Accessibility links

ЦРУ басшысының қызметтен кету «хикаясы»


АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы Дэвид Пэтреус пен Пола Бродуэлл.

АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының бұрынғы басшысы Дэвид Пэтреус пен Пола Бродуэлл.

Америкалық басылым АҚШ Орталық барлау басқармасы басшысы Дэвид Петреус туралы мақала басты. Мақала авторы «ЦРУ басшысының жеке өміріне қатысты оқиға ойдан шығарылған» деген тұспал айтады.

Washington Post-тың («Вашингтон Пост») бұл мақаласы қарашаның 13-і күні жарияланды.

«ШПИОНДАР ТУРАЛЫ РОМАНДАРДА КЕЗДЕЙСОҚТЫҚ БОЛМАЙДЫ»

Басылым «Дэвид Петреустің жанжалға белгілі бір дәрежеде қатысы бар екенін растай отырып, осы оқиғаға байланысты көп жайттың әлі де түсініксіз екенін» жазады.

Автор мақаланың басында өткен жұмада қызметінен кеткен Орталық барлау басқармасы (ағ. CIA, ор. ЦРУ) басшысы Петреуске мінездеме беріп: «Ол - өте ашық жарқын, өжет, ісіне жан-тәнімен берілген, жауапты адам. Бірақ ол - мансапқұмар» деп сипаттаған.
Пола Бродуэлл. Петреустің биографиясын жазған журналист, запастағы офицер.

Пола Бродуэлл. Петреустің биографиясын жазған журналист, запастағы офицер.


Журналист әйел Пола Бродуэлге байланысты жұмыстан кеткен Дэвид Петреус - АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскерін басқарған жоғары лауазымды офицер. Президент Барак Обамамен тактикалық тұрғыда пікірі үйлеспесе де, ЦРУ басшысы болып тағайындалған. АҚШ ақпарат құралдары оны президенттікке лайық кандидаттардың бірі ретінде де атаған.

Пола Бродуэлл - Вест-Пойнт университетін бітірген запастағы офицер. Петреуспен 2006 жылы кездесіп, 2012 жылы ол туралы биографиялық кітабын жариялаған. Генерал екеуінің қарым-қатынастарын Джилл Келли есімді әйелдің шағымы бойынша ФБР тексерген.

Мақала авторының жазуынша, Дэвид Петреустің ең жақын достары мен қолдаушылары оның жеке имиджі үшін жанын салатын мінезінің бар екенін растаған.

Басылым бұл жолғы жанжалдың ашыналық қатынасқа байланысты басталғанын айтыпты. Автор «мұндай жасырын, заңсыз байланыс абыройсыз» екенін жаза келе, «бұл оқиғаны адам ретінде түсінуге болады» деген пікір айтқан.

Мақалада «ықылым заманнан бері мұндай романтикалық байланыстардың құпиялары ешқашан түбегейлі әшкере болмағаны» да ескертілген.

«БАС БАРЛАУШЫНЫҢ IP-АДРЕС ТУРАЛЫ БІЛМЕУІ МҮМКІН ЕМЕС»

АҚШ Федералды тергеу бюросының (ағ. FBI, ор. ФБР) қызметкерлері 2012 жылдың жазында генерал Петреустің электронды поштасын тексерген кезде оның журналист әйел Пола Бродуэллмен ашыналық байланысы бар екені мәлім болған.
АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клеппер. Вашингтон, 31 қаңтар 2012 жыл.

АҚШ ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клеппер. Вашингтон, 31 қаңтар 2012 жыл.


Петреустің үстінен қарайтын ұлттық барлау қызметінің директоры Джеймс Клепперге қарашаның 6-сына дейін қарамағындағы қызметкерге байланысты тексеру жүріп жатқаны жайлы ештеңе айтылмаған.

Джеймс Клеппер бұл жаңалықпен президент сайлауы өтетін күні танысқан. Бірақ мақала авторы мұндай деректерге сенбейді. Оның ойынша, «шпиондық романдарда кездейсоқтық деген болмайды».

Мақала авторы «ФБР агенттері әділет министрлігі мен одан да жоғары тұрған органдарға білдірмей ЦРУ директорының жеке өмірін бақылай алады дегенге сену қиын» деп есептейді.

Басылымның дерегі бойынша, «Клеппер оқиға жайында Обамаға мәлімдеген кезде Петреустің келешегіне қатысты біраз ақыл-кеңестер айтуға міндетті болған».
АҚШ президенті Барак Обама. Чикаго, 6 қараша 2012 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама. Чикаго, 6 қараша 2012 жыл.


«Белгісіз біреулер саяси науқан аяқталғанша (АҚШ-та өткен президент сайлауын айтады - ред.) Ақ үйге бұл ақпаратты айтпау туралы шешім қабылдаған» дейді басылым. ФБР-дің тексеру жұмыстарын Ақ үйден құпия ұстауын мақала авторы: «ФБР қызметкерлері «ФБР ЦРУ-ді аңдып жүр» деген әңгіменің шықпауын қалаған» деп түсіндіреді.

Автор оқиғаның кейбір тұстарына күмән келтіріп, «АҚШ-тың бас барлаушысы өзінің жеке өміріне қатысты шағын құпияны ешкімге білдірмеудің әдісін таппағаны қалай?» деген сауал қояды.

Елге тараған ақпараттар бойынша, Петреус өзінің gmail.com желісіндегі электронды почтасы арқылы Бродуэлмен бүркеме есіммен хат-хабар алмасып отырған. Бірақ мақала авторы «бас барлаушының электронды ақпараттардың қай жерден жіберілгенін IP-адрес арқылы тауып алу тәсілі бар екенін білмеуі мүмкін емес» дейді.

«ПЕТРЕУС - ҚЫЗЫҚ АДАМ»

Мақала авторы «Петреустің өмірбаяны жайлы мақтап кітап жазған Пола Бродуэлл туралы көп ақпарат білмейміз» дей келе, 2011 жылы қаңтар айындағы «The Daily Show» телехабарын еске алады. Бағдарламада саяси сатирик, журналист Джон Стюарт «Расында да бұл жерде даулы мәселелер бар. Ол (Петреусті айтады - ред) өте қызық адам сияқты» деген.
Солдан оңға, жоғарыдан төменге қарай: генерал Дэвид Петреус пен Пола Бродуэлл, генерал Джон Аллен (жалғыз тұр), Джилл Келли Дэвид (жалғыз тұр) және Петреус пен әйелі Холли.

Солдан оңға, жоғарыдан төменге қарай: генерал Дэвид Петреус пен Пола Бродуэлл, генерал Джон Аллен (жалғыз тұр), Джилл Келли Дэвид (жалғыз тұр) және Петреус пен әйелі Холли.


Washington Post жариялаған бұл мақалада «Петреусті тексеруге түрткі болған тағы бір «куәгер» Джилл Келли жайында да ақпараттардың өте аз екені» жазылған. Кейбір мәліметтер оны да Петреуспен көңіл жарастырған деп сипаттайды. Алайда Тампа қаласында (АҚШ, Флорида штаты - ред.) тұратын Келлидің өзі де, күйеуі де - Петреустің жақын араласатын адамдары. Келлидің айтуынша, ол Бродуэллді танымайды. Бірақ оның электронды поштасына бүркеме атпен қорқыту мақсатындағы хаттар келе бастаған. Автор «Келли бұл хаттар туралы ЦРУ-ге айтып, тексеріс содан басталған» дейді.

Автордың пайымдауынша, осының бәрі ойдан құралған оқиға сияқты. Қарапайым өмір сүріп жатқан әйел қауіпті хаттар алып, ФБР-ден жәрдем сұрайды. Бірнеше ай өтпей жатып АҚШ-тың бірінші барлаушысы қызметінен кетеді. Автор «Егер сіз кездейсоқтыққа сенетін болсаңыз, бары – осы» дейді.

Кешелі бері ақпарат құралдары бұл оқиғаға Ауғанстандағы НАТО күштерінің қолбасшысы генерал Джон Алленді де қосып айта бастады. Reuters-тің жазуынша, генерал Аллен мен Джилл Келлидің арасында да «күмәнді байланыс» болуы мүмкін.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG