Accessibility links

БҰҰ Астананы жер заңына наразыларды қудаламауға шақырды


Атыраудағы жерді шетелдіктерге жалға беруге және шетелдіктердің үлесі бар қожалықтарға сатуға қарсы митинг. 24 сәуір 2016 жыл.

Атыраудағы жерді шетелдіктерге жалға беруге және шетелдіктердің үлесі бар қожалықтарға сатуға қарсы митинг. 24 сәуір 2016 жыл.

БҰҰ Қазақстан билігін ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге жалға беруге және шетелдіктердің үлесі бар қожалықтарға сатуға қарсы шыққан азаматтарды қудалауды тоқтатуға шақырды

БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі сарапшылары Қазақстан билігін үкіметтің ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беру жоспарына ашық қарсы шыққан белсенділерді қамап, қылмыстық қудалауды тоқтатуға шақырды.

Сәуірдің соңы мен мамырдың басында Қазақстанның бірнеше қаласы - Атырау, Ақтөбе, Семей, Ақтау, Жаңаөзен, Қызылорда, Орал, Алматыда үкіметтің ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді шетелдіктерге жалға беру және шетелдіктердің үлесі бар қожалықтарға сату жоспарына наразы азаматтар ірілі-ұсақты митингілер, жалғыз адамдық пикеттер өткізген еді. Митингке қатысқан кейбір белсенділерге "қоғамдық алауыздық тудырмақ болды" деген айып тағылған.

Мамырдың 12-сі күні таратқан мәлімдемесінде Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) сарапшылары Қазақстан үкіметін "қуғындаудың барлық түрін дереу тоқтатып, азаматтық қоғамды қорғаудың тиімді шараларын жасауға" шақырды.

БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары кеңсесі таратқан мәлімдемеде "Жер кодексіне қарсы пікірлерін айтқандар қазір тұтқындалып, камалып, қылмыстық тұрғыда қудаланып жатыр" деп жазылған.

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық митингі. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға және жалға беруге қарсылық митингі. Атырау, 24 сәуір 2016 жыл.

БҰҰ кеңсесі қарсылық танытқандар мен адам құқығын қорғаушылардың ерікті түрде жиналып, пікірін еркін білдіру құқығын пайдаланғаны үшін қылмыстық қудалауға ұшырап отырғанына алаңдаушылық білдіреді. Мәлімдемеде "кейбір митингіге қатысқандар мен құқық қорғаушыларға қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша ("әлеуметтік араздық тудыр") іс қозғала бастағаны" жазылған.

"Баспасөз еркіндігі мен азаматтардың жиналу еркіндігі - демократиялық қоғам болып өмір сүрудің тірегі саналады. Журналистер мен азаматтық қоғам өкілдерін тұтқындап, қылмыстық қудалауға жол берілмеуі тиіс" дейді БҰҰ сарапшылары.

БҰҰ кеңсесінің мәліметінше, Қазақстан бейбіт жиын өткізу, пікірін еркін түрде білдіру құқығын нығайтып, азаматтық қоғамның өз қызметін қудалану қаупінсіз іске асыруына жағдай жасауға міндеттеме алған.

2016 жылдың наурыз айының соңында сол кездегі ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған еді.

Сәуірдің 24-інен бері Қазақстанның бірнеше аймағында үкіметтің «жер сату» жоспарына қарсылық акциялары өтті. Белсенділер мамырдың екінші жартысында бүкіл ел көлемінде «жер сатуға» наразылық шеруін өткізетіндерін мәлімдеді. Мұнан соң, мамырдың 6-сы күні үкіметтің кеңейтілген жиынында президент Нұрсұлтан Назарбаев жер кодексінің дау тудырған баптарының күшіне енуіне 2016 жылғы желтоқсанның 31-іне дейін мораторий енгізді.

Алматы полицейлерінің Маржан Аспандиярованы ұстаған сәті. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Алматы полицейлерінің Маржан Аспандиярованы ұстаған сәті. Алматы, 29 сәуір 2016 жыл.

Жер кодексіне енгізілген өзгерістерге наразылар митингіге шығады деген қауіппен мамырдың 7-сі күні Алматы полициясы қаладағы Республика алаңы маңында жүрген, арасында Азаттық тілшісі Нұртай Лаханұлы да бар, бірнеше адамды ұстап әкетіп, кейіннен ешқандай түсінік берместен босатты.

Мұның алдында Алматыдағы әкімшілік сот мамырдың 4-і қала тұрғыны Н.Кемелбаевты әкімшілік кодекстің 488-бабының 3-тармағы бойынша (бейбіт жиын, митинг, шеру, пикет пен демонстрацияны ұйымдастыру мен өткізу ережесі туралы заңды бұзу) айыпты деп тауып, 15 тәулікке қамаған болатын.

Сәуірдің 29-ы күні Алматыда "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбай мен қоғамдық белсенді Мұхтар Тайжанды полиция ұстап әкетті. Олар Ұлттық баспасөз клубында өзге де белсенділермен бірге жер мәселесіне қатысты митинг өткізуге рұқсат сұрау туралы жиын өткізбек болған. Мұнан соң Әміржан Қосанов, Ермұрат Бәпи, Маржан Аспандиярова, Ғалым Ағелеуов сияқты он шақты белсендіні де полиция күшпен алып кеткен.

Бұдан бөлек, сәуірдің аяғында Саят Жаңғазинов есімді Алматы тұрғынын бір өзі қарсылық акциясына шығып, қолына "Жерді жалға беруге қарсымын!" деген жазуы бар плакат ұстап тұрғаны үшін полиция ұстады.

Сәуірдің 29-ы Оралда күні «жер сатуға» қарсылық акциясын өткізбек болып орталық алаңға шыққан Орал қаласының тұрғыны Бауыржан Әліпқалиевті полиция ұстап әкетті.

Жерге қатысты митинг. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл.

Жерге қатысты митинг. Ақтөбе, 27 сәуір 2016 жыл.

Мамырдың 6-сы күні Орал қаласында «Абырой» қоғамдық ұйымы белсендісі, 45 жастағы Исатай Өтеповке билік рұқсат етпеген қарсылық акциясын өткізгені үшін сот шешімімен айыппұл салынды.

Мамырдың 3-і күні Шымкенттік бірнеше белсенді жас «жерге қатысты бейбіт шеру жайын» әңгімелесу үшін жиналған жерлерінен полиция ұстап әкетіп, митинг туралы жауап алғанын хабарлады.

Мамыр айының басында Ақтөбе қаласының әкімшілік соты азаматтық белсенді Әлима Әбдіроваға 40 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (914 мың теңгеден астам) айыппұл салуға шешім шығарды. Әбдірова 26 сәуірде жалғыз адамдық «жер сатуға қарсылық» акциясын өткізген еді.

Қазақстанда халық бірлігі күні (мамырдың 1-і) Қызылорда қаласында орталық алаңда өткен мерекелік шараның соңы полиция жасағының бір топ наразы азаматтарды күшпен таратуына ұласты. Қызылорда қаласы полиция басқармасы алаңда ұсталғандарға қатысты Азаттық сұрағына комментарий беруден бас тартты.

Сәуірдің 30-ы күні Ақтаудан Жаңаөзенге таксимен бармақ болған Азаттықтың Маңғыстау облысындағы тілшісі Сәния Тойкенді бір тәуліктің ішінде полиция қызметкерлері екінші рет ұстады. Журналист Жаңаөзен қаласына 1-мамыр күні болуы мүмкін қоғамдық шаралар туралы хабар дайындау үшін бармақ болған.

Сәуірдің 28-і күні Ақтаудағы орталық алаңға келіп, биліктің кейбір ауылшаруашылық жерлерін жалға беру және сату туралы жоспарына қарсы сөйлеген бірнеше адамды полицияның ұстап алып кеткені туралы хабар тарады.

Қызылордадағы митинг. 1 мамыр 2016 жыл.

Қызылордадағы митинг. 1 мамыр 2016 жыл.

Сәуірдің 20-сы күні Астанадағы парламент ғимаратының алдында қарағандылық белсенді Ғалымбек Акулбеков үкіметтің ауыл шаруашылық жерлерін аукцион арқылы сату жоспарына қарсылығын білдіру үшін жалғыз адамдық пикет өткізді. Бірақ белсендіні полиция көлігі Есіл аудандық ішкі істер бөліміне алып кетті.

Сәуір айының аяғында Қазақстан бас прокуратурасы жер дауына қатысты "арандатушылық ақпараттарды таратқандардың" жауапқа тартылатынын ескертіп, үндеу жасады. Рұқсат етілмеген акциялар өткізу "заң бұзу" екені және ол үшін әкімшілік, қылмыстық жауапқа тарту қарастырылғаны ескертілді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG