Accessibility links

«Жемқор ортада судьяға адал болу қиын»


Елена Каган, АҚШ Жоғарғы сотының судьясы

Елена Каган, АҚШ Жоғарғы сотының судьясы

Азаттыққа арнайы сұхбат берген АҚШ Жоғарғы сотының судьясы Елена Каган тәуелсіз сот жүйесінің ерекшеліктері туралы әңгімелеп берді.

АҚШ Жоғарғы Сотының тоғыз судьясының не армиясы, не полициясы, не өз бюджеті жоқ. Бірақ соған қарамастан екі ғасыр бойы Жоғарғы сот АҚШ конституциясының қырағы қорғаушысы болып келеді. Бұл міндетті атқару барысында олар Томас Джефферсоннан бастап Барак Обамаға дейінгі АҚШ-тың ықпалды деген президенттерімен бетпе-бет келіп, олардың конституцияда көрсетілген өкілеттігі шеңберінен асып кеткен заңдар мен басқа да құқықтық актілерді кері қайтарып отыр.

АҚШ Жоғарғы соты тәуелсіздікке қалай қол жеткізді және бейтараптығын қалай сақтап отыр? Бұл тәжірибені заң үстемдігін қалыптастырып, тәуелсіз сот жүйесін құруға тырысып жатқан елдер өз пайдасына қалай пайдалана алады? Азаттықтың Прагадағы тілшісіне арнайы сұхбат берген АҚШ Жоғарғы сотының судьясы Елена Каган осы жайттар туралы әңгіме қозғайды. 2010 жылы өмір бойына Жоғарғы сот судьясы қызметіне тағайындалғанға дейін ол Обама әкімшілігінде Бас прокурор орынбасары қызметін атқарған және оның алдында Гарвард Заң мектебінің деканы болған.

Елена Каганмен сұхбаттың маңызды деген тұстарынан үзінді беріп отырмыз.

Тәуелсіз сот жүйесінің маңызы жөнінде

Тәуелсіз сот жүйесін құру қиын, бірақ оны қолға алу керек. Бұл – ұзақ процесс. Бұл – ешбір елде әлі аяқталмаған процесс. Бәріміз де жетіле түсуге тиіспіз. Бәріміздің жолымызда ой-шұңқырлы жерлер, шешуге тиіс мәселелер ұшырасады. Дегенмен қоғамның игілігі үшін жұмыс істейтін заңның үстемдігі мен тәуелсіз сот жүйесін қалыптастыру жолында аянбай тер төге беру керек. Қоғамның бостандығы, бақуаттылығы және тұрақтылығы – барлығы осыған байланысты.
Биліктің басқа тармақтары, жалпы халық соттың шешімін құрметтеген жағдайда, өздеріне ұнамаса да, әділ үкім орындалған кезде жүйенің дұрыс жұмыс істейтінін түсінген жағдайда сот үкімі пәрменді болады.

Сот жүйесінің тәуелсіздігіне қалай қол жеткізуге болады?

Бұл – тәуелсіз сот жүйесінің ең бір жұмбақ тұстарының бірі, әрі ол көбіне жүйенің мәдениетіне байланысты. Алғашқы президенттердің бірі Эндрю Джексон де соттарды онша жақсы көрмеген. Бір әйгілі сөзінде ол: «Сот өзі шешім шығарды екен, енді оны өзі орындатқызсын» деген. Яғни, ол сот шығарған шешімді орындатқызуға шыбық та сындырмаймын дегенді меңзеген. Іс жүзінде ол сот шешімі іске аспауы үшін қолынан келген бар кедергі жасауға тырысқан. Ал соттың қолында армия да, қаражат та жоқ. Яғни «Сот үкімі қайткенде пәрменді болады?» деген сұрақ әрдайым қойылып келеді. Жүйенің басқа ойыншылары, жалпы халық соттың шешімін құрметтеген жағдайда, өздеріне ұнамаса да, әділ үкім орындалған кезде жүйенің дұрыс жұмыс істейтінін түсінген жағдайда сот үкімі пәрменді болады.

Жемқор жүйеде адал судья болудың қиындығы

Айнала қоршаған қоғам тегіс сыбайлас жемқорлыққа батқан болса, мұндай қоғамда судьяға адал болу өте қиын. Жер бетінде биліктің басқа тармақтары жемқорлыққа малшынған, тек сот жүйесі әділ бір де бір ел көрмеппін.
Сот жүйесінің тәуелсіздігін байқататын жайттар – оның биліктегілердің айтқанын бас шұлғып қабылдамай, өз өкілеттілігін басып өтті деп өзіне тәуелді қылғысы келген басшыларды жөнге салатындай қабілеті мен құлқының болуы.

Алқа билер соты

Заң үстемдігі мен сот тәуелсіздігін алқа билер соты болса да, болмаса да құруға келеді. Алқа билерді жүйенің шешуші бөлігі деп ойламаймын. Американың үлгісі мен Ұлыбританияның үлгісін салыстырып көрсеңіз, осыған көзіңіз жетеді. Біз де ұлыбританиялық жүйенің шекпенінен шықтық, алайда олардан айырмашылығымыз – колонистер ұлыбританиялық жүйенің кемшілігі деп санаған кейбір процедураларда асыра сілтеу болмауы үшін алқа билер сотын қабылдадық. Бірақ ұлыбританиялық жүйе заң үстемдігін орындауда үлгі емес деп ешкім айта алмаған, айтпайды да. Алқа билер кейбір істерде пайдалы болуы мүмкін. Мүмкін кейбір құқықтық мәселелерді шешуде бұл – ең оңтайлы әдіс емес болар. Мемлекет алқа билерді қолданса да, қолданбаса да соттардың тәуелсіздігі мен заң үстемдігін баянды етуге болады.

Телефон арқылы сотқа нұсқау беру («телефон төрелігі»)

Бұл – заң үстемдігі орныққан жүйеге мүлде қарама-қайшы жүйе. Яғни, сот, судья істі заңның күшіне сүйеніп емес, өзіне қоңырау шалған әлдебіреудің айтқанына қарай оңтайландыра шешеді. Сот жүйесінің тәуелсіздігін байқататын жайттар – оның биліктегілердің айтқанын бас шұлғып қабылдамай, өз өкілеттілігін басып өтті деп өзіне тәуелді қылғысы келген басшыларды жөнге салатындай қабілеті мен құлқының болуы.

Сұхбаттың ағылшын тіліндегі толық нұсқасын мына жерден оқыңыздар.

(Брайан Уитмор алған сұхбатты ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).
XS
SM
MD
LG