Accessibility links

Әлемдегі белсенді әйелдер Надя Савченкоға қолдау танытты


Сот залында отырған Украина әскери қызметкері Надежда Савченконы полиция қызметкерлері қоршап тұр. Мәскеу, 4 наурыз 2015 жыл.
Сот залында отырған Украина әскери қызметкері Надежда Савченконы полиция қызметкерлері қоршап тұр. Мәскеу, 4 наурыз 2015 жыл.

БҰҰ-ның әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының 59-сессиясына қатысып жатқан белсенді әйелдер түрмедегі Украина ұшқышы Надежда Савченконы қолдаған хаттар жолдады. Түрлі деңгейдегі ұйымдар Ресейді Савченконы босатуға шақырып жатыр.

Украиналық құқық қорғаушы Людмила Порохняк-Гановскаяның қолына үндістандық әйелдер үкіметтік емес ұйымы шығарған буклетті ұстап тұр. Оның сол жақ бұрышында Надежда Савченкоға қолдау танытып ағылшын тілінде қолмен жазылған сөздер бар.

«Луганск түбінде Ресей журналистерін өлтіруге қатысы бар» деген айыппен былтыр жаздан бері Мәскеуде қамауда отырған Украина әскери ұшқышы өзіне тағылған айыпты мойындамайды әрі өзін сепаратистер қолға түсіріп, Ресейге заңсыз апарды деп мәлімдейді.

– Надяға мұндай қолдаулар қажет. Осындай хаттардың арқасында оның сағы сынбай отыр, - дейді Людмила Порохняк-Гановская.

БҰҰ-ның әйелдер құқығы туралы конференциясына қатысушылар. Нью-Йорк, 9 наурыз 2015 жыл.
БҰҰ-ның әйелдер құқығы туралы конференциясына қатысушылар. Нью-Йорк, 9 наурыз 2015 жыл.

БҰҰ-ның әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссиясының Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан 59-сессиясында Людмила Порохняк-Гановская түрлі елдерден келген белсенді әйелдерге Надежда Савченко жайлы әңгімелеп, оның рухын көтеретін сөздер жазуын өтінеді. Кейбір белсенділер Савченконың жағдайынан хабардар. Жиналған хаттар кейін украиналық ұшқыштың адвокатына жолданады.

Украиналық белсенділерге БҰҰ-ның түрлі жиындарында жоққа шығаруға тура келетін Донбастағы дағдарысқа қатысты тарап кеткен көптеген мифтердің арасында – «Украина әйелдері қандай жолмен болсын бейбітшілік орнауын қалайды» деген миф те бар. Украиналық құқыққорғау ұйымдарының қыз-келіншектері «Біз тәуелсіз әрі азат Украинада бейбіт өмір болғанын қалаймыз» дейді. Ал ол үшін күресіп жүргендер аз емес.

Украина ұлттық әйелдер кеңесі соғыс жүріп жатқан аймақтағы бітімгершілік операцияларына украиналық әйелдерді де қатыстыруға қол жеткізді. Ондай ерікті әйелдердің нақты саны белгісіз. Бірақ ұлттық әйелдер кеңесі мүшесі Людмила Порохняк-Гановскаяның есебінше, өз еркімен көмектесіп жүрген жүздеген мың әйел бар.

– Еріктілер жұмысын көптеген тамшыдан құралатын бұлаққа теңеуге болады. Әскерилерге киім-кешек жинаумен айналысатындар бар. Енді бір әйелдер бүркеме торлар мен жылы бұйымдар тоқиды. Бүркеме торларды тіпті мектеп оқушылары да тоқиды. Ал енді біреулер госпитальдарға барып жаралы жауынгерлерге күтім жасайды. Әнімен, өнерімен жауынгерлердің рухына дем беріп жүрген актрисалар да бар. Италиядағы украин диаспорасы әйелдері әскерилерге арнап су өткізбейтін көп киім жіберді, - дейді Людмила Порохняк-Гановская Азаттық тілшісіне.

Гуманитарлық жәрдем заттарын алған егде әйелге көмектесіп келе жатқан украиналық әскери қызметкер. Дебальцево, 6 ақпан 2015 жыл.
Гуманитарлық жәрдем заттарын алған егде әйелге көмектесіп келе жатқан украиналық әскери қызметкер. Дебальцево, 6 ақпан 2015 жыл.

Оның айтуынша, кейбір қыз-келіншектер қаза тапқан жауынгерлердің сүйектерін алып кету үшін Украинаның шығысындағы шайқас алаңдарына да барады.

– Негізінен ондай шаруаны көбінесе әйелдер атқарады. Ол жаққа ер адамдарды жібермейді. Көбі күйеулерін жоғалтқан әйелдер, енді олар өзгелерге көмектескісі келеді. Ол жаққа бару қауіпсіз, әйелдерге ешкім тиіспейді деп айта алмаймын, бірақ олар қауіпті болса да барып жүр, - дейді құқық қорғаушы.

Украиналық құқық қорғаушы әйелдер бұл күндері БҰҰ-ның түрлі деңгейдегі іс-шараларында Батыс жұртшылығын ресейшіл сепаратистер басып алған Украинаның шығысындағы жанжалды реттеуге ықпал етуге шақырды. Олардың айтуынша, әскерді кері әкету туралы келісімге қарамастан, атқылау, әскерилер мен бейбіт тұрғындарды өлтіру әрекеттері толастамаған.

–Мұны өздігінен тоқтатуға Украинаның шамасы жетпейді, оған қолдау қажет. Бірақ, Украина азат елге айналатынын бәріміз білеміз. Біз Совет одағында тұрғымыз келмейді және тұра алмаймыз, - дейді Людмила Порохняк-Гановская.

XS
SM
MD
LG