Accessibility links

Обама Клинтонды «президент болуға толық лайық» деді


АҚШ президенті Барак Обама мен президенттікке үміткер Хиллари Клинтон. Филадельфия, 27 шілде 2016 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама мен президенттікке үміткер Хиллари Клинтон. Филадельфия, 27 шілде 2016 жыл.

АҚШ-та демократиялық партия съезінде сөйлеген Барак Обама «ел тарихында президенттік қызметке дайын мұндай тұлға болмағанын» айтты.

Филадельфиядағы жиында сөйлеген АҚШ президенті Барак Обама елдегі тұңғыш әйел президент болуы мүмкін Хиллари Клинтонды толық қолдайтынын, оның тіпті «өзінен де, Билл Клинтоннан да гөрі президенттікке дайын» екенін айтты.

Обама республикашыл партия атынан президенттікке үміткер миллиардер Дональд Трамптың позициясын сынады. Ол АҚШ-тағы жағдайды Трампқа қарағанда басқаша бағалайды. «Заңсыз мигранттар мен террористер АҚШ-ты қоршауға алды», «АҚШ-ты қайтадан қуатты елге айналдырайық» деген республикашыл кандидаттың ұраны жалған» екенін айтты. Обама: «Америка онсыз да құдіретті. Америка онсыз да қуатты. Оның құдірет-қуаты дәл Дональд Трампқа қарап қалған жоқ. Мен бұған уәде беремін» деді.

Республикашыл партия атынан президенттікке үміткер Дональд Трамп. Огайо, 21 шілде 2016 жыл.

Республикашыл партия атынан президенттікке үміткер Дональд Трамп. Огайо, 21 шілде 2016 жыл.

Барак Обама сөзінің көп бөлігі Хилларидің басты бәсекелесі Трампқа арналды. Ол Трамп туралы: «Путиннің алдында төменшіктейді, Саддам Хусейнді ұлықтайды және 2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан соң бізді қолдаған НАТО құрамындағы одақтас елдерден АҚШ қорғауында болғаны үшін ақы төлеуді талап етеді» деді.

Барак Обама АҚШ қамқорлығының сатылмайтынын, ол қашанда өз уәдесін орындайтынын, соңғы сегіз жылда АҚШ беделі тек арта түскенін айтты. Ол соңғы екі президенттік мерзім ішінде елінің жеткен жетістіктерін – экономикалық рецессиядан соңғы ес жию, денсаулық саласындағы жаңа реформа, 2011 жылы «әл-Қаида» ұйымының көсемі Усама бин Ладеннің көзін жою сияқты істерді айтты.

Хиллари Клинтон сәрсенбі күні АҚШ тағы ең басты партиялардың бірі – демократиялық партия атынан президенттікке ұсынылған тұңғыш әйел үміткер болды. Енді бейсенбіде осы ұсынысты ресми түрде қабыл алған сәттен бастап демократтардың президенттік қызметке ұмтылған ортақ көшбасшысына айналады.

АҚШ президенті болудан үміткер Хиллари Клинтон жақтастарына видео жолдау жасап тұр. Пенсильвания, 26 шілде 2016 жыл.

АҚШ президенті болудан үміткер Хиллари Клинтон жақтастарына видео жолдау жасап тұр. Пенсильвания, 26 шілде 2016 жыл.

Вице-президенттікке үміткер болуға сенатор Тим Кейн де келісімін берді. Ол Клинтонгың президенттік орынға ұмтылуы «оның сенімінің арқасы» деген. Тим Кейн кандидаттың «жүрегі де, тәжірибесі де, АҚШ-ты бірліктің арқасында қуатты ете алатынын білетіні де» осы шешімге әкелгенін айтты.

Обама мен Клинтон 2008 жылы демократиялық партия атынан үміткер болып, президенттік орынға кандидаттық үшін үлкен күрес жүргізген болатын. Ол күресте Обама жеңіп, Хиллари ханымды мемлекеттік хатшы етіп тағайындаған.

Өткен аптаның жұмасында рспубликашыл партияның президенттікке кандидаты ретінде Дональд Трамп анықталған еді. Ол керекті 1237 дауыс деңгейінен өтіп, 1604 дауыс жинаған. Ал Хиллари Клинтон өзіне керекті 2383 дауыс орнына 2821 дауысты алған.

АҚШ-та президент сайлауы 8 қарашада өтеді.

XS
SM
MD
LG