Accessibility links

АҚШ пен Қытай "терроршы ұйғырлар" туралы екі бөлек көзқараста


Үрімжідегі мешіт маңын жұма намазы кезінде қорып тұрған қытай полициясы. Көрнекі сурет
Үрімжідегі мешіт маңын жұма намазы кезінде қорып тұрған қытай полициясы. Көрнекі сурет

Вашингтонның Гуантанамода қамауда отырған соңғы қытайлық үш ұйғырды Словакияға жіберу туралы шешімі Пекиннің наразылығына ұшырады.

АҚШ үкіметі Гуантанамода қамауда отырған үш қытайлық ұйғырды Словакиядағы орталыққа жіберу туралы шешімін оң деп санайтынын мәлімдеді.

"АҚШ үкіметі бұл ұйғыр азаматтарға "соғысқұмар жау" ретінде қарамайды, оларды ары қарай қамауда ұстауға ниетті емес. Бұл үшеуі 2008 жылы федералдық сот шешімімен Гуантанамодан босатылған 17 ұйғыр тұтқынның ішінде болған" деді АҚШ үкіметінің өкілі Мари Харф 2 қаңтар күні.

Шыңжаңдағы cоңғы үш жылда болған қақтығыстар

Шыңжаңда 2011-2014 жылдары болған қақтығыстар

  • 2014, шілденің 28-і - Қашғар округі Ярканд уезінде шерушілер мен полиция қақтығысып, Қытай билігі дерегінше - он шақты адам, дүниежүзілік ұйғыр конгресі дерегінше - 33 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 21-і - полиция учаскесіне жасалған шабуылдан 13 адам қаза тапты.
  • 2014, маусымның 15-і - пышақпен қаруланған үш адам Қотандағы ойын орталығына шабуыл жасады.
  • 2014, мамырдың 22-сі - Үрімжі қаласында жарылыстан 40-қа жуық адам қаза тапты.
  • 2014, сәуір - Үрімжідегі теміржол вокзалында пышақпен қаруланған адамдардың шабуылы мен жарылыстан бір адам мерт болды.
  • 2013, желтоқсан – Яркендте полицияға шабуыл жасалып, 8 адам өлді
  • 2013, қараша – Қашқарда полицияға шабуыл жасалып, 11 адам өлді
  • 2013, қазан – Тяньаньмэнь алаңындағы жарылыстан 5 адам қаза тапты
  • 2013, қыркүйек – үш ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, тамыз – екі ұйғыр өлім жазасына кесілді
  • 2013, маусым – Тұрпандағы қарулы қақтығыста 35 адам мерт болды.
  • 2013, сәуір – этникалық ұйғырлар мен полиция арасындағы қақтығыстан 21 адам (оның 15-і полицей) қаза тапты.
  • 2013, наурыз – Корла қаласында төбелес болып, 4 адам қаза тапты.
  • 2012, ақпан – Яченг аймағында қақтығыстан 12 адам өлді.
  • 2011, желтоқсан – Қытай полициясы Шыңжаңда «террорист» деп 7 адамды атып өлтірді.
  • 2011, тамыз – Қашқардағы қақтығыста 12 адам қаза тапты.
  • 2011, шілде – Қашқар және Қотандағы жанжалдан 32 адам қаза болып, 4 ұйғыр өлім жазасына кесілді.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі АҚШ үкіметін бұл шешіміне байланысты сынап, қамаудан босатылатын ұйғырларды "елдің қауіпсіздігіне қатер төндіруші терроршылар" деп атаған.

Пекин 2 қаңтар күні АҚШ-тың Гуантанамо түрмесінде отырған үш ұйғырды Словакиядағы қамау орталығына жіберу туралы шешіміне наразылық білдірген.

Қытайдың сыртқы істер министрлігі бейсенбі күні ұйғыр тұтқындарды елге қайтаруға тырысатындарын, олардың қауіпсіздікке қатер төндіретінін айтқан.

Пекинде өткен баспасөз мәслихатында сыртқы істер министрлігінің өкілі Цинь Ган: "Олар - нағыз терроршылар. Олар тек Қытайдың емес, өздерін қабылдап алатын кез-келген елдің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Қытай оларды қабылдап алушы ел халықаралық міндеттемелерін орындап, терроршыларға баспана бермей, Қытайға тез қайтарады деп үміттенеді" деп мәлімдеген еді.

АҚШ осы аптаның басында Гуантанамо әскери түрмесінде отырған үш ұйғыр босатылады және Словакияға тапсырылады деп жариялаған болатын. Словакияның ішкі істер министрлігі бұл ақпаратты растаған.

Гуантанамода қамауда болған ұйғырлардың көпшілігі 2001 жылы Пәкістан мен Ауғанстан шекарасында ұсталып, Талибанның дайындығынан өтті деп сипатталып келген. Бірақ Ақ Үй олардан АҚШ-қа төніп тұрған қауіп жоқ деп санайды.

Ұйғырлар - Қытайдың батысындағы Шыңжаң өлкесін мекендейтін ең ірі түркітілдес этникалық топ. Пентагонның хабарлауынша, Словакияға жөнелтілетін үш ұйғыр - Гуантанамода қамауда болған қытайлық 22 мұсылманның ең соңғылары. Бұл үшеуі де 2001 жылы Ауғанстанда ұсталған. Азаттық Гуантанамодан босап Албаниядан босқын ретінде пана тапқан ұйғырлардың тағдыры туралы жазған болатын.
XS
SM
MD
LG