Accessibility links

Ресейге қарсы санкциялар күшейе түсті


Большевиктер көсемі Владимир Ленин ескерткіші жанындағы ВТБ Банк логотипі. (Көрнекі сурет)

Большевиктер көсемі Владимир Ленин ескерткіші жанындағы ВТБ Банк логотипі. (Көрнекі сурет)

АҚШ пен Еуропа Одағы Украинаның шығысындағы қарулы сепаратистерді қолдап отырған Ресейге бірнеше сала бойынша тағы санкциялар салды.

Ақ үйде сөйлеген Обама "Бүгін біз АҚШ-тың айтқан сөзінде тұратынын және халықаралық қауымдастықты әлемдегі азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауға жұмылдыратынын еске саламыз" деді.

АҚШ-тың қаржы министрлігі шілденің 29-ы күні Ресейдің Украинадағы әрекетіне жауап ретінде осы елдің үш банкі мен кеме құрастыратын бір компаниясына қарсы санкция жариялады.

Батыстың бұған дейінгі санкцияларына ілінген "Газпромбанк". Мәскеу, 17 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Батыстың бұған дейінгі санкцияларына ілінген "Газпромбанк". Мәскеу, 17 шілде 2014 жыл. (Көрнекі сурет)

Енді АҚШ азаматтары мен компанияларына "Москва банкі", ВТБ Банк және "Россельхозбанкке" 90 күннен артық мерзімге несие беруге тыйым салынды.

Президент әкімшілігінің жоғары шенді өкілінің айтуынша, Вашингтон Ресейдің мемлекет үлесі бар ең ірі алты банкінің бесеуіне санкция салып отыр. Бұл банктердің Ресей банк секторындағы үлесі - 30 пайыз.

Бірақ америкалықтар бұл банктермен басқа операцияларды бұрынғыдай жүргізе алады. Банктердің клиенттері тарнзакцияларды доллармен жүргізе береді және олар қолданатын несие карталарын пайдалануға шектеу қойылмайды.

Сонымен бірге, АҚШ азаматтары мен компанияларына Санкт-Петербургтегі Біріккен кеме құрастыру корпорациясымен бизнес жүргізуге тыйым салынды. Бұл корпорацияны Владимир Путин құрған және ол толықтай мемлекет иелігінде.

Бұған қоса, АҚШ сауда министрлігі Ресейге тиесілі Арктика жағалауларында пайдалы қазбаларды бұрғылау немесе суасты зерттеу жұмыстарына қажетті жоғары технологияларды осы елге экспорттауға шектеу қоятынын мәлімдеді.

Бұдан өзге, АҚШ-тың бірнеше ведомствосы Ресейге қарсы жеке санкцияларын жариялады. Ауылшаруашылық министрлігі Ресеймен барлық екіжақты қаржылық және несие қатынастарын тоқтатты. Шетелдік жекеменшік инвестициялар корпорациясы Ресейге қандай да бір жаңа қаржылық қызмет көрсетуді және бұл елмен сақтандыру шарттарын жасасуды доғарды. АҚШ-тың Экспорт-импорт банкі Ресеймен бірігіп қандай да бір экспорттық операцияларды жүргізуден бас тартты.

Журналистерге берген жауабында Барак Обама әкімшілігінің жоғарғы шенді шенеунігі "Бұл санкциялар - кейінгі айларда Ресейге қарсы жасалған шаралардың ең қуаттысы" деп мәлімдеді.

АҚШ-тың Ресейге қарсы бұл санкциялары Еуропа Одағының ресейлік бірнеше азамат пен компанияға қарсы санкцияларды қатайту шешімінен кейін, іле-шала жарияланды. Обаманың айтуынша, ЕО-мен бірігіп салынған санкциялар "әлдеқайда күшті" болмақ.

ЕУРОПА ОДАҒЫ САНКЦИЯЛАРЫ

ЕО шілденің 29-ы күні Ресейдің тағы үш компаниясы мен сегіз азаматына қарсы санкция жариялайтынын мәлімдеді. ЕО-ның Ресейге қарсы санкцияларына осымен 87 азаматы мен 20 компания (мекеме) ілініп отыр.

ЕО бұған қоса, Мәскеумен арадағы қару-жарақ саудасына эмбарго қоюға, Ресейдің мемлекеттік банктерінің Еуропа қаржы нарықтарына кіруіне, мұнай саласына арналған технологиялар мен бейбіт және әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлар экспортына санкция енгізуге келіскен.

ЕО мен АҚШ-тың Ресейге қарсы жариялаған кейінгі санкцияларына орай Обама "Бұл - Ресейдің, әсіресе оның президенті Владимир Путиннің таңдауы" деді.

АҚШ президенті Барак Обама.

АҚШ президенті Барак Обама.

Бірақ санкциялардың күшейгеніне қарамастан, Обама бұл шараларды "жаңа қырғиқабақ соғыс" деп есептеуге болмайтынын айтады.

Барак Обама "Ресей украиналықтардың таңдауына қарсы шығып, бұл елді Ресей вассалына айналдыруға ұмтылудан гөрі, оларға тату көрші болып, сауда байланыстарын орнату арқылы ықпал ете алатындарын тезірек түсінсе, біз де Украинаның шығысындағы дағдарысты бейбіт жолмен реттеуге мүмкіндік алар едік" деді.

АҚШ пен ЕО-ның Ресейге қарсы санкциялары Кремльдің Украинаның Қырым түбегін аннексиялауына байланысты наурыз айында жариялана бастаған еді. Содан бері Ресейге қарсы бірнеше мәрте санкциялар салынып, Украинаның шығысындағы дағдарыс созылған сайын жаңа шектеулер тізіміне кірген Ресей азаматтары мен компаниялары көбейіп келеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG