Accessibility links

АҚШ президенттігінен экс-үміткер Өзбекстан президентін әлі білмейді


АҚШ президенттігіне экс-үміткер Херман Кейн. Флорида, 24 қыркүйек 2011 жыл
АҚШ президенттігіне экс-үміткер Херман Кейн. Флорида, 24 қыркүйек 2011 жыл

Республикашылар партиясының бұрынғы президенттіктен үміткері Херман Кейн жақында өзінің сайлауалды кампаниясы кезінде Өзбекстан елінің атауына қатысты жасаған қатесін жуып-шаям деп күлкі болды. Бұл жолы да ол өзбек президентінің кім екенін айта алмады.

Президенттіктен үміткер Херман Кейннің пікірі бойынша, АҚШ президенті болу үшін әлемдегі әрбір елдің президенттерінің атын білу шарт емес. Республикашыл экс-үміткер Кейн, әсіресе, Өзбекстанды Совет Одағынан бері басқарып келе жатқан Ислам Каримов туралы білу – АҚШ президентіне қойылған талап емес деген көзқараста қалғанын жеткізді.

Ақ үй басшысы болудан үміткер болған республикашыл кандидат өзінің сайлауалды науқанын өткен жылы желтоқсанда тоқтатты. Оған себеп –бизнесмен Кейннің сайлауалды науқаны кезінде бірнеше әйел оны өздерін сексуалдық тұрғыда қорлады деп айыптады.

Херман Кейн елдің өзекті мәселелерін өзінің «9-9-9» деп аталатын жоспары арқылы шешіп, Американың салық саясатын өзгертпекші болған, дүниетанымының тарлығы дүйім жұртты күлкіге батырған кандидат еді.

ТҮСІНІКТІ СҰРАҚТАРҒА ҒАНА ЖАУАП БЕРУ

The Daily Show With John Stewart бағдарламасына шыққан Кейн осы жолы да көпшіліктің алдында өзі күтпеген сұрақтарға жауап бере алмай, біраз тосылды. Комедия шоуының жүргізушісі Джон Оливермен сұхбаттасып отырып Херман Кейн өзінің аз ғана уақыт президенттіктен үміткер болған кезінде жіберген қателіктерінің орнын толтыруға тырысқан еді.

Олар сұхбаттасар алдында залда отырған жұртқа Кейннің үміткер кезіндегі ұятқа қалған және ыңғайсыз жағдайға ұшыраған сәттері жазылған видеолар көрсетілді. Оның ішінде Кейннің өткен қараша айында CBN телеарнасы тілшісіне берген сұхбаты да болды. Онда журналист Кейннен журналистердің оның білмейтін нәрсесі туралы әдейі қоятын сұрақтарына жауап беруге дайынсыз ба деп сұрайды. «Мысалы, Өзбекстанның президені кім деген сияқты» дейді журналист.

Сонда Кейн:

«Мен ондай қитұрқы сұрақтарға дайынмын. Ондай сұрақтар қойыла да бастады. Менен У-беки-беки-беки-беки-стан-стан президенті кім деп сұраса, мен былай дер ем: «Білмеймін, сіздің өзіңіз білесіз бе?» Сосын тағы былай дер ем: «Оның атын білгенімнен АҚШ-та қосымша жұмыс орны пайда бола ма?» дейді ол.

Осылайша Херман Кейн Ислам Каримов тұрмақ, Өзбекстан деген атаудың өзін бірден айта алмай біраз әжуаға ұшырады. Бұл видео интернетті шарлап кетті. Оған музыка қосылып, Кейннің даусы өзгертіліп, оның «Өзбекстан» деп айта алмай, бірнеше буынға бөлгені рэпке айналды.

КІМ ЕДІ ӘЛГІ...

Сәуірдің 23-і күні Херман Кейн Джон Оливердің комедиялық телешоуында Өзбекстан президентінің атын білмей қалғанын түсіндірмек болды.

«Планетадағы 200-ге жуық ел басшыларының атын білуіңіз мүмкін емес. Бәлкім білуіңіз мүмкін, бірақ сіз барлық уақытыңызды Өзбекстанды кім басқаратынын есіңізде сақтауға арнауыңыз керек болады» деп ақталды ол.

Осы кезде Джон Оливер одан «Кейн мырза сізге бір сұрағым бар, көңіліңізге келмейді деп сенем. Расында да осы Өзбекстанның президенті кім?» деп сұрады. Кейн тағы да әлгі сұраққа жауап бере алмады.

«Өзбекстан президенті...» деп 12 секунд кідірген соң жұрт ду күлді. Кейн «жаттап алған едім, бірақ күнде ойда жүрмегесін ұмытыппын» деп ақтала бастады.

Кейннің басынан өткен оқиға немесе саясаткерлердің мемлекет пен адам аттарын шатастыруы жиі болатын құбылыс.

Осыған дейін 2007 жылдары АҚШ вице-президенті Перу мен Венесуэланы шатастырып алған. АҚШ-тың бұрынғы президенті Джордж Буш та Австрия мен Австралияны бір ел екен деп қалған.

Жақында Украина президенті Виктор Янукович түркімен президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен ресми кездесу кезінде Түркіменстанды Қазақстан деп атады.
XS
SM
MD
LG