Accessibility links

Елші: Қазақстанда «Араб көктемі» жоқ


Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі. Ресми вебсайттан алынған сурет.
Ерлан Ыдырысов, Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі. Ресми вебсайттан алынған сурет.

Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов Азат Еуропа/Азаттық Радиосының Вашингтондағы тілшісіне сұқбат беріп, Жаңаөзен оқиғасына қатысты ой-пікірлерін айтты. Ерлан Ыдырысов төтенше оқиға кезінде Қазақстан үкіметі әлем алдында бұрын-соңды болмаған деңгейде ашық, әрі әділ түрде әрекет етті деп санайды. Оның ойынша, мұндай ашықтықты тіпті «Қазақстанның жаулары да жоққа шығармайды».


- Жаңаөзендегі толқу мен оған қатысты полицияның қолданған шараларын тексеру және тәртіпсіздікті кімдердің ұйымдастырғанын анықтау туралы талап-тілектерге Қазақстан үкіметінің жауап қатқанын білеміз. Бірақ, мен әуелі YouTube әлеуметтік желісіне шыққан видеоларға қатысты сұрақ қояйын деп едім. Үкімет бұл видеоларды оқиғаның себебін тексеру кезінде дәлел ретінде қарастырады ма?

- Үкімет Жаңаөзенде болған оқиғаның себебін тексеру үшін барлық материалдарды қарастырмақшы. Ұялы телефондарға түсірілген әуесқой видеолар да осы материалдардың бір бөлігі болуы мүмкін. Біздің естуімізше, Қазақстан үкіметі болған жағдайды жан-жақты, әділ және ашық түрде тексеруге мүдделі. Одан да бөлек бейнематериалдар бар екенін білеміз. Солардың барлығын үкімет мұқият түрде тексеріп шықпақшы.

- Полиция болған оқиғаны өз тарапынан да бейнетаспаға түсірдік деп мәлімдеген еді. Бұл видео қашан көпшілікке жария болады?

- Бұл полиция ғана жауап бере алатын сұрақ. Менің тұспалдауымша, жан-жақты тексеру жасалғасын құқық қорғау органдары не болғанын көрсететін барлық куәлік материалдарын жарияламақ. Олар өздерінің уәждеріне дәлел тапса, іс әлдеқайда әсерлірек болмақ.

- Әлеуметтік желілерде жергілікті полиция Жаңаөзен тұрғындарының ұялы телефондарын 16 желтоқсан күнгі оқиғаның видеосы жазылған болуы мүмкін деген желеумен тартып алып жатыр деген хабар тарады. Бұған қатысты не айтар едіңіз?

- Мен ондайды естімеппін.

«ҮКІМЕТ ҚОБАЛЖЫП ОТЫРҒАН ЖОҚ»

- Жаңаөзендегі оқиғаны тексеру комиссиялары туралы сұрасам. Бұл комиссиялардың құрамына кімдер кірген және олар нақты немен айналысып жатыр?

- Үкіметтік комиссияның құрамына құқық қорғау органдары, төтенше жағдай мамандары мен экономикалық сала өкілдері кіреді... Комиссия халықтың өз-өзіне деген сенімін күшейтуге тырысып жатыр. Ол үшін жергілікті сыйлы адамдар комиссия құрамына кіргізілген. Үкіметтік комиссияның мақсаты – не болғанын анықтау және алдағы уақытта ахуалды жақсарту.

- Бұл комиссияның құрамында оппозиция өкілдері бар ма?

- Оппозиция бұл комиссияға кірмейді. Өйткен бұл – үкіметтік құрылым. Ал оппозиция өкілдері үкімет мүшелері емес қой. Біздің білетініміз – оппозиция өз бетінше тәуелсіз, қоғамдық комиссия құрған. Олар емін-еркін аймаққа барып, халықпен кездесе алады... Ал оппозицияның пікіріне үкіметтің құлағы әрдайым түрік.
Үкімет өзіне-өзі өте сенімді. Біз Қазақстандағы жағдайды «Араб көктемімен» салыстыруға үзілді-кесілді қарсымыз.

- Ал үкіметтік емес ұйымдар ше? Олардың Жаңаөзен оқиғасын тексеруіне рұқсат бар ма?

- Үкіметтік емес ұйымдар да болған жағдайды емін-еркін түрде тексере алады. Оппозиция туралы айтқаным үкіметтік емес ұйымдарға да қатысты.

- Қазақстан үкіметінде Жаңаөзендегі жағдай Қазақстанның басқа аймақтарында қайталануы мүмкін деген қобалжу бар ма?

- Өмірде әртүрлі күтпеген жағдайлар болады. Қазақстан үкіметі бұл мәселені жан-жақты қарастырып шешетін тәсіл таңдап отыр... Ешкім Жаңаөзенде мұндай жағдай болады деп ойлаған жоқ. Мұндай жағдай туғасын үкімет екі білегін сыбанып мәселені шешуге кірісті. Бірақ, бұл сөздерім Қазақстан үкіметінде тағы қандай да бір толқу болады-ау деген қорқыныш бар деп қабылданбауы керек. Керісінше, үкімет өзіне-өзі өте сенімді. Біз Қазақстандағы жағдайды «Араб көктемімен» салыстыруға үзілді-кесілді қарсымыз... Тексеріліп жатқан бір мәселе – Жаңаөзендегі толқуды ұйымдастыруы мүмкін арандатушылардың бар-жоғы.

«ҚАЗАҚСТАН ҮКІМЕТІНІҢ ЖАУЫ КӨП»

- Жаңаөзенде полиция қолына түскен наразылық танытушыларды ұрып-соғып, азаптады және қорлады деп санайтын адамдардан шағым түсіп жатыр. Тексеру кезінде үкімет мұндай шағымдарды қаншалықты ескереді?

- Біз мұндай шағымдарды барынша ескереміз. Кеше (30 желтоқсан 2011 жыл – ред.) жарияланған маңызды хабарды естімеген болуыңыз да мүмкін. Қазақстан үкіметі Халықаралық түрме реформасы ұйымының өкілдеріне және тәуелсіз қоғамдық комиссия мүшелеріне Жаңаөзендегі толқуға қатысқан деп айыпталатын адамдар отырған қамау орындарына баруға жағдай жасады. Азаптау туралы бір де бір шағым дәлелденбеді. Олар мұны өз көздерімен көріп, есептерін жариялады. Шетелдіктер Жаңаөзен оқиғасы кезінде Қазақстанға қатысты ескі стереотиптерге ұрынды. Қазақстан советтік әдетпен қимылдайды деп ойлады. Барлық жолдарды жабады, бұрмаланған ақпарат береді деп, былайша айтқанда шетелдіктер асыра сілтеп жіберді... [Жаңаөзен оқиғасы кезінде] Қазақстан үкіметі көрсеткен ашықтықты, ынтымақтастық пен әділдікті тіпті жаулары да жоққа шығара алмайды!
Жаңаөзенде жүздеген, мыңдаған адамдарды қамады, ұрып-соқты, азаптады деген әңгімелер үкіметке дақ түсіру үшін ойдан шығарылған.

Біздің қылмыстық атқару жүйесіндегі қамау мекемелері керемет деп айта алмаймыз. Жақсарта түсуді қажет етеді. Бірақ, дәл Жаңаөзенде жүздеген, мыңдаған адамдарды қамады, ұрып-соқты, азаптады деген әңгімелер үкіметке дақ түсіру үшін ойдан шығарылған. Жаңағы Халықаралық түрме реформасы ұйымының өкілдері қамауға алынғандардың тіпті денесінде көгерген жерлері жоқ па деп тексеріп шықты, өздерімен тілдесті. Сондықтан азаптау туралы алып-қашпа әңгіме тарату сондай сөз таратып жүрген адамдардың ар-ұятының мәселесі деп санаймыз.

- Мұндай «алып-қашпа әңгімелерді» кім және нендей мақсатпен таратуы мүмкін?

- Кім болуы мүмкін екенін білмеймін. Бірақ, Қазақстан соңғы 20 жыл ішінде өзі туралы сыртқа қате ақпарат таратушыларға қатысты біраз тәжірибе жинады. Кейбіреулер байқамай жасайды, ал кейбіреулер мақсатты түрде істейді. Қазақстанның жеткен табысын ұнатпайтындар көп. Қазақстанның, Қазақстан үкіметінің жаулары көп. Бірақ, біздің сеніміміз күшті, жоспарымыз анық, оны жүзеге асыруға барынша ынталымыз.

«ШЫЛҒИ ӨТІРІК»

- Тағы бір сұрақ. Қазақстан үкіметі Жаңаөзен оқиғалары кезінде қамауға алынғандардың тағдыры туралы туыстарына ақпарат беру үшін, олардың жақындарымен кездесуі үшін не істеп жатыр?

- Бұл да жаңа айтқан алып-қашпа сөздерден туатын әңгіме. Туыстары ГУЛАГ кезіндегідей қамауға алынғандардың қайда екенін білмейді-міс, адамдарды түнде үйлерінен ұрлап әкетіп жатыр-мыс, туыстары олардың тағдырынан бейхабар-мыс. Мұның бәрі өтірік әңгіме. Біз бұрын-соңды болмаған ашықтық көрсеткесін қазір мұндай әңгімелер көп айтылмай қалды.

- Біз сұқбат алған жаңаөзендік қыз бала (Әсем Кенжебаева – ред.) өзінің қорлық көргенін баяндады. Кейін қайтып қалалық ішкі істер басқармасының ғимаратына барған кезде бірнеше күн бұрын адамдарды ұрып-соққан жерлерді тазалап, жуып-шайып қойғанын көргенін айтты. Бұлай болуы мүмкін бе?

- Ол қыздың айтқанына қатысты пікір білдіре алмаймын. Бірақ, басқа бір әйел туралы мысал айтып берейін. Жаңаөзендік тағы бір әйел көптеген БАҚ-қа жүздеген адамдардың өлгенін көрдім деп ақпарат берген. Туған келіні орталық алаңда жиырмадан астам адамның көзін өз қолымен жапты деп хабарлаған. Полиция бұл екі әйелді тауып, сұрауға алғанда олардың шын көргендері мүлдем басқаша болып шыққан. Келіні шылғи өтірік айтқан болып шықты. Алаңда үш адамның өлгенін көрген болуы керек... Олардың неге өтірік айтып жүргендерін білмеймін. Мүмкін өздеріне назар аударғылары келетін шығар.
Қазақстан үкіметінің бұрын-соңды болмаған ашықтығын дәлелдейтін тағы бір әрекеті блогерлерді шақырғаны болды.

- Қалаға келген қоғамдық белсенділермен және үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кездескен кейбір жаңаөзендіктер жергілікті билік тарапынан қысымға ұшырағанын мәлімдеген. Бұған қатысты не айтасыз?

- Сізді [бұл жайында білу үшін] блогерлермен кездесуге шақырар едім. Қазақстан үкіметінің бұрын-соңды болмаған ашықтығын дәлелдейтін тағы бір әрекеті блогерлерді шақырғаны болды. Сіз осылай жасай алатын басқа қандай да бір үкіметті тауып беріңізші маған. Блогерлер тобы осы аймаққа барып, қалаған адамдарымен еркін әңгімелесті. Сондықтан бұл сауалды соларға қойыңыз. Жан-жақты жауап аласыз.

- Жаңаөзенде болған қанды оқиғаны анық бейнелейтін ең алғашқы видеоны YouTube әлеуметтік желісіне Saule540 есімді қолданушының жүктегені белгілі. Кейін полиция бұл видеоны қай үйден, қай пәтерден түсіргенін анықтадық деп хабарлады. Пәтердің бос тұрғаны, тұрғындарының табылмағаны айтылды. Бұл видеоны кім түсіргені белгілі болды ма, билік өкілдері түсірген адамды тауып па, ол туралы нақты бір мәлімет бар ма?

- Білмедім, білмедім. Мен полицияның видеоны түсірген пәтерді тауып алғанын сізден естіп отырмын.

АСЫРА СІЛТЕП БАҒАЛАУ

- Жаңаөзенге қатысты халықаралық қауымдастықтың реакциясын қалай бағалар едіңіз?

- Менің ойымша, адам бостандықтары мен адам құқықтарын қорғау ұйымдары, үкіметтік емес ұйымдар тым асыра сілтеп жіберді. Олар Қазақстан үкіметінің әрекеті туралы ойдан шығарылған әңгімелерді іліп әкетті. Ресми реакцияларға келер болсақ, әлдеқайда тепе-теңдік сақтаған, ұстамды және Қазақстан үкіметінің шынайылығын мойындаған сипатта. АҚШ үкіметінің алғашқы мәлімдемесін көрген боларсыз – өте байсалды, Қазақстан үкіметі көтерген мәселелермен үндес, «адам өлімінің болғанына қатты қынжыламыз», «зорлық-зомбылыққа барынша қарсымыз», «әділ тергеу-тексеруге шақырамыз» деген сияқты. Біздің өзіміз де не болғанын барынша дәл анықтағымыз келіп отыр. Бұл жағдайды тудыруға себеп болғандарға қатысты әділ жаза қолданылуы керек.

Мен АҚШ-тың ресми адамдарымен кездестім. Көпшілігі Қазақстан үкіметінің Жаңаөзен оқиғасы кезінде советтік мінез танытпағанына қайран қалып, разы болысты. Әлбетте, олар бізді осы жолдан таймай, әділ түрде тергеу жүргізіп, жетер жеріне жеткізуді сұрап жатты. Біз де мұны барынша қолдаймыз.

- Қаңтардың 5-і Жаңаөзенде төтенше жағдай аяқталуы тиіс? Ары қарай не болмақ? Күштік құрылымдар қала бере ме?

- Жаңаөзен төтенше оқиға болған жерге айналғандықтан полиция мен өзге де күштер сақтық жағдайында тұрады деп ойлаймын. «Аузы күйген үріп ішеді» деген сөз бар ғой. Ал төтенше жағдайдың аяқталуы өмірдің қалыпты арнаға түскенін білдірмек.
XS
SM
MD
LG