Accessibility links

Ұлыбританияның ЕО-да қалар-қалмасын шешер референдум


Абердин қаласы, Юнион стрит көшесінде үгіт-насихат жүргізіп тұрған белсенділер. 22 маусым 2016 жыл.

Абердин қаласы, Юнион стрит көшесінде үгіт-насихат жүргізіп тұрған белсенділер. 22 маусым 2016 жыл.

Маусымның 23-і күні Ұлыбритания азаматтары Еуропа Одағының (ЕО) құрамында қалу немесе қалмау мәселесін дауыс беру арқылы шешпек. Екі тарапты қолдаған саясаткерлер уәждерін БАҚ пен әлеуметтік желілерден күн құрғатпай айтып жатыр. Тұрғындардың пошта жәшіктеріне дейін екі тараптың үгіт-насихат парақшаларына толып қалды.

Шотландиядағы үшінші ірі қала – Абердин балық шаруашылығы мен мұнай өндірісінің ірі орталығы саналады. Қала ортасындағы Юнион стрит көшесінде Еуропа Одағынан (ЕО) шығуды жақтайтын топ шатыр құрып, ақпарат парақшаларын, төсбелгілер мен жейделерін таратып жатыр. Қастарында «Шотландия [Еуропа Одағынан] шық» деген жазу жазылған мемлекеттік ту желбірейді. Шатырды референдумға қатысты құрылған бірнеше қоғамдық ұйым тіккен. Олардың арасында Ұлыбританиядағы бірнеше саяси партия мен қоғамдық ұйымның басын қосқан Grassroots Out (GO) альянсы, балықшылардың Fishing for Leave қозғалысы бар.

Осы қозғалыстың белсенді мүшесі, зейнеткер Дон Моррисонның айтуынша, халықтың басым көпшілігі одақтан шығуды жақтайды.

Зейнеткер Дон Моррисон. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

Зейнеткер Дон Моррисон. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

- Абердиншир аумағындағы біраз елдімекенді аралап, жұртпен кездесіп жүрмін, халықтың көбі одақтан шығуды қолдайды. Тіпті екіойлы болып отырғандары да жеме-жемге келгенде біз жаққа ауып кетеді. Өз басым одақта қалуды жақтайтын 3-4 адамды ғана кезіктірдім, - деді Дон Моррисон Азаттыққа берген сұхбатында.

Осыдан бір жарым жыл бұрын Ұлыбританияның құрамынан шығу туралы референдум өткізіп, халқының 55 пайызы корольдікте қалуды жақтаған Шотландиядағы ахуал елдің басқа өңірлеріндегіден өзгеше. Мұнда Еуропа Одағына мүшелік жайы Шотландияның өз ішіндегі әлеуметтік, саяси, экономикалық мәселелер және ұлттық бірегейлікті сақтап қалу тұрғысынан қарастырылады.

- Тәуелсіздік туралы референдумда SNP (Шотландия ұлттық партиясы – Шотландиядағы билеуші партия) Ұлыбританияның құрамынан шығуды жақтаған. Енді Еуропа Одағында қалуды қолдап отыр. Вестминстерден тәуелсіздік алып, Брюссельге бағынудың не қисыны бар? Біз толық тәуелсіздік алуымыз керек, - дейді Моррисон.

Билеуші партия өкілдері тіпті егер Ұлыбританияның басқа өңірлері одақта қалуды жақтап, Шотландия ЕО-ның қатарынан шығуды қолдаса, онда Еуропа Одағына тікелей мүше болып, фунт стерлингтен бас тартып, еуроға көшеміз деген талапты әзірден ашық айтып жатыр.

- Брюссельдің айтқанымен жүрмей, өзіміз тәуелсіз шешім қабылдай алуымыз керек. Біздің қазір Еурокомиссияда дауыс беру құқығымыз да жоқ. Еуропа Одағында қабылданған ережелердің барлығын бұлжытпай орындауымыз керек, тіпті оған қатысты пікірімізді айтуға да мүмкіндігіміз жоқ, - дейді Абердин қалалық кеңесінің өкілі Уэнди Агню.

Ұлыбритания ЕО құрамынан шықса, Еуропадан бөлініп қалады деген қауіппен келіспейтін кейбір тұрғын Британ достастығы ұйымын мысал етеді.

- Біз Үндістан, Австралия сияқты Британ достастығы елдерімен арада жеңіл виза алуды жолға қойғанбыз. Ешқандай одақсыз-ақ ол жақтан кәсіби деңгейі жоғары мамандар келіп жатыр. Ал виза жүйеміз бөлек болғанынан не пайда - бізді Шығыс Еуропадан келген мигранттар басып қалды. Оларды біз асырап отырмыз, - дейді одақтан шығуды қолдайтын топтың және бір мүшесі, студент Джон Стивен.

Студент Джон Стивен. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

Студент Джон Стивен. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

Шындығында Абердинде кейінгі жылдары Польша, Румыния мен Латвия сияқты елдерден көшіп келген азаматтар өте көп тұрады. Ортақ ереже бойынша, олардың еркін көшіп-қонуына кедергі болмауы керек. Мигранттардың көбі арзан жұмыс күші ретінде келіп, елдегі қылмыстық ахуалға, жұмыссыздық деңгейіне кері әсерін тигізді деп санайтындар бар.

Fishing for Leave қозғалысы өкілдерінің айтуынша, ЕО-ға мүше болғалы елдің балық шаруашылығы қатты зардап шегіп келеді.

- Ұлыбритания теңіздерінің 60 пайызы шетелдіктердің қолында. ЕО-ның басқа елдері британдық салық төлеушілердің ақшасынан құралған бюджеттен грант алып, біздің теңізіміздегі балығымызды аулайды, ал біз соның кесірінен 100 мың жұмыс орнын жоғалттық, - дейді Джон Стивен.

Одақта қалуды жақтайтындардың да уәждері салмақты. Премьер-министр Дэвид Кэмерон бастаған үкімет мүшелерінің басым бөлігі Ұлыбританияның ерекше шарттармен одақ құрамында қала бергенін тиімді көреді. Абердиндегі орталық көшеде ЕО-да қалуды жақтайтындардың үгіт-насихатшылары сәрсенбі күні онша байқалмады. Тұрғындардың айтуынша, алдыңғы күндері олар да шатырларын тігіп, халықпен әңгімелескен.

Абердиннің орталығындағы Джордж стрит көшесінде скрипка тартып, нәпақа табатын музыкант Сэнди Туеддл Еуропа Одағының құрамында қалуды жақтап дауыс беретінін айтты. Оның сөзінше, одақты құбыжық көріп жүргендердің көбі соңғы жылдардағы оң өзгерістерді байқамайды.

Музыкант Сэнди Туеддл. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

Музыкант Сэнди Туеддл. Абердин, 22 маусым 2016 жыл.

- Олар (ЕО-дан шығуға үндеушілер – ред.) қарапайым адамдарды шатастыратын, қорқытатын фактілерді айтып, манипуляция жасағанға құмар. Бүгінгі жаһанданған заманда біз басқа әлемнен оқшау өмір сүре алмаймыз. Одақтан шыққан күннің өзінде бізге Еуропамен қоян-қолтық араласуға тура келеді, ал шетелдік иммигранттар біздің экономикамызға үлкен серпін беріп жатыр. Олар болмаса, бізде жұмыс күші аз болар еді, - дейді Туеддл.

Оның айтуынша, өзі танитын жақындарының көбі Ұлыбританияның ЕО құрамында қалғанын жақтайды.

Көзәйнек дүкенінде қызмет істейтін Гэрри Оул жастардың көбі бұл референдум науқанына селқос қарайтынын айтты. Оның ойынша, дауыс беретіндерінің біразы Еуропаға емін-еркін барып-келуді ойлап, одақта қалуды жақтайды.

Гэрри Оулд.

Гэрри Оулд.

- Біздің азаматтар Еуропаның кез келген елінде тегін ем алып, еркін өмір сүреді, байланыс қызметі, жол шығындары да арзан. Біз одақтан шықсақ, кедергілер көбейіп баға қымбаттайды. Басқа елдерде жүрген британдықтар елге қайтуға мәжбүр болады. Олар мұнда лайықты жұмыс таба алмауы мүмкін, - дейді Оулд.

Ұлыбританиядағы 18-ге толған тұрғындар, осы мемлекетте өмір сүретін Ирландия мен Британ достастығына мүше елдердің азаматтары және шетелде тұратын, бірақ соңғы 15 жылда сайлаушы ретінде тіркелген британдықтар маусымның 23-і күні сағат 07.00 – 22.00 арасында 382 сайлау аймағындағы тіркелген учаскелерінде Еуропа Одағында қалуды, я одан шығуды қолдап дауыс береді. Референдум нәтижесі жұмаға қараған түні жарияланады.

XS
SM
MD
LG