Accessibility links

АҚШ-Ресей келісімі Асад режимін күшейте ме?


Сирия президенті Башар Асад Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат беріп отыр. Дамаск, 23 қыркүйек 2013 жыл.
Сирия президенті Башар Асад Қытайдың CCTV телеарнасына сұхбат беріп отыр. Дамаск, 23 қыркүйек 2013 жыл.

Осы апта БҰҰ жиынында Сирияның химиялық қаруын жою туралы АҚШ-Ресей келісімі талқыланды. «Бұл келісім Асад режимін күшейтеді» деген болжам айтушылар көбейді.

Батыс державалары мен Ресей адамның жүйкесі мен терісін бүлдіретін Сирияның химиялық қаруын екінші рет пайдалануға жол бермеудің оңтайлы жолын тауып, бір байламға келді.

«АСАД ПОЗИЦИЯСЫ НЫҒАЯДЫ»

Бірақ бұл келісімді іске асыру үшін халықаралық мамандарға Сирия президенті Башар Асад режимімен ынтымақтаса жұмыс істеу қажет болады. Химиялық қаруды жою процесі бір жылға созылады. Олай болса, бұл «АҚШ-Ресей келісімін іске асыратын бір тарап ретінде Асад режимі құламауы керек» дегенді білдірмей ме?

Сирия президенті Башар Асад үкімет сарбаздарымен амандасып тұр. 1 тамыз 2013 жыл.
Сирия президенті Башар Асад үкімет сарбаздарымен амандасып тұр. 1 тамыз 2013 жыл.
Егер бұлай болған жағдайда қолындағы химиялық қаруды халықаралық инспекторларға өткізіп бергенге дейін Сирияның қазіргі үкімет әскері қызметін аман-есен атқарып тұруы керек. Сириядағы үкімет әскері мәселесі БҰҰ жиынында Сирияның химиялық қаруы туралы талқылау кезінде көтерілді.

Егер Сирия әскері химиялық қаруды өткізіп бергенше аман тұруы қажет болса, оппозициялық топтың Башар Асадты орнынан кетіруге деген үміті үзіледі.

Лондондағы Корольдік колледждің және Карнеги қорының қаруды таратпау және қарусыздану мәселелері жөніндегі сарапшысы Пол Шульте «Химиялық қару жөніндегі халықаралық келісім арқасында Сириядағы режимге ерекше жағдай жасалуы мүмкін екенін» айтты.

- Бір жағынан бұл режимге соғыс қылмыстарын жасағаны үшін айып тағылды, бұл олардың бетіне таңба болып басылды. Екінші жағынан, бұл режимнің құламауына қажеттілік туды, - дейді ол.

Берлиндегі Германия халықаралық және қауіпсіздік мәселелері институтының Сирия бойынша маманы Хейко Уимминнің айтуынша, «бұл келісімнен соң Асадтың позициясы нығая түспек».

- Ол өзінің позициясын қайта күшейтіп алды. Жұрт онымен қарым-қатынас жасағысы келмесе де, діттеген мақсатқа жету үшін онымен санасуға мәжбүр болады, - дейді ол.

ЖАУАБЫ ЖОҚ СҰРАҚТАР

Батыс және араб мемлекеттері Дамаскіні химиялық қаруынан айыру процесі кезінде елдегі тұрақтылыққа қатер төндірместен, қару мен қаржы беру арқылы оппозициялық күштерді қолдауын жалғастыра ала ма?

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас ассамблеясының 68-сессиясы кезінде дәлізде сөйлесіп тұр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2013 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (сол жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров БҰҰ Бас ассамблеясының 68-сессиясы кезінде дәлізде сөйлесіп тұр. Нью-Йорк, 24 қыркүйек 2013 жыл.
Асад режимін құлатудың амалын іздеп келген Батыс елдері енді бұл үкіметпен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Сирияның легитимдік үкіметі ретінде позициясын нығайтуға жол берместен қоян-қолтық жұмыс істей ала ма?

Әзірге бұл сұрақтарға жауап табу қиын. Алайда химиялық қару жөніндегі мамандар жұмысына кіріскенге дейінгі айларда бұл сұрақтар қайта-қайта алдан шыға беретіні айқын.

Химиялық қару мамандары енді БҰҰ бітімгер күштерінің қорғауымен от пен оқтың ортасында жұмыс істеп, жалпы көлемі 1000 тонна деп бағаланған аса қатерлі химиялық қару қорын жинап, жоюы тиіс.

Бірақ Дамаск және оппозициялық топтар химиялық қаруды жою процесіне лайықты дәрежеде қолдау көрсетпесе, БҰҰ әскері мамандардың қауіпсіздігіне кепілдік бере алмайды. Осы айдың басында Ресей мен АҚШ-тың Женевада қол қойған келісіміне сәйкес химиялық қаруды жою тобы 2014 жылдың ортасында ғана жұмысын тәмамдай алады.

Кейбір сарапшылар химиялық қаруға қатысты келісім Асадтың дипломатиялық позициясын нығайтады десе, енді бір сарапшылар бұл келісім Сириядағы қақтығысты келіссөздер арқылы шешуге жол ашады деп топшылайды.

«АСАД ЖУАСЫП САЛА БЕРДІ»

Бейруттағы Америка университетінің профессоры, саясаттанушы Хилал Хашанның айтуынша, «АҚШ-тың әуе шабуылынан қорқып, АҚШ-Ресей келісіміне бірден мойынсұну арқылы Асад режимі әлсіздігін жұрт алдында мойындады».

АҚШ әскери кемесі Суец каналынан өтіп барады. (Көрнекі сурет)
АҚШ әскери кемесі Суец каналынан өтіп барады. (Көрнекі сурет)
- Сирия режимі жылдар бойы ешкімге бас имейтін батыл мемлекет ретінде Американың аймақтағы «сионистік жоспарына» қарсылық танытып келген. Бірақ АҚШ Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне екі кемесін жібергені сол еді, Асад режимі жуасып сала берді, - дейді сарапшы.

Демек, бұл Асад режимінің іштен ыдырауына ықпал етуі мүмкін. Өйткені оның АҚШ-тан қорыққанын режимнің басқа өкілдері де байқап отыр. Бұл Асадтың биліктен кетуге көнуіне, оның орнына әскер мен елді аман сақтауға мүмкіндік беретін басқа адамның келуіне әсер етуі мүмкін.

Оның үстіне Мәскеу мен Вашингтон химиялық қаруға байланысты мәмілеге келе алды. Енді АҚШ пен Ресей Сириядағы конфликтіге қатысушы барлық тараптарға ықпал етіп, оларды қақтығысты бейбіт жолмен шешуге көндіруі де мүмкін.

Егер АҚШ пен Ресей және БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне мүше державалар Сирияның химиялық қаруын жоюға қатысты БҰҰ қарарының шарттары туралы бір келісімге келсе, онда Сириядағы дағдарысты шешудің де дипломатиялық жолдары табылуы ықтимал. Әзірге қарарды қабылдаудың шекті мерзімі белгіленген жоқ, дегенмен Мәскеу мен Вашингтон бұл құжатты жедел қабылдау керек деп келісіп отыр.

Чарльз Рекнагельдің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.
XS
SM
MD
LG