Accessibility links

Бюджет дағдарысынан соң АҚШ мекемелері жабылды


АҚШ президенті Барак Обама бюджет дағдарысы туралы мәлімдеме жасап болған сәт. 30 қыркүйек 2013 жыл

АҚШ президенті Барак Обама бюджет дағдарысы туралы мәлімдеме жасап болған сәт. 30 қыркүйек 2013 жыл

АҚШ Конгресі үкіметті қаржыландыру туралы келісімге келе алмаған соң бірқатар мемлекеттік мекемелер жабылып, мыңдаған шенеунік қысқартуға ұшырады. Бұл жағдай әлемге қалай әсер етпек?

Конгрестің екі палатасы АҚШ үкіметін қаржыландыру туралы заңды қабылдауға қатысты мәмілеге келе алмаған соң мемлекеттік мекемелер уақытша жабыла бастады. Мұндай қысқару соңғы рет 17 жыл бұрын болған еді.

Заң шығарушылардың келісім жасай алмайтыны белгілі болардан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Барак Обама мәлімдеме жасады. Ол бірқатар мемлекеттік мекемелердің жабылатынын және үкіметтің қарыз алу шегі туралы келіспеушілік дүниежүзілік экономикаға әсер ететінін хабарлады.

"Біз - дүниежүзілік экономика мен қаржы жүйесінің іргетасымыз. Біздің валюта - дүние жүзінің резервтік валютасы. Бұл - оңай нәрсе емес. Бюджетке қатыссыз ішкі саясаттағы қарама-қайшылықтың өз экономикамызға да, әлем экономикасына да қатер төндіруіне жол бермейміз" деді президент Обама.

АҚШ үкіметі ұшыраған қысқарудың себебіне үңіліп көрелік.

"Ішкі саясаттағы қарама-қайшылық" неден туды?

АҚШ Конгресінің төменгі өкілдер палатасындағы басым көпшілік - республикашылар қазанның 1-інде күшіне енуі тиіс жаңа Денсаулық сақтау заңына қарсы. ‘Obamacare’ ("Обама сақтау" - ред.) деп аталып кеткен бұл заңға сәйкес барлық АҚШ азаматтары медициналық сақтандыруға ие бола алады. Жағдайы нашар адамдар үшін де арзанырақ жолмен сақтандыру иелену мүмкіндігі пайда болмақшы.

Республикашылар әуелі Obamacare заңын оны қаржыландыру көзін қысқарту арқылы тоқтатпақ болды. Олар әдетте тез қабылданатын үкімет шығындары туралы заңға осы қысқарту туралы толықтыру енгізді.
АҚШ Конгресінің ғимараты.

АҚШ Конгресінің ғимараты.


Бірақ Обаманы жақтаушы демократтар басым көпшілік болып отырған Сенат денсаулық сақтау туралы жаңа заңға қандай да бір өзгеріс енгізуге үзілді-кесілді қарсы. Сол себепті Сенат үкіметтің шығындары туралы тұтас заңды қабылдамай тастауға мәжбүр болды.

Өткен апта республикашылар Obamacare заңын бір жылға кешіктіру туралы ұсыныс жасап, үкімет шығындары туралы заң жобасын толықтырып өткізген еді.

Сенаттағы демократтар заң жобасын бекітпей тастағасын Ақ үй қарашаның 1-інен бастап үкімет органдарын жаба бастау туралы бұйрық берді.

Бұрын мұндай қысқару болған ба еді?

1995 және 1996 жылдары мұндай жағдай болған. Сол кездегі президент Билл Клинтон республикашылар басымдыққа ие Конгрестен түскен бюджет туралы заңға қол қоймай қойған. Клинтон білім беру, қоршаған ортаны және зейнеткерлердің денсаулығын қорғау саласына бөлінген қаржы көлемімен келіспеген.

Үкімет қалай қысқарады?

Бұл қысқартудан ең қатты зардап шегетіндер - федералдық үкімет қызметкерлері, яғни шенеуніктер. Ұзын саны 1.2 - 2 миллион үкімет қызметкеріне жұмысқа шықпау туралы нұсқау беріледі де, оларға жалақы төленбейді.

Үкімет маңызды деп санайтын мемлекеттік қызметкерлер - түрме күзеті, әуе дипетчерлері, шекара қызметі, санэпидемиология мамандары жұмыс істей береді, бірақ оларға да жалақы төленбейді.
Сенаттағы басым көпшілік - демократтар жетекшісі Гарри Рейд Капитолийге кіріп келеді. 30 қыркүйек 2013 жыл.

Сенаттағы басым көпшілік - демократтар жетекшісі Гарри Рейд Капитолийге кіріп келеді. 30 қыркүйек 2013 жыл.


Президент Барак Обама борышын атқарып жүрген америкалық әскери қызметкерлерге уақытылы жалақы төленсін деген жеке заңға қол қойғанын мәлімдеді.

Ардагерлер, мүгедектер, зейнеткерлер мен әлеуметтік жағдайы нашар адамдар жәрдемақасын ала береді.

Мемлекет қарауындағы ұлттық парктер жабылады. Тіпті пандаларға мекен болған Вашингтондағы әйгілі Смитсон институтына қарайтын Ұлттық зообақ та жабылады. Қоршаған ортаны қорғау министрлігі де толық жабылады. Төлқұжат, виза және миграциялық құжат беру қызметтері кешеуілдейді.

Қарыз алу шегі

АҚШ үкіметі жаңа қаржы жылы басталмай жатып қорындағы ақшаны жұмсап қойып, қарыз алу шегін ұлғайтуға тырысып жатыр.

Республикашылар үкімет тым көп қаржы жұмсайды деп санайды. Олар үкіметтің 16,7 триллион АҚШ долларына тең қарыз алу шегін өсіруге қарсы. Сол себепті республикашылар үкіметті қаржыландыру шегін кеңейтпей тастау үшін заңға өзгерістер енгізіп, бюджеттің бекітілуіне қарсы шығатындарын алдын ала да ескерткен.

Қарыз алу шегі ұлғаймаған жағдайда АҚШ үкіметі шығынын жаба алмай, мемлекеттік қызметкерлерге жалақы төлей алмай дағдарып қалады.

АҚШ үкіметінің қысқаруы ел ішінде ғана емес, дүниежүзінде де байқалмақ. Қор биржалары қазірдің өзінде тұрақсыздықты сезініп үлгірді. Бірқатар сарапшылар дағдарыс тереңдей беретін болса, оның зардабы әлемдік деңгейде де көрінеді деп санайды.
XS
SM
MD
LG