Accessibility links

Әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық «дағдарыс деңгейіне» жетті


АҚШ-тағы жастардың Occupy Wall Street наразылық шарасы. 1 мамыр 2012 жыл.

АҚШ-тағы жастардың Occupy Wall Street наразылық шарасы. 1 мамыр 2012 жыл.

Халықаралық еңбек ұйымы әлемде жастар арасындағы жұмыссыздық «дағдарыс деңгейіне» жетті дейді. Ұйымның баяндамасында әлемде жастардың 13 пайызға жуығы жұмыссыз екені айтылған. Ал Қазақстандықтар елдегі жұмыссыздық туралы әртүрлі пікір айтты.


Женевада (Швейцария) орналасқан Халықаралық еңбек ұйымының мәліметі бойынша, әлемде 15 пен 24 жас аралығындағы азаматтардың 13 пайызы - шамамен 75 миллион адам жұмыссыз қалған. Көптеген білікті жастар жарты жалақыға немесе қара жұмыс істеуге мәжбүр. Үйым «Әлемде 6 миллионнан астам азамат жұмыс табудан үмітін үзген» деп жазады.

«ЖҰМЫС ОРНЫН АШУ - БАСТЫ МАҚСАТ БОЛУЫ ТИІС»

Халықаралық еңбек ұйымы әлем елдерінің үкіметтерін жұмыс орнын ашу мәселесін «ең басты мақсат» деп қарастыруға шақырды.

Ұйым өкілі Хосе Мануэль Салазар-Ксиринакс «Дағдарыс деңгейіне жеткен жастар арасындағы жұмыссыздық проблемасы жұмыс орнын ашу мен шешім шығару процесіндегі басты мақсатқа айналып, жекеменшік секторындағы инвестиция айтарлықтай дамыса ғана бұл мәселе шешілуі мүмкін» дейді.
Малага қаласының жұмыс беру орталығының алдындағы кезекте тұрған жұмыссыздар. Испания, 4 мамыр 2012 жыл.

Малага қаласының жұмыс беру орталығының алдындағы кезекте тұрған жұмыссыздар. Испания, 4 мамыр 2012 жыл.


Мамырдың 22-сінде жарияланған баяндамада Еуропа Одағындағы жастардың бестен бірі жұмыс іздеп жүргені айтылған.

Өткен жылғы «Араб көктемі» толқуларынан кейін Солтүстік Африкадағы жастардың 27,9 пайызы жұмыссыз қалған. Таяу Шығыста бұл көрсеткіш - 26,5 пайыз.

Баяндамада «экономикасы серпінді дамып келе жатқан Шығыс Азияда да жастар арасындағы жұмыссыздық ересек адамдармен салыстырғанда 2,8 есеге жоғары» екені жазылған. Халықаралық еңбек ұйымы жұмыссыздық әсіресе қыз-келіншектерге қатты әсер етіп отыр дейді.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ ПІКІРЛЕРІ

Азаттық радиосының тілшілері жұмыссыздық мәселесіне байланысты Facebook әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізді. Қазақстандықтар бұл мәселеге байланысты әртүрлі пікір айтты.
Билікке әлеуметтік мәселелер жөнінде талап қойып аштық жариялаған әйелдер. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 21 қаңтар 2011 жыл.

Билікке әлеуметтік мәселелер жөнінде талап қойып аштық жариялаған әйелдер. Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау облысы. 21 қаңтар 2011 жыл.


Nick Jan деп тіркелген азамат «Егер жұмыс істеуге ықылас болмаса - Қазақстанда ғана емес, бүкіл дүниеде жұмыс жоқ. Істің көзін тапқандар жасап жатыр. "Жұмыс жоқ" деген адамның өзі негізі жалқау немесе пассив. Қысқасы, қай жерде де адамның өзіне байланысты», - деп жазады.

Алмас Көкжал «Жұмыс көп, жетеді» деп қысқаша жауап берсе, Жандос Өмірбек «Бізде қазақтар жұмыссыз, жігіттер көк пакет көтеріп жетім бұрышта жүр, ал әйелдер ала дорбамен базар жағалап жүр. Жылы офистер мен жақсы жерлердің бәрінде орыс тілділер отыр» дейді.

Қарағанды облысы Сәтпаев қаласының тұрғыны, 20 жастағы Нұржан Садырбекұлы көптеген жастардың жоғары немесе орта білімі болса да күзетші, даяшы, швейцар, таксиші болып жүргенін жазған. Ол «ешбір кәсіпорынның тәжірибесіз жастарды жұмысқа алмайтынын» айта келе, «Бұл қалада мен ғана емес осындай, көптеген жастар жұмыссыз тентіреп жүр, жұмыссыздық дағдарысы деген - осы, мемлекеттік статистикаға сенбеймін» дейді.

Ал Азамат Битан «Жұмыс табу қай елде де оңай емес. Әйтеуір, менің достарым, оқу бітірген - барлығы да жұмыс тауып, мамандықтары бойынша еңбек етіп жатыр. Мен осы жазда бітіремін, бұйыртса. Әзірше жұмыссызбын» дейді.
«Мақұл, стажер болып жұмыс істей тұрсын» деп алады да, бір айдан соң, не ақша жоқ, не еңбек кітапшасына ешнәрсе жазылған жоқ - «бар, кет» деп қуып салады. Оны ешбір мекеме тексермейді.

Семей тұрғыны Шаймардан Ысқақов Азаттық радиосы тілшісіне берген сұқбатында:

- Мен Семей қаласының 5-6 ірі мекемесінде баламды жұмысқа орналастырдым, автокранға. Келісім-шарт жасаспайды. «Мақұл, стажер, кранщик болып жұмыс істей тұрсын» деп алады да, бір айдан соң, не ақша жоқ, не еңбек кітапшасына ешнәрсе жазылған жоқ - «бар, кет» деп қуып салады. Оны ешбір мекеме тексермейді, - деді.

Мамырдың 22-сі күні Азаттық радиосының вебсайтында «Қазақстаннан білікті мамандар кетіп жатыр» деген мақала жарияланды. Онда «білікті кадрлардың шетелге кетуі, маман тапшылығы, кадрмен қамтамасыз етудегі дисбаланс - Қазақстандағы бүгінгі жағдай» екені айтылады. Сонымен қатар, «Студенттер мен жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың көбейгеніне қарамастан, елде кәсіби мамандар аз. Тіпті техниканы меңгерген қарапайым жұмысшылар жетіспейді».

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG