Accessibility links

ЮНЕСКО тізіміне киіз үй енгізілуі мүмкін


Қырғыз әйелі Кәкеш Жұмабайқызы (сол жақта) киіз басуға арналған жүнді қапқа салып жатыр. 15 маусым 2011 жыл.
Қырғыз әйелі Кәкеш Жұмабайқызы (сол жақта) киіз басуға арналған жүнді қапқа салып жатыр. 15 маусым 2011 жыл.

2-7 желтоқсан аралығында Бакуде ЮНЕСКО ұйымының отырысында материалдық емес мәдени мұралар тізімі толықтырылмақ. Биыл тізімге монғолдың киіз үйі, түріктің кофе ішу дәстүрі, корейлердің кимчи тағамы да ұсынылған.

ЮНЕСКО халықаралық ұйымының «материалдық емес мәдени мұра» тізіміне әдетте салт-дәстүр мұралары, қолөнер туындылары кіреді. Биылғы өтініш иелерінің тізімінде киіз үй, түрік кофесі мен поло ойыны және т.б. бар.

ҚЫРҒЫЗДАРДЫҢ ШЫРДАҒЫ МЕН АЛАКИІЗІ

Жетпіс жастағы Кәкеш Жұмабайқызы саналы ғұмырын киіз басуға арнады. Сегіз баланың анасы Қырғызстанның таулы аймағы Атбашыда тұрады, бұл жерде әлі күнге дейін отарлап қой ұстау дәстүрі сақталған. Сондықтан Кәкеш Жұмабайқызы жылы, үлпілдек жүннен мұқтаждық көрмейді. Сол жүннен ол дәстүрлі қырғыз киімдерін тоқып, шырдақ деп аталатын түрлі-түсті өрнекті киіз кілемдер басады.

«Кілем басуды анамнан үйрендім, кейін осы істі өзім жалғастырдым. Киіз үй, шырдақ, кементай (ер адамдарға арналған түкті сырт киім), қалпақ тоқимын. Жұмыстарымның біразы шетелге сатылды. Бірақ менің ең кішкентай келінім мен өзімнен туған қыздарымның біреуі ғана осы өнерді үйренді. Басқа балаларым оған қызықпады» дейді Кәкеш Жұмабайқызы.

Кәкеш Жұмабайқызы дайындаған қырғыздың ұлттық қолөнер бұйымы - шырдақ.
Кәкеш Жұмабайқызы дайындаған қырғыздың ұлттық қолөнер бұйымы - шырдақ.
Ол жыл санап азайып бара жатқан, шырдақ пен алакиіз басатын, дәстүрлі қолөнер өкілдерінің бірі. Түсі қанық, әртүрлі өрнектері бар кілемдер қырғыз үйлерін жылытып, көркін кіргізіп тұратын.

Қырғызстан мәдениет министрлігінің тарихи мұра бойынша маманы Назгүл Мекешова шырдақ пен алакиіз дайындау өнерінің жойылып бара жатқанына алаңдайды: «Бұрын біздің елімізде бұл өнер өркендеп тұрған еді. Қызын ұзатқан ана жасауына шырдақ пен алакиіз беретін. Қазір шетелдік кілемдер жергілікті базарларды басып кетті. Шырдақ пен алакиіз тарихи өнердің бір түрі ретінде ғана қарастырыла бастады».

Өткен жылы БҰҰ-ның ЮНЕСКО шешімі бойынша Қырғызстанның шырдақ пен алакиізі қорғалуға тиіс мәдени мұра ретінде мойындалды. ЮНЕСКО ондаған жылдардан бері мәдени нысандарды қорғау жұмысын жүргізіп келеді. Бүкіләлемдік мұра тізіміне Үндістандағы Тәж-Махал мен Австралиядағы Үлкен тосқауыл рифі сияқты аса құнды мұралардан бастап 981 нысан енген. 2003 жылы ЮНЕСКО арнайы конвенция қабылдап, «материалдық емес мәдени мұра» деп аталатын нысандарды да қорғауға көшті.

МӘДЕНИ МҰРА

ЮНЕСКО-ның мәдениет саласындағы өкілі Елена Дробна былай дейді: «Бұл бір ұрпақтан екіншісіне жетіп отырған, белгілі бір қауым ойлап тапқан әрі жаңартып отыратын мұра болуға тиіс, онда халықтың өзіне тән ерекшелігі мен сабақтастығы байқалып тұрсын. Ауызша тарайтын шешендік өнер, дәстүрлі қолөнер, шеберлік, әлеуметтік тәжірибелер мен ғұрыптар, табиғат пен бүкіл әлемге қатысты білім мен тәжірибе қамтылады».

ЮНЕСКО отырысындағы дауыс беру сәтінен көрініс. Париж, 31 қазан 2011 жыл.
ЮНЕСКО отырысындағы дауыс беру сәтінен көрініс. Париж, 31 қазан 2011 жыл.
Содан бері ЮНЕСКО-ның «материалдық емес мәдени мұра» тізіміне жүздеген нысандар енгізілді. Олардың қатарында кореялық эквилибристикадан бастап, сицилиялық қуыршақ театрты мен сұңқармен аңға шығу сияқты 13 мемлекет қатарынан өз мұрасы ретінде ұсынған өнер түрлері де бар.

ЮНЕСКО-ның тізіміне кіру оңай емес. Әр мемлекет өзінің мәдени нысанының маңызын айшықтап, оның ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырғанын, адамзат құқына зиян келтірмейтінін дәлелдеуге тиіс. Үміткер елдер сондай-ақ, мәдени мұраны өз бетімен қалай қолдайтынын сипаттайды. Материалдық емес мәдени мұрасы тізімге енген елді ЮНЕСКО автоматты түрде қаржыландырмайды.

Бірақ Дробнаның айтуынша, ЮНЕСКО-ның мақсаты сол өнер түріне назар аударту, қоғамдағы маңызын жаңғырту. «Жергілікті, аймақтық, ұлттық және халықаралық деңгейде сол мәдени нысанға елдің назарын аудару керек. Халық ол туралы көбірек білген сайын қаржыландыру мүмкіндігі артады, мемлекет белгілі бір деңгейде қаражат бөлуі мүмкін».

2013 ЖЫЛҒЫ ҮМІТКЕРЛЕР

Биыл ондаған мемлекет ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұрасы қатарына ену үшін өтініш білдірді. Оның ішінде Монғолия өзінің киіз үй дайындау дәстүрін ұсынды. Бельгия салт атпен асшаян аулайтын дәстүрге назар аударсақ дейді. Түріктер өздерінің кофе ішу дәстүрін, Оңтүстік Корея тұрғындары кимчи деп аталатын орамжапырақты ащылап жасайтын тағамын ұсынып отыр. 2-7 желтоқсанда Бакуге жиналған үкімет аралық комитет осы ұсыныстарды талқылайды.

Әзірбайжан астанасы Баку қаласы.
Әзірбайжан астанасы Баку қаласы.
Әзербайжанның бірінші ханымы Мехрибан Әлиева 2004 жылдан бері ЮНЕСКО-ның ізгілік елшісі қызметін атқарады. Сондықтан бұл шара Әзербайжанда саяси маңызға ие оқиға ретінде өтпек. Баку де осыны пайдаланып, ертеде әзербайжан көшпенділері арасында танымал болған човган (поло) ойынын материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізуді көздейді. Бұл ойынды әзерилер Карабахтың қысқа сирақты жылқыларына мініп ойнайтын (Әзери деп тұрған себебіміз – ол өте ерте кезеңдердегі, ирандықтардан бөлінбей тұрған кезді қамтиды). Мемлекет тұрғындарының көбі ойын туралы білмейді де, ал көршілес Иран поло халықаралық ойын, оны бір елге таңуға болмайды деп қарсы шықты.

ЮНЕСКО өз тізімінің жеке елдің мұрасын қамтитынын айтады. Ал Баку философы және өнертанушысы Рахман Бадалов кейбір елдер ЮНЕСКО тізімін ұлттық мақсатта пайдаланғысы келеді дейді. Ол Әзербайжан мен Арменияның жүзім жапырағын әрқайсысы өзінің ұлттық тағамы деп атап, таласқанын есіне алады. «Човганды әзербайжандық спорт түрі деп дауласу уақыт пен ақшаны желге шашу» дейді ол.

«Үкімет бюджеттік қаржыны босқа рәсуа жасап отыр. Ақшалары көп болған соң көңіл көтеретін шараларды іздейді. Мәдени бастамалардың 99 пайызы пайдасыз, бос дүниелер. Соның арқасында олар саяси ұпай жинауды көздейді, өздерін жақсы жағынан көрсетеміз деп ойлайды».

Дейзи Синделардың мақаласын аударған – Динара Әлімжан
XS
SM
MD
LG