Accessibility links

Джон Теффт АҚШ-тың Ресейдегі елшісі болуы ықтимал


Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Харьков, 14 мамыр 2012 жыл.

Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Харьков, 14 мамыр 2012 жыл.

Оны АҚШ-та ескі дипломатиялық мектептің кәсіби өкілі деп біледі. Ал Ресейде оны Грузия мен Украинадағы «түрлі-түсті төңкерістердің» басты ұйымдастырушысы деп есептейді. Дипломат АҚШ-тың Ресейдегі келесі елшісі болып тағайындалатын сыңайлы.

Мәскеуде Джон Теффтің «режимді ауыстыру жөніндегі эксперт», көршілес елдердегі толқуларды қоздыру мақсатында Вашингтон әдейі жіберген «дипломатиялық диверсант» деген «атақтары» бар. Енді Джон Теффт Ресейге елші қызметін атқаруға келіп, осы әрекеттерін қайталауы мүмкін деп қауіптенеді Кремль маңындағылар.

АҚШ әкімшілігі оны соңғы кездері араларына салқындық түскен Мәскеумен екі араны қайта жақсарту үшін қызметке жібермекші.

РЕСЕЙДІҢ КҮДІГІ

АҚШ президенті Барак Обама жақында Джон Теффті Вашингтонның Мәскеудегі елшісі етіп тағайындағанын жарияламақ. Ресей баспасөзінің мәліметтеріне қарағанда, Кремль оның келуіне қарсы еместігін хабарлаған.

Ақпарат құралдарының айтқаны рас болса және АҚШ сенаты кандидатурасын қолдаса, Теффт қырғиқабақ соғыстан бері болмаған деңгейге дейін нашарлаған Вашингтон-Мәскеу қарым-қатынасына жан бітіру мақсатында Ресейге елші болып келмек. Наурыз айында Ресейдің Украинаға тиесілі Қырым түбегін аннексиялауы және Украинаның шығысында ресейшіл қарулы топтардың бас көтеруі екі елдің арасына сызат түсірген.

Мұндай шиеленіскен түйінді шешуге бұрынғы Совет елдері бойынша кәнігі 64 жастағы маманнан басқа ешкімнің тісі бата бермес.

Ресейдің Теффтке күдіктене қарайтын себебі де бар. Ол Украина мен

Джон Теффт АҚШ-тың Грузиядағы елшісі кезінде. Гори, 29 шілде 2009 жыл.

Джон Теффт АҚШ-тың Грузиядағы елшісі кезінде. Гори, 29 шілде 2009 жыл.

Грузияда «түрлі-түсті төңкерістердің» арқасында жаңа өкімет билікке келгеннен кейінгі кезеңде осы елдерде АҚШ-тың дипломатиялық өкілдігін басқарған.

Дипломатиялық қызметте 40 жыл тәжірибе жинаған Джон Теффт 2004 жылғы Украинадағы «қызғылт-сары төңкеріске» АҚШ-тың реакциясына ерекше үлес қосқан, кейін 2008 жылғы Ресеймен қысқа соғыс кезінде Грузиядағы елші қызметін атқарған.

Сол кезде Мәскеу Батысты «Грузия президент Михаил Саакашвилиді сепаратист аймақтар – Оңтүстік Осетия мен Абхазияға қарсы әскери операцияларды бастауға үгіттеп, айдап салды» деп айыптаған.

Осы соғыстан бір жыл бұрын Теффт грузин сепаратистеріне тікелей көмек көрсетіп отыр деп Ресейді кінәлаған. Оның осы жөнінде жазған дипломатиялық құпия хаттары WikiLeaks сайтында және британиялық The Guardian басылымында жарияланған.

2009 жылы Тбилисидегі қызмет мерзімі біткен соң Обама оны Украинадағы елші етіп тағайындады. Бұл кезде билігі қожыраған

Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Киев, 14 сәуір 2012 жыл.

Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Киев, 14 сәуір 2012 жыл.

батысшыл президент Виктор Ющенконың орнына Кремльге бүйрегі бұратын кандидат Виктор Янукович президент болып сайланған.

Биыл ақпанда жаппай наразылыққа шыққан халықтың қысымына шыдамаған Янукович билікті тастап Ресейге қашып кетті. Мұның соңы Кремльдің Қырымды аннексиялауына және Украинаның шығысында ресейшіл сепаратистердің бас көтеруіне ұласты.

Киевте наразылық шерулері былтыр қарашада басталған. Ол кезде Теффттің Украинадағы дипломатиялық қызметі аяқталғанына қарамастан, Кремльдің жақтастары АҚШ елшісін «Януковичті кетіру қойылымы сценариінің авторы» деп атады. Ресей мұны «Кремльдің аймақтағы ықпалын азайту үшін Батыс державалары ұйымдастырған төңкеріс» деп сипаттады.

«Оның Украинадағы қазіргі оқиғаларды ұйымдастырудағы рөлін бағаламау мүмкін емес» деді сәуір айында Ресейдің мемлекеттік радиосына берген сұхбатында Ресей Қоғамдық палатасының Кремль тағайындаған мүшесі Вероника Крашенинникова.

Теффт одан бұрын, 2000-2003 жылдары Ресейдің сыртқы саясаттағы амбициясына сақтықпен қарайтын Литвада елші қызметін атқарған. Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдарының айтуынша, «Балтық бойындағы осы елде қызмет етіп жүрген тұста оның Кремльге деген өшпенділігі арта түскен».

Ал Теффттің өзі «бойымда Ресейге қарсы өшпенділік сезімі мүлде жоқ» дейді.

Мен Ресейге қарсы емеспін.

«Мен Ресейге қарсы емеспін. Тек әлемнің осы бөлігіндегі әрбір ел бір-бірінің тәуелсіздігі мен егемендігін құрметтей отырып, өзара ынтымақтаса жұмыс істей алады, бір-бірінен үйрене алады деп санаймын» деген еді ол 2009 жылы украиналық «Сегодня» газетінде орыс тілінде жарық көрген сұхбатында.

«ДЕТЕКТИВ КОЛОМБО» ДИПЛОМАТИЯСЫ

Теффт қырғиқабақ соғыстың орта тұсында, 1972 жылы Еуропа жөніндегі маман ретінде дипломатиялық қызметке келген. 1980 жылдары ол АҚШ мемлекеттік департаментіндегі Совет Одағы бөліміне ауысады, 1985 жылы АҚШ делегациясының құрамында қаруларды бақылау жөніндегі келіссөздерге қатысады.

Совет Одағы тараған кезде ол АҚШ мемлекеттік департаментінде Совет мәселелері бөлімі бастығының орынбасары болған. Теффт 1996-1999

Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Киев, 21 сәуір 2010 жыл.

Джон Теффт АҚШ-тың Украинадағы елшісі кезінде. Киев, 21 сәуір 2010 жыл.

жылдары АҚШ-тың Мәскеудегі миссиясы басшысының орынбасары бола жүріп Ресейдегі саяси-экономикалық толқуларды өз көзімен көрген.

Совет Одағымен және Ресеймен қарым-қатынас саласында жинаған мол тәжірибесін, соның ішінде 10 айын АҚШ-тың Ресейдегі уақытша сенімді өкілі қызметіне арнағанын ескерсек, қазіргідей екі ел арасы тым алшақтап тұрған шақта елдестіруші рөліне бұдан артық кандидат жоқ дейді оның бұрынғы әріптестері.

Егер Теффт осы қызметке тағайындалып, АҚШ сенаты оның кандидатурасын бекітсе, онда оның жұмыс тәсілі мұның алдындағы елші Майкл Макфолдікіне мүлде ұқсамайтын болады. Макфол халықпен қарым-қатынаста Twitter-дің көмегіне жиі жүгінгенімен есте қалды.

«Джон Теффт – үкіметтер арасындағы астыртын дипломатия нормаға айналған заманда өсіп-жетілген дипломат» деді Азаттық радиосына берген сұхбатында онымен бірге жұмыс істеген АҚШ-тың бұрынғы ресми қызметкері. Оның айтуынша, Теффтің Мәскеудегі қызметке тағайындалуы «керемет таңдау» болған.

Жыл басында Мәскеуде елшілікке Теффт тағайындалуы мүмкін деген әңгіме шыққанда Макфолдың өзі бұл қарт дипломатты «осы маңайдағы ең мықты елші» деп атап, «керемет таңдау жасалғанын» айтып, Twitter-де жазба қалдырған.

Висконсинде туып-өскен Джон Теффттің қалпақ жинайтын хоббиі бар. Ол халыққа жақын, қарапайым тілде сөйлейді әрі елмен ашық-жарқын араласады.

2009 жылы Грузиядағы қызметінен кетер алдында ток-шоуда сөз алған ол Луис Армстронгтың әйгілі «Неткен керемет әлем» (What a Wonderful World) деген әнін орындап, жұртшылықты таңқалдырған.

Әріптестерінің сөзіне қарағанда өңі жылы Теффт – дипломатияда өте сұңғыла, қажет жерінде қатал әрі талапшыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысының орынбасары Томас Мелиа былтыр Джон Теффт туралы «ол шетелдік ресми тұлғалармен сөйлескенде әрдайым екі тарапта әрекет етіп, оларды таңқалдырып отырады» деген еді.

Мелианың айтуынша, Теффт әйгілі америкалық фильмдегі Питер Фальк сомдаған детектив Коломбоға ұқсайды. Әңгіме бітіп, сұхбаттасушылар жөніне кетіп бара жатқан тұста оның кенет кері бұрылып: «Тағы бір нәрсе қалып қойыпты» деп сөз бастайтын әдеті бар.

«Содан соң ол дауысын бәсеңдетіп, ымыраға келмей отырған елдің өкіліне оның қызының келесі күзде АҚШ-қа оқуға келгелі жатқанын, оның виза құжаттары тексеріліп жатқанын бипаздай жеткізеді. Немесе бидай саудасынан америкалық компанияларды әділетсіз түрде тықсырып жатқан ел президентінің көмекшісіне бұл шаруа реттелмесе мұның салдары болатынын баппен айтады» деді Мелиа былтыр күзде Теффтке адам құқықтары бойынша сыйлық тапсырып тұрып сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, Джон Теффт «тіпті жұртқа ұнамайтын сыни пікір айтып тұрған күннің өзінде қарсыласы оған адам ретінде жылы қарап, сөз соңында өзіне қонақ болып қайтуға шақырады».

Киевте тұратын саяси сарапшы Михаил Погребинский шілде айында Ресейдің «Профиль» журналына берген сұхбатында америкалық дипломатты «сүйкімі бар әккі саясаткер» деп сипаттаған. Оның айтуынша, Джон Теффт – «қарсыласын еш қақалмастан қылғыта жұтатын» дипломат.

ЖҰРТТЫҢ ЖОРУЫ

Жыл басында «Мәскеуге Джон Теффт елші болып келеді екен» деген әңгіме тарағанда ресейлік және америкалық сарапшылардың біразы «Украина дағдарысына байланысты Обама әкімшілігі Мәскеумен ара-қатынасты суытпақшы» деп болжаған.

Ал АҚШ әкімшілігінің бұрынғы қызметкерлері бұл пікірмен келіспейді.

Джон Теффт – 30 жылдан астам уақыт бойы АҚШ-тың атынан шетелдерде өкілдік етіп келе жатқан тәжірибелі маман.

«Мұны жұрт айтып жүргендей «ол Украина мен Грузияда қызметте болған, демек мұндағы басты мақсат – Ресейдің қитығына тию» деген қарабайыр түсінікпен сипаттағым келмейді. Меніңше, бұл – қате түсінік. Джон Теффт – 30 жылдан астам уақыт бойы АҚШ-тың атынан шетелдерде өкілдік етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Осы уақытының көбін ол Ресеймен қарым-қатынас мәселесіне жұмсаған» деді Азаттық радиосына берген сұхбатында Теффтпен бірге жұмыс істеген АҚШ-тың бұрынғы ресми қызметкері.

Теффтпен мемлекеттік департаментте істес болған, қазір адам құқықтарын қорғаумен айналысатын Freedom House ұйымын басқаратын Дэвид Кремердің айтуынша, ол әріптесінің Мәскеуге елшілікке жіберілетінін 2013 жылдың жазында естіген.

Кремердің айтуынша, ол Ресейде АҚШ-тың барлау материалдарын жариялаған Эдвард Сноуденге саяси баспана беру туралы шешім шығып, гейлерді насихаттауға қарсы заң қабылданып жатқан ауыр кезең болатын. «Бірақ сонда да екі ел арасындағы жағдай қазіргідей ушыға қоймаған еді» дейді Кремер.

«Украинада, Литвада және Грузияда елші болған оны енді Ресейге жіберіп жатыр» деген ешқандай ишараны көріп тұрған жоқпын. Меніңше, ол – өз саласындағы ең білікті маман» деді Кремер.

Ресейдің ресми тұлғалары да Джон Теффттің кәсіби деңгейін жоғары бағалайды, бірақ оның қандай мақсатпен жіберіліп отырғанына қатысты күдік-дүдәмалдары да бар.

Сәуір айында Ресейдің «Комсомольская правда» газетіне берген сұхбатында Ресейдің БҰҰ-дағы елшісі Виталий Чуркин: «Теффт – біздің аймақта мол тәжірибе жинаған білікті дипломат, сондықтан ол осы өңірдің проблемаларын жақсы түсінеді деп ойлаймын» деді.

«Егер ол бұрынғы жұмыс тәжірибесін және біз туралы онша жақсы емес мәлімдемелерін негізге ала отырып Ресейдің қитығына тию үшін жіберіліп отырған болса, онда оның елші ретіндегі жұмысының нәтижесі нөлге тең болады. Егер ол диалог орнату мақсатында келе жатса, біз оның қызметіне басқаша қараймыз» деді Чуркин.

Кремердің болжауынша, дипломатиядағы тәжірибесіне қарай Ресей Теффтті Макфолдан да жақсы қарсы алатын болады.

Бұрынғы Совет одағындағы демократиялық қозғалыстар туралы ғылыми еңбектер жазған ғалым Майкл Макфол 2012 жылы елшілік қызметтен кете салысымен Ресейдің мемлекеттік ақпарат құралдары оны жергілікті оппозиция белсенділерімен кездескені үшін сынаған.

«Оларға сылтау дайын тұрды, олар тек «Play» деген түймешені басып қана отырды. Меніңше, олар Джонға бұлай істей алмайды» деді Кремер.

Дипломатияның ескі мектебінің өкілі ретінде Теффттің Макфолдан және бір үлкен айырмашылығы болмақ. «Ол Twitter-ді аз пайдаланды» дейді Кремер.

(Азаттық тілшісі Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG