Accessibility links

АҚШ бұрынғы КГБ тыңшыларын аңдуды тоқтатпаған


Ригадағы Совет Одағы кезіндегі КГБ кеңсесі.

Ригадағы Совет Одағы кезіндегі КГБ кеңсесі.

Совет Одағы тарағалы 20 жыл өтсе де АҚШ иммиграциялық полициясы кезінде адам құқықтарын бұзған КГБ-ның бұрынғы офицерлерін қуғындауды тоқтатпаған.

АҚШ үкіметі соғыс қылмыстарына, адам құқықтарын бұзу әрекеттеріне қатысы бар шетелдіктерді АҚШ-та жүрген жерінен ұстап, тергеп келеді.

Бұған қоса АҚШ-тың иммиграциялық органдары Совет Одағының бұрынғы КГБ (СССР мемлекеттік қауіпсіздік комитеті - ред.) қызметкерлерін де адамдарды заңсыз қудалауға қатысы болуы мүмкін деген күдікпен аңдиды.

АҚШ иммиграция және кедендік бақылау қызметі өкілінің айтуынша, қазіргі уақытта «саны 10-ға жетпейтін» істер тергеліп жатыр.

Бұл мекеме адам құқықтарын бұзған немесе бұзуға қатысы бар бұрынғы КГБ офицерлеріне қатысты ақпаратты жіті қадағалап отырады. Ресейлік журналист Евгения Альбацтың 1994 жылы жарық көрген «Мемлекет ішіндегі мемлекет» атты КГБ туралы кітабындағы мәліметтерге қарағанда, Совет Одағы тарар алдында КГБ-да қызмет істегендердің саны 500 мыңнан 700 мыңға дейін жеткен.

Бірақ осылардың арасында АҚШ айтып отырған адам құқықтарын бұзу фактілеріне қаншасының қатысы болуы мүмкін екенін тап басып болжау қиын. АҚШ иммиграция мекемесі 1992 жылдан бері КГБ-ға қатысы бар тек бір ғана адамды осындай күдікпен ұстап, Америка аумағынан шығарып жіберген.

ЖЕР АУДАРЫЛҒАН АБЕЛЮНАС

2005 жылы маусымның 7-сі күні АҚШ иммиграция және кеден қызметі 55 жастағы Литва азаматы Альфонсас Абелюнасты «Совет Одағындағы адам құқықтарын бұзу әрекеттеріне қатысы болғаны үшін» Америкадан депортациялайтынын мәлімдеді.

Мәлімдемедегі ақпарат бойынша, Абелюнас АҚШ аумағына 2000 жылы иммиграциялық емес виза түрімен кірген де, қалып қойған. 2004 жылы маусым айында ол виза тәртібін бұзғаны үшін тұтқындалды. АҚШ иммиграциялық сотының шешіміне қарағанда, ол «тыңшылық жасауға дағдыланған және Литвада тұрған кезінде адамдарды қудалауға қатысқан».

КГБ-ның аты мүлде аталмаған бұл мәлімдеме туралы ақпарат құралдары көп мағлұмат бере қоймады, ал мәлімдемені АҚШ иммиграция қызметінің веб-сайтынан табу мүмкін болмады. 1990 жылы Совет Одағынан тәуелсіздік алған Литва елдегі КГБ мұрағатын үкімет қарауына өткізді. Сондағы ақпараттар бойынша, Абелюнас 1980 жылдардың басында КГБ офицері болып қызмет ете жүріп шетелдіктермен байланысқа түскен «информаторларды» бақылаумен айналысқан.
Ригадағы бұрынғы КГБ түрмесі. Латвия, 29 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Ригадағы бұрынғы КГБ түрмесі. Латвия, 29 сәуір 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Литвадағы КГБ өкілдері 1982 жылы берген құпия есепте Абелюнасқа «информаторларды, әсіресе әшкерелеуші материалдарды қолдануы мүмкін адамдарды бақылау» міндеті жүктелген.

АҚШ иммиграциялық соты «Абелюнас немістер Мәскеуге барып, жол құжаттарын әзірлеп алмауы үшін Совет Одағында тұратын немістерді бақылаумен де айналысқан» дейді. АҚШ иммиграция қызметі өкілінің айтуынша, Абелюнасқа «СССР-дің бір ауруханасында тапсырма орындау кезінде диссиденттерге әлсірететін дәрілер берген» деген айып тағылған. Айыпқа қарсы Абелюнас уәждері дәйексіз болған. Бұл туралы Абелюнастың өзінен пікір алу мүмкін болмады.

АҚШ билігі соғыс қылмыстарына қатысы бар деп айыпталған адамдардың көбін депортациялайды. Себебі, әлгі адам өткен өмірі туралы ақпаратты жасырып қалу арқылы иммиграциялық заңдарды бұзған болып саналады.

Абелюнас адам құқықтарын бұзғаны үшін емес, осы бір техникалық шарттарды орындамағаны үшін АҚШ аумағынан шығарылды. АҚШ соты оны «шетел тыңшысы» екенін ескертпегені үшін ел аумағынан шығарды. АҚШ үкіметі мұны адам құқықтарын қорғау ісіндегі жеңісі ретінде көрсетеді.

Мәселен, 2005 жылы АҚШ иммиграция қызметінің өкілі Кейт Пернисиаро Литва азаматының депортацияланғаны туралы ақпаратты жариялап тұрып: «Өткен өміріндегі ақпаратты жасырып қалған адамдар заңмен қатаң жазаланады. АҚШ адам құқықтарын бұзушыларды қорғамайды» деген еді.

ТЫҢШЫНЫ ЗЕРТТЕУ

АҚШ-та «бұрын КГБ немесе басқа да шетелдік құпия қызметте жұмыс істегендерге мүлде виза берілмейді» деген ереже жоқ. Нью-Йоркте тұратын иммиграция мәселелері жөніндегі заңгер Алена Шауцова:

- Әрине, ондай кісілерге бұрынғы жұмысы туралы біраз сұрақ қойылады, егер ол басқа адамдарды қудалауға қатыспаған болса, ол жайында уайымдап қажеті жоқ, – дейді.

Ал КГБ-дағы жұмысын жасырып қалғандарды АҚШ иммиграция қызметінің адам құқықтарын бұзу және соғыс қылмыстары бөлімшесінің мамандары тексеріп, ақпарат жинау жолымен ол адамның Совет Одағы құпия қызметінде атқарған рөлін анықтайды.

Олар АҚШ мемлекеттік департаментіне мәлімет беріп отыратын Amnesty International сияқты ұйымдардың есептеріне және ақпарат құралдарында 1980 жылдары жарық көрген мақалаларға талдау жасайды.

Иммигрантты тексеріп жатқан АҚШ полицейлері. (Көрнекі сурет)

Иммигрантты тексеріп жатқан АҚШ полицейлері. (Көрнекі сурет)

АҚШ иммиграциялық қыметінің веб-сайтындағы ақпарат бойынша, олар құқық қорғау органдарының, адвокаттардың, барлау қызметінің және қылмыстық тергеу мамандарының, тарихшылардың тұжырымдарын да пайдаланады.

АҚШ иммиграциялық қызметінің ақпаратына қарағанда, 2004 жылдан бері олар адам құқықтарын бұзды деп айыпталған 250 адамды тұтқындап, «адам құқықтарының бұзылуына қатысы болуы мүмкін деген» 640 күдіктіні АҚШ аумағынан шығарып жіберген.

Өзінің өткен өмірі туралы ақпаратты жасырып қалған КГБ-ның кез келген бұрынғы офицері осылардың кебін киюі мүмкін.

(Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG