Accessibility links

Билікке таласқан қазақтардың дауы Вашингтонға жетті


 Рахат Әлиев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев. Астана. 2001 жыл. Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.

Рахат Әлиев (сол жақта) пен Нұрсұлтан Назарбаев. Астана. 2001 жыл. Сурет Рахат Әлиевтің "Өкіл қайын ата" кітабынан алынды.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен оның бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің арасындағы жанжалдың ұшқыны Вашингтоннан көріне бастады. Үкіметтік емес бақылаушы бір ұйым бұған қатысты ресми тексеру жүргізуді сұрап отыр.


Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қуғын-сүргін құрбандары әділдік іздеп көбінесе Вашингтонға келеді. Сол себепті Петр Афанасенконың маусымның басында АҚШ астанасына келуінде тұрған ештеңе жоқ еді. Вашингтонда ол Қазақстан түрмелеріндегі қинау мен азаптаулар жайында айтып берді.. Петр Афанасенко бір кездері Қазақстандағы оппозиция жетекшісіне айнала жаздаған саясаткердің оққағары болған. АҚШ үкіметі мен конгресіне ол белгілі бір жоғары лауазымды тұлғаның "түрмедегі азаптаулары" туралы айтуға келіпті. Оның меңзеп отырған азаптаушысы Қазақстан президентінің сол кездегі күйеу баласы Рахат Әлиев болатын.

АФАНАСЕНКОНЫҢ «АРЫЗЫ»

«Рахат Әлиевті ұлттық қауіпсіздік комитетінің Алматы облысы бойынша басшысы болып тұрған кезінде менің және менің әріптесімнің үстінен жасанды түрде қылмыстық іс қозғағаны үшін айыптаймын. Ол азаптауға тікелей араласып, адамдарды азаптады» дейді Петр Афанасенко.

Адам құқығын қорғаушылар Афанасенконың түрмеге отырып шығуы Қазақстан билігінің оппозиция өкілдерін қуғындау әрекетінің бір көрінісі екенін айтады. Дегенмен, оның сапарына қатысты бір назар аударарлық жайт – оның Вашингтонға келген мерзімі. Қазақстан билігі Афанасенконы 2000 жылы тұтқындаған. 2001 жылы босап шыққан соң ол бірнеше жылдан кейін елді тастап шығып, аяғында Бельгияға орнығады.

Оның түрмеге тоғытылғанына қатысты кезінде адам құқығын қорғау ұйымдары мен ЕҚЫҰ тарапынан және АҚШ үкіметінің жыл сайынғы адам құқықтары жөніндегі есебінде біраз сын айтылды. Бұл құжатта Афанасенконың тұтқындалуы 2003 жылға дейін аталып жүрді.
Осы жолы бәрі керісінше, түрмеден шыққанына 10 жыл өткен соң оның АҚШ-қа жасаған бұл сапарын Вашингтонда орналасқан, тегі бұлыңғыр ұйым қаржыландырып отыр. Бұл ұйымды бұрынғы СССР-дан шыққан лоббист басқарады.

Жалпы оқиғаның желісі бұрынғы биліктің шынайы құрбаны болған Петр Афанасенконың енді Қазақстандағы бірінші адам мен оның қауіпті қарсыласының арасындағы қолжаулыққа айналуы мүмкін деген күдік туғызады. Соңғы жылдары екі жақтың тапқан жаңа күрес алаңы - Вашингтон.

Шаршы алаңның бір бұрышында 70-ке келген Нұрсұлтан Назарбаевтың режимі тұр. New York Times газетінің соңғы зерттеулері бойынша, Назарбаев соңғы үш жыл ішінде АҚШ астанасында өзінің жағымды образын қалыптастыру үшін сарапшылар мен лоббистерді жалдауға миллиондаған доллар қаржы жұмсаған.

Алаңның қарсы бұрышында алдымен арнайы қызмет басшыларының бірі болған, сосын жоғары лауазымды дипломат ретінде қызмет атқарған, дәурені жүріп тұрған кезде билігі мен байлығы жағынан Нұрсұлтан Назарбаевтан кейінгі адамға айналған Рахат Әлиев тұр. Рахат Әлиевтің құлдырауы да сәйкесінше ерекше көзге түсті. Алдымен Австрия мемлекетіне елші болып кетіп, «жартылай» қуғындалды. Кейін әйелі, Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаевамен ажырасты. Соңында Австриядан саяси баспана сұрады. Ал 2008 жылы Қазақстан соты Әлиевті «мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды» деп айыптап, сыртынан соттады.

ӘЛИЕВТІҢ ӘРЕКЕТІ

Жалпыға жария мәліметтер Рахат Әлиев те өз мүддесін қорғайтын лоббистерді жалдап, Вашингтоннан ресми қолдау табуға ұмтылғанын көрсетеді. АҚШ-тың лоббистік әрекеттерді ашу актісі таратқан құжатқа сәйкес, Рахат Әлиев бірлесе жұмыс істеген лоббистік фирмалардың бірі - RJI Government Strategies Inc. болып табылады. Вашингтондық бұл шағын фирманың консультанттарының ішінде вирджиниялық демократ Ник Рахолдың қарындасы Таня Рахолл бар.

Таня Рахолл Азаттық радиосының бірнеше рет сұхбат беруді сұраған өтінішін аяқсыз қалдырды.

Азаттық радиосының вашингтондық бюросына белгісіз жерден телефон соққан Рахат Әлиев лоббистік шаралардың пайдасы шамалы болып жатқанын айтты.

- Мен конгресті өзім туралы және Орталық Азияда не болып жатқаны жайындағы шындықты айту үшін жалдадым. Мен шағын бір лоббистік фирманы жалдадым. Өкінішке орай, олар айта қоярлықтай нәтижелерге қол жеткізе алмады. Назарбаевпен жанжал кезінде соңғы уақыттары түрлі «ақ», «сұр» және «қара» лоббистер пайда болды. Олар бір уақытта екі жаққа, кейбірі тіпті үш жаққа да қызмет жасады, - дейді Рахат Әлиев.

Ресми құжаттарда аттары аталатын Рахат Әлиев жалдаған лоббистер бұл жағдайға байланысты ақпарат беруден бас тартты.

Өткен аптада, дауласушы екі жақтың арасындағы жанжалдың ушыққан шағында Назарбаев билігі Рахат Әлиевті Австриядан адам өліміне айыпты деп экстрадициялауды сұрағанын жариялады. Қазақстан билігі Рахат Әлиевті 2007 жылы банктің екі менеджерін ұрлап әкетіп, өлтірді деп айыптады. Олардың денелері Алматы маңынан табылған. Австрия соты себебін айтпастан бұрынғы елшіні экстрадициялаудан бас тартты. Вашингтондағы Австрия елшілігінің өкілі Элис Ирвин Азаттық радиосының сұрағына: "Біздің ақпаратымыз бойынша, Рахат Әлиев бұдан былай Австрияда тұрмайды" деп жауап берді.

Ал осы кезде Вашингтонда Әлиевтің екі жақтасы АҚШ-тың федералдық сотына көп мөлшердегі қаржыны талап етіп, шағым-арыз түсірді. Дэвинси және Иссам Хурани Қазақстан билігіне қызмет етті деген бірнеше лоббисті өздеріне 2 миллиард АҚШ долларына тең зиян келтірді деп сотқа берді. Арызданушылар Қазақстан билігінің атынан жұмыс істеген кеңесшілер төрт жыл бұрын өздерінің Рахат Әлиевті қолдағанына бола мүліктерін тәркілеуге көмектесті деп санайды. Ұлыбритания азаматы Иссам Хурани Рахат Әлиевтің қарындасына үйленген.

"ҚАЗАҚСТАН ДОСТАРЫ"

Бұл шағым-арыз жұрттың назарын аударды. Себебі Хурани ұсынған айғақта АҚШ-тағы Қазақстан елшісінің қазақ үкіметі атынан АҚШ конгресі мүшелеріне төлеген төлемдері айтылады.

2010 жылдың қарашасында жазылған хатта Қазақстан елшілігі құрған "Қазақстан достары" деп аталатын конгресс мүшелерінен тұратын топтың іс-әрекеттері сипатталады. Хаттың мәтінінде "Қазақстанның елшілігі арнайы валюта қорынан конгрес мүшелерін қорларына ақша аудару арқылы қаржыландырып отыр" деген жолдар бар.

Қазақстан бұл хатты жалған деп айыптап, сараптама жүргізуді талап етті. Дегенмен Қазақстан билігі лоббистер іздеп жатқанын жоққа шығармады. "The New York Times" газетінде жарияланған хатқа жауап берген Қазақстанның АҚШ-тағы елшісі Ерлан Ыдырысов "Қазақстан әлбетте АҚШ-тан консультанттар жалдады. Бұл Қазақстанда диктаторлық режим орнаған деген ойдан шығарылған идеяны таратып жүрген президенттің сыншыларына жауап беру үшін қажет» деп жазды.

АСТАНАНЫҢ ШАШБАУЫН КӨТЕРГЕН ИНСТИТУТТАР

Маусымның 2-сінде Вашингтонда орналасқан Project on Government Oversight (POGO) үкіметтік емес ұйымы «Қазақстан билігі Конгрес мүшелерін сатып алып, ықпал ету үшін қор құруы мүмкін» деп алаңдаушылық білдіріп, АҚШ-тың бас прокуратурасын тексеру жүргізуге шақырды. Ұйымның тергеушісі Джейк Вейнс егер Қазақстан елшісінің конгресс мүшелеріне ақша төлегені жайындағы хаты рас болатын болса, онда ол алаңдауға тұрарлық екенін айтады.

- Егер құжат рас болып шықса, ол Қазақстан үкіметінің конгресс мүшелерін заңсыз қаржыландырғанын көрсетеді. Бұл - онда үлкен мәселеге айналады деген сөз. Себебі саясатта ақша жүрсе оның әңгімесі бөлек. Дәл қазір біздің көзіміз жетіп тұрған нәрсе – олар заңгерлер арқылы саяси клуб құрып алған, ал олардың жалдап отырған лоббистік фирмалары осы клубтың жетекшілеріне тонналап болмаса да әжептәуір ақша құйып келген, - дейді Вейнс.

Сонымен қатар шетелдік үкіметтердің немесе жеке тұлғалардың талдау орталықтары мен академиялық институттарға қаржы құю арқылы АҚШ астанасындағы саясатқа ықпал етуін шектеуден пайда шамалы. Ондай ұйымдар қоғамдық пікір туғызып, белгілі бір мемлекеттің жағымды бейнесін қалыптастыра алады.

Осы жылдың басында Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстандағы президент сайлауындағы 95,5 пайызбен жеңіске жеткенін паш ету үшін Вашингтондағы стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы мен жаңа демократия институты белсене қимылдады. Бұл екі ұйым Қазақстанның «демократияға қарай қадам басып бара жатқаны» туралы баяндамалар жазуға міндеттенгені үшін екі жыл бұрын Қазақстан билігінен 290 мың АҚШ долларын алған. Мұндай мәліметті Орталық Азия бойынша ақпарат тарататын eurasianet.org вебсайты жариялады.

Биыл Қазақстанда мерзімінен бұрын өткен президент сайлауынан кейін Жаңа демократиялар институтының атқарушы директоры Маргарита Асенованың төмендегі сөздеріне сілтеме жасалды: "Халық Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік, тұрақтылық, экономикалық даму және Қазақстандағы этникалық үйлесімділік орнықтырған дана саясатына сенім артады. Олар бұл сасаттың ары қарай да жалғасқанын қалайды".

Ал ЕҚЫҰ осы сайлау қорытындысына қатысты Қазақстанда «шынайы әділ демократиялық сайлаулар өткізуге қажетті реформалар әлі жүзеге асқан жоқ» деп сынаған.

АТЫ БАР ДА, ЗАТЫ ЖОҚ ҰЙЫМ

Афанасенкоға келсек, ол Рахат Әлиевке қатысты сотқа арыздануын Австрияда жалғастыратынын айтты. Ал Әлиев оның айыптауларын "өрескел жалған" деп атап, оны Қазақстан билігінің өзін қаралау үшін жасап жатқан шараларының бірі деді. Рахат Әлиевтің айтуынша, оның қолында Афанасенконың Қазақстанның қауіпсіздік органына қызмет еткендігін дәлелдейтін айғақтар баршылық.

Афанасенконың АҚШ-та пайда болуына Экономикалық және саяси зерттеулер бойынша халықаралық еуразиялық институт деп аталатын ұйым көмектескен. Бұл ұйым өзгелермен салыстырғанда көп көзге түсе бермеуге бейім сияқты. Оны басқарып отырған Ринат Ахметшин – бұрынғы Совет одағының азаматы, кезінде қазақ оппозициясының жетекшісі Әкежан Қажыгелдинмен байланыста болған. Ал Афанасенко бірк езде Қажыгелдиннің де қорғаушысы болған. Афанасенконың сапарын қаржыландырған Ринат Ахметшин бұл мәселеге қатысты электронды пошта арқылы да түсінік беруден бас тартты. Тек Афанасенконы бұрыннан білетінін айтты. "Афанасенко - Бельгияның азаматы, Қазақстанмен ешқандай байланысы жоқ" деді ол.

Ахметшин мен ол басқаратын ұйымның сайтында берілген телефон нөмірі бойынша хабарласудың мүмкіндігі болмады. Берілген адрес бойынша Вашингтонда ешқандай кеңсе жоқ болып шықты, ал веб-сайты жұмыс істемейді. "Институт 5-6 жыл бұрын басқа мекен-жайға көшіп кеткен" деп жауап берді Ринат Ахметшин электронды байланыс арқылы.

Қазақстан президенті мен оның бұрынғы күйеу баласы арасындағы жанжалдың жақын арада саябырситын түрі көрінбейді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG