Accessibility links

Ресейдің Батыстағы бейнесін жақсарту мақсатында ресми Кремль шетелдік ПиАр компаниясын жалдап отыр


Ресми Кремль бұған дейін кез келген мәселеде әрдайым өз күшіне ғана сенумен келген еді. Алайда шілде айында өтетін Үлкен Сегіздіктің Мәскеудегі жиыны қарсаңында Ресейге деген әлемдегі көзқарасты біраз жақсарту мақсатында ресми Кремль алғаш рет шетелдік ПиАр компаниясын жалдап отыр.

Өткен айда Ресейдегі ресми орындар гомосексуалистердің Мәскеуде бейбіт шеру өткізуіне рұқсат бермеген кезде Батыстағы бақылаушылар бір таңырқаған еді. Рұқсат берілмегеніне қарамастан өз шеруін өткізуге шыққан гомосексуалистердің тобы Батыстық телекамералардың алдында діни және әсіреұлтшыл белсенділердің соққысына жығылғанда бақылаушылар үрейленді.

Батыстағы көзқарас тұрғысынан алғанда, бұл Ресейдің Үлкен Сегіздіктегі төрағалықты өз қолына алғаннан берідегі кезекті қатесі еді. Жыл басында Ресей әлемдегі дамыған сегіз мемлекеттің басын біріктіретін топ - Үлкен Сегіздіктегі төрағалық мерзімді бастағаннан беріде бірнеше жанжалды жағдайдың болғаны белгілі.

Табиғи газ бағасына орай туындаған айтыс кезінде Ресей қаңтардың 1-інде Украинаға газ тасымалын доғарған еді. Бұл қадам Ресей газ экспорттаушы әріптес ел боп табылады деген Батыс елдерінің сеніміне көлеңке түсірген еді. Көптеген бақылаушылар Ресейдің Украинаға сататын табиғи газға бағаны көтеруіне толық хақы болды десе де, ресми Мәскеу осы және тағы бірқатар мәселелерде өз ұстанымын Батысқа жеткізе алмай келеді.

Ресей Президенті баспасөз уәкілінің орынбасары Дмитрий Пешков Ресейдің Батыспен тіл табысуда қиындықтары бар екенін мойындап отыр.

"Газпром мен Украина арасындағы текетірес жағдай бізді кейде дұрыс түсінбей жататынын анық аңғартқандай болды. Газпром Батыс елдеріне газ тасымалын тоқтатқан емес, бар айтыс Украинамен арада еді. Алайда, көптеген талдаушы мұны түсінгісі келмеді, Ресей газ бен табиғи байлықтарын саяси қысым жасаудың құралы ретінде пайдаланып отыр деп бізді айыптады. Ал бұл бизнес мәселесі ғана болатын", - дейді «Азаттыққа» берген сұхбатында Ресей Президенті баспасөз уәкілінің орынбасары Дмитрий Пешков.

Оның сөзінше, егер сол кезде Батыстық ПиАр компаниясы Ресейге кеңес бере қойған болса, онда мәселе соншалықты ушықпауы мүмкін еді.

Өткен жылы ресми Кремль осындай халықаралық фирманы жалдаған болатын, алайда Украинамен арадағы жалжалдан кейін бұл мультимиллиондық келісім американдық Кетчум компаниясының қолына өтті.

Ресми Кремльдің ПиАр компанияларына қызығу білдіруі осыдан бірнеше жыл бұрын басталған еді. 2001 жылы сол кездегі ақпарат министрі Михаил Лесин егер Ресейліктер шетелдіктердің көзқарасында "әрдайым аю боп" көрінгісі келмесе, онда Батыстағы Ресейге деген көзқарасты өзгерту қажет деп мәселені күн тәртібіне шығарған-тұғын.

2005 жылдың желтоқсанында Ресей Russia Today-Бүгінгі Ресей атты ағылшынтілді телеарнаны іске қосты. Бұл арнаның алдына қойылған мақсат - Ресейдің шетелдегі бейнесін жақсарту болды.

Алайда, бақылаушылар бұл жобаны демократиядан алшақтай бастаған Ресейдің назарды басқа жаққа аудару шарасы ретінде бағалады.

Кетчум компаниясының іске араласуына деген көзқарас өзгеше болып отыр. Мәскеуде орналасқан Баспасөз Заңдылығы және Саясаты орталығының директоры Андрей Рихтер бұл тұрғыда былай дейді:

"Меніңше, мұның бір жәрдемі болмақ. Егер жәрдемі болмаса, ондай фирмалар да болмас еді ғой. Жалпы менің ойымша, жағдай соншалықты нашар емес және кез келген жәрдем, кез келген кеңес Ресейдің бейнесін жақсартуға септеспек".

Алайда кей бақылаушылардың айтуынша, ПиАр компаниясын жалдау арқылы Ресей баяғы Потемкин ауылы мысалын, яғни сырт дүниеге жарқын бір мысал көрсету арқылы іштегі ауыр шындықты жасырып қалу амалын тағы да қолға алып отырғандай.
XS
SM
MD
LG