысы Михаил Горбачевке қарсы әрекет кезінде әскерилер қызметін тастап, қаша бастаған.

Оппозиция күшейіп, балама басқару институттарын құра бастаса, офицерлерге де «басын ала қашуға» сылтау көбейеді.

"Егер мен Украинадағы Львов полкындағы «Беркут» офицері болсам, үкіметке қарсы күштердің бел алғанын байқасам, «бірнеше айдан кейін, осы режим құлаған соң сотқа тартылғым келе ме» деп ойланатын едім. Қызметті тастап кетпесем де, халықты жәбірлеуге қатыспауым мүмкін ғой" дейді Галеотти.

ҮКІМЕТ ЖАСАҚТАРЫН КҮШЕЙТУГЕ КІРІСТІ

Осы қауіпті ескерсе керек, үкімет те әскери жасақтарын күшейтуге кірісті. Ішкі істер министрінің орынбасары Виктор Ратушняк өткен аптада құқық қорғау органдарына жаңадан қызметкерлер алу үшін қаржы бөлгендерін хабарлады. Ол «Министрлер кабинеті құқық қорғау органдарына қосымша қаржы бөлді. Бұл салада қызметкерлер 14 пайыз жетіспей отыр» деп мәлімдеді.

Шеруші полицияға тас атып тұр. Киев, 19 қаңтар 2014 жыл.

Шеруші полицияға тас атып тұр. Киев, 19 қаңтар 2014 жыл.

​Сарапшылар мен оппозиция жетекшілері «үкімет тағы да 45 мың адамды полиция қатарына қызметке алуы мүмкін» деп қауіптенеді.

Дегенмен «Батькивщина» оппозициялық фракциясының депутаты және ішкі істер министрінің бұрынғы орынбасары Геннадий Москаль Азаттыққа «Беркут» құрамына енудің оңай емес екенін, кем дегенде алты ай дайындықтан өту қажеттігін» айтты.

"Беркуттің жаңа офицерін дайындау үшін қағазға қол қоя салу жеткіліксіз" дейді ол.

Галеоттидің айтуынша, «Янукович үкіметі қауіпсіздікті күшейту үшін шеруге тосқауыл болып тұрған полиция жасақтарының қатарына қосымша қызметкерлер шақырса, оның соңы төңкеріске ұласуы мүмкін».

"Әскерилер «бұндай операцияларға қатысуға зауқымыз соқпайды» деп ашық айтты. Егер үкімет оларды «Беркуттің» құрамына күштеп енгізсе, кейбіреулері бұйрыққа бағынудан бас тартуы мүмкін. Режим сол кезде күйрейді" дейді сарапшы.

Украина ІІМ қызметкерлерінің жалпы саны - 357 мың 700 адам. Оның ішінде полицейлер - 240 мың 200 қызметкер. Ішкі әскер - 33 мың 300 солдат. «Беркут» арнайы жасағы - 4 мың жауынгер. Сот милициясының «Грифон» арнайы жасағы - 1 мың сарбаз.

(Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG