Accessibility links

Хиллари Клинтонның денсаулығы сыр берді


АҚШ демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат Хиллари Клинтон. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2016 жыл.
АҚШ демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат Хиллари Клинтон. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2016 жыл.

АҚШ демократиялық партиясы атынан президенттікке кандидат Хиллари Клинтон Нью-Йоркте «11 қыркүйек» терактісінің 15 жылдығына арналған қаралы жиынды тастап кетуге мәжбүр болды.

Қаралы жиында денсаулығы нашарлаған Клинтон көпшілікті тастап шығып, Манхэттенде тұратын қызының үйіне асыққан. Ол көлік келгенше тасқа сүйеніп тұрды да, қарсы алдына келген көлікке жеткенше талықсып кетті. Оққағарлары оны демеп, фургонға мінгізіп алып кетті.

Бірнеше сағаттан соң Нью-Йорктің Чаппакуа ауданындағы өз үйінде дәрігер көмегін алған Клинтон ел алдына шығып, жағдайының жақсарғанын хабарлады.

Клинтонның дәрігері Лиза Бардак арнайы мәлімдеме жасап, оның өкпесі қабынғаны жөнінде диагноз қыркүйектің 9-ы күні анықталғанын айтты. Сонымен қатар президенттікке кандидат аллергиялық жөтелмен де сырқаттанатыны белгілі болған. «Екі сырқаты бір-бірін асқындырған» дейді дәрігер.

Хиллари Клинтонға дәрігерлер антибиотиктер мен өзге дәрілер қабылдауды тағайындаған.

Хиллари Клинтон (ортада) 11 қыркүйек оқиғасын еске алу жиынында тұр. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2016 жыл.
Хиллари Клинтон (ортада) 11 қыркүйек оқиғасын еске алу жиынында тұр. Нью-Йорк, 11 қыркүйек 2016 жыл.

Нью-Йоркте 2001 жылы қыркүйектің 11-інде Дүниежүзілік сауда орталығының екі ғимаратына жасалған террорлық шабуыл құрбандарын еске алу жиынына қазіргі АҚШ президенті Барак Обама да қатысқан еді. 68 жастағы Хиллари Клинтон бұл жиында 90 минуттай болған.

Клинтон қыркүйектің 12-13-інде Калифорнияға жоспарланған үгіт-насихат кампаниясына баруды кейінге қалдырды.

Хиллари Клинтонның республикалық партия атынан президенттікке кандидат бәсекелесі Дональд Трамптың жақтастары Хиллари ханымды болашақ президенттік қызметке денсаулығы жарамайды деп бұған дейін де мәлімдеп жүрген. Кандидаттар бұл лауазымға таласуға ниет еткен кезеңдерде екеуінің де дәрігерлері арнайы мәлімдеме жасаған.

70 жастағы Дональд Трамптың дәрігері Герольд Борнштейн Трамптың денсаулығына қатысты: «Егер бұл кісі президент болса, АҚШ тарихындағы денсаулығы ең мықты президент болар еді» деген пікірмен шектелген.

Ал Хиллари Клинтонның денсаулығы туралы бұған дейін де БАҚ беттерінде біршама пікірталастар туған. Ол денсаулығына қатысты әртүрлі сыбыстарды жоққа шығарып келген.

XS
SM
MD
LG