Accessibility links

Аркадий Бух: «Азамат Тәжаяқовтың ақталу мүмкіндігі жоғары»


Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.

Азамат Тәжаяқов (сол жақта) пен Диас Қадырбаевтың (ортада) Джохар Царнаевпен (оң жақта) Нью-Йоркте түскен суреті.

Бостонда айыпталған қазақстандықтар - Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа тамыздың 8-і күні ресми түрде айыптар тағылды. Алғашқы сот тыңдауы тамыздың 13-і өтеді. Бұл істің жай-жапсары туралы Азаттыққа Тәжаяқовтың адвокаты Аркадий Бух айтып берді.

Тамыздың 8-і күні АҚШ-тың Массачусетс штатының Үлкен алқасының шешімімен Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа ресми айып тағылды.

АҚШ сот органы Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевты 2013 жылы сәуірдің 15-і күні Бостон марафоны кезінде болған жарылысқа қатысты тергеу барысында заттай айғақтарды жойып, сот төрелігіне кедергі келтірді деп айыптайды.

Бостондағы жарылыстан үш адам мерт болып, 260-тан аса адам жарақат алды. Тәжаяқов пен Қадырбаев жарылысты жасады деген негізгі күдікті – 19 жастағы Джохар Царнаевпен дос болған. Тергеу болжамдары бойынша, олар Царнаевтың қылмысын әшкерелейтін заттай айғақтарды - оның ноутбугі мен фейерверктер салынған рюкзагін жоюға тырысқан.

Джохар Царнаевқа қатысты алғашқы сот отырысы сәрсенбі, 10 шілдеде өткен. Ал қазіргі уақытта қазақстандықтар АҚШ-тың федералды түрмесінде отыр. Олар айыпты деп танылса, қамауға алынған қазақстандық азаматтарға 20 жылға дейін түрме жазасы кесіліп, жазаларын өтеген соң АҚШ аумағынан депортация арқылы шығарылуы мүмкін.

Азамат Тәжаяқовтың адвокаты Аркадий Бух Азаттық тілшісіне берген сұхбатында оның ақталып шығуға қаншалықты мүмкіндігі бар екенін әңгімелейді.

Азаттық: Азамат Тәжаяқовтың қамалғанына төрт айдай болды. Қазір ол қай жерде отыр? Туыстарымен жүздесуге мүмкіндігі бар ма?

Аркадий Бух: Азамат Тәжаяқов қазір Бостон түрмесінде отыр. Басқа тұтқындармен салыстырғанда оның жағдайы жақсы. Отбасы да осында. Әке-шешесімен жолығып тұруына рұқсат алдық.

Азаттық: Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаев екеуі Джохар Царнаевтың бөлмесіндегі айғақ заттарды жоюға әрекеттенгені хабарланған еді. Екеуіне нақты қандай айып тағылып отыр?

Аркадий Бух: Прокуратура «бөлмедегі ноутбук пен фейерверктер салынған сөмкені алып шығып, қоқыс жәшігіне тастаған Қадырбаев» деп айыптайды. Ал прокуратураның Тәжаяқовқа қатысты айыптауында оның сөмкені ұстағаны немесе сөмкені қоқысқа тастау туралы ашық нұсқау бергені жайында ештеңе айтылмайды. Олардың тағатын айыбы – ол әлдебір формада бұған келісім берген-мыс. Ал нұсқау беру мен келісім берудің арасында үлкен айырмашылық бар. Тәжаяқовты «келісім берген» деп айыптайтындай олардың қолында жеткілікті дәлел жоқ.

ФБР тапқан Джохар Царнаевтың рюкзагінен шыққан фейерверктер жинағы. АҚШ, Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

ФБР тапқан Джохар Царнаевтың рюкзагінен шыққан фейерверктер жинағы. АҚШ, Бостон, 1 мамыр 2013 жыл.

Азаттық: Тәжаяқов пен Қадырбаевтың ісі бойынша алғашқы сот тыңдауы сейсенбі күні өтеді. Одан не күтуге болады?

Аркадий Бух: Алғашқы ресми тыңдау өтеді. Ол тыңдауда айыптар тағылады. Тәжаяқов өзінің кінәсі жоқ екенін, алқабилер сотына баруға дайын екенін мәлімдейді. Бұл тыңдау осындай ережемен өтеді. Менің ойымша, тамыздың 13-і күні алқабилер сотының қашан өтетіні де белгілі болады. Қорғаушылар өз дәйектерін, прокуратура өзінің дәлелдерін айтатын кесте құрылады. Содан кейін судья бірнеше тыңдау тағайындайды. Олардан соң алқабилер сотының уақыты белгіленеді. Мұның бәрі ашық ақпараттар, сондықтан тыңдаулар мен алқабилер сотының уақыты туралы мәліметтер жақын арада жария болады.

Азаттық: Бастапқыда алғашқы сот тыңдауы мамыр айына белгіленген еді, бірақ ол кейінге шегірілді. Мұның себебі неде?

Аркадий Бух: Кейінге шегеруге біз рұқсат бердік. Өйткені Тәжаяқовтың жазықсыз екеніне прокуратураның көзі жетіп, тағылған айыптарды алып тастайды деп үміттендік. Бірақ ақпарат құралдарында көтерілген шудан кейін прокуратура айнып қалған сияқты.

Соның кесірінен айып тағуға жеткілікті негіз бар-жоғын анықтау үшін тамыздың ортасына тыңдау тағайындалып отыр. Біз прокуратура жаңа айыптар тағуы мүмкін деп ойладық. Бұл - прокуратураның әдеттегі тәсілі. Айғақтарды жоюға немесе терроризмге қатысты істер болмаса да олар сот тыңдауын күтпестен Үлкен алқаның айыптауына қол жеткізуге тырысып жатады. Бұл жолы да солай болды. Үлкен алқа тамыздың 8-і күні тағатын айыптарын мәлімдеді.

Азаттық: Үлкен алқаның таққан айыптары туралы толығырақ айтып берсеңіз.

Аркадий Бух: Біздің елде федералды прокуратура тарапынан тағылатын айыптар екі түрлі болады. Біріншісі - айыптауды прокурор өзі жазып, өзі айыптайды да, айыпталушы адам сот алдына барады. Бұл жағдайда айыпталушыны соттауға жеткілікті негіз бар-жоғын анықтау мақсатымен сот тыңдауы өтеді.

Кешегі күнге дейін, яғни іске Үлкен алқа кіріскенге дейін бізге прокурор ғана айып тағып отырған.

Америка жүйесіндегі айыптаудың екінші жолы – Үлкен алқа тарапынан тағылатын айыптаулар. Күдіктілердің 90 пайызы осылай айыпталады. Үлкен алқаның айыптауы деген не? Прокурор ФБР-дан барлық айғақтарды алады да, зерттеп шығады. Егер прокуратура жиналған дәлелдер жеткілікті десе, оларды Үлкен алқаға тапсырады. Алқа бұл материалдарды тексеріп, прокурорды, агенттерді тыңдайды, видео, аудио және басқа материалдарды қарап шығады. Адамды айыптау және айыпталушыны сотқа тарту үшін дәлелдер осылай тексеріледі.

Азаттық: Тәжаяқовтың ақталып шығу мүмкіндігі бар деп ойлайсыз ба?

Диас Қадырбаев (сол жақта) мен Джохар Царнаев. Фото Қадырбаевтың VKontakte әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

Диас Қадырбаев (сол жақта) мен Джохар Царнаев. Фото Қадырбаевтың VKontakte әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды.

Аркадий Бух: Ақталып шығу мүмкіндігі зор. Әдетте мұндай істерде ФБР-дың жеңіп шығу мүмкіндігі жоғары болады. Өйткені олар адамды қамауға алар алдында ауқымды тергеу жұмыстарын жүргізеді ғой. Бірақ бұл жолы бәрі керісінше болып отыр. Бұл - федералдық емес, штат заңдары бойынша басталған іс. Ал штат заңдары бойынша жеңуге мүмкіндік мол.

Азаттық: Ал Қадырбаевтың да ақталу мүмкіндігі бар ма?

Аркадий Бух: Диастың ақталу мүмкіндігі аздау. «Ол ноутбукті не мақсатта алды? Айғақ заттың көзін құрту үшін бе, әлде оны иемденгісі келді ме?» деген сұрақ қиындық тудырып тұр. Бұл алқабилер үшін де қиын сұрақ болмақ.

Менің тәжірибемде әдетте клиенттеріме мынадай жағдайда ғана «айғақ заттарды жасырды» деген айып тағылатын: бірі екіншісіне бірдеңені жасыру туралы өтініш айтады, бұл туралы әңгімелеседі, хат жазысады. Ал мына жағдайда Царнаев пен Диастың арасында ондай ештеңе болмаған. Яғни Царнаевтың заттардың көзін құрту туралы нақты бір нұсқау бергенін дәлелдейтін айғақтар жоқ. Яғни мұның бәрі қисынсыз сандырақ сияқты. Прокуратураның өзі де «бұл жерде бірінші адам екінші адамға былай істе деп өтініш жасаған» деп сеніммен айта алмайды. Айыптаушының қолында дәлел боларлықтай хат немесе хабарлама жоқ.

Азаттық: Рахмет.

Азаттық радиосы тамыздың 13-сі күні тыңдалым кезінде сот залынан твиттер-репортаж жүргізуді жоспарлап отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG