Accessibility links

Техастағы қазақ мектебі


АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласындағы жексенбілік қазақ мектебінде домбыра шертуді үйреніп отырған балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазан айы. Суретті Мерзет Әліп ханым жолдаған.

АҚШ-тың Техас штаты Хьюстон қаласындағы жексенбілік қазақ мектебінде домбыра шертуді үйреніп отырған балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазан айы. Суретті Мерзет Әліп ханым жолдаған.

«Балаларымыз ана тілін ұмытып қалмасын деп жексенбілік мектеп аштық» дейді Хьюстондағы қазақтар.

АҚШ-тың Техас штатындағы Хьюстон қаласында тұратын Мерзет Әліп ханым – сондағы жексенбілік қазақ мектебі ұстаздарының бірі. Ол Азаттыққа берген сұхбатында мектеп ашуға не себеп болғанын айтты.

Азаттық: – АҚШ-қа қай кезде не себептен көшіп бардыңыздар?

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

Мерзет Әліп: – 2010 жылы жолдасым, компьютер саласының маманы Жәнібек Мақымның қызметіне байланысты Қазақстаннан көшіп келдік. Ол кісі 1992 жылы Моңғолиядан Қазақстанға қоныс аударған, Түркияда білім алған. Ал менің мамандығым – экономист. Әке-шешем әлі Моңғолияда тұрады. Екі қыз, бір ұлым бар. Қыздарымның бірі сегізінші, екіншісі екінші сыныпта оқып жүр. Ұлым екі жасқа енді толды.

Азаттық: – Хьюстонда қазақ мектебін ашуларыңызға не себеп болды?

Мерзет Әліп: – Балалардың өсіп келе жатқан ортасы басқа ғой, сондықтан олар ана тілін тез ұмытып, басқа тілде сөйлеуге бейім тұрады. Үйде қанша жерден қазақша сөйлегеніңмен, олар ағылшынша жауап беруге құмар. Мәселен, биыл сегізінші сыныпта оқитын үлкен қызым кейде: «Мама, ағылшынша айта салайыншы, маған қазақшадан гөрі ағылшынша айту оңай» деп жауап береді. Сол себепті балаларымыз ана тілінен мүлдем ажырап қалмауы үшін 2012 жылы осында тұратын қазақ отбасылары бірігіп, жексенбілік мектеп ашуға бел будық. Бұл жерде мектептің жұмыс істеуіне ұйытқы болған – тек мен ғана емес, басқа да ата-аналар. Бірақ басында мектепте сабақ беретін мұғалім болмағандықтан, мамандығым басқа болса да қазақ тілін оқытуыма тура келді.

Мектепте әр жексенбі сайын төрт сағат оқытамыз. Қазақтың тілі мен тарихын, салт-дәстүрін оқытуға күш саламыз. Қазақ әндерін үйретеміз. Қазақтың ұлттық биі туралы да сабақ бар.

Азаттық: – Балаларға қазір кім сабақ береді?

Мерзет Әліп: – Қазір үш оқытушымыз бар. Оның біреуі – кәсіби мұғалім, екеуі – Қазақстаннан келіп, осында оқып жүрген студенттер. Ал мен мектептің негізгі ұйымдастыру жұмыстарымен айналысамын.

Азаттық: – Хьюстандағы қанша қазақ тұрады? Олардың қаншасы балаларын сіздердің жексенбілік мектептеріңізге әкеледі?​

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

Хьюстондағы жексенбілік қазақ мектебіндегі балалар. АҚШ, 2015 жылдың қазаны.

Мерзет Әліп: – Үш мыңға жуық қазақ бар деп естігенмін. Негізінен қызмет бабымен келгендер, содан кейін студенттер. Мектебімізде өткен жылы 30-дай бала оқыды. Биыл 18 бала оқып жүр. Осы жақта бұрыннан тұрып келе жатқан қазақ отбасының балалары, әкесі америкалық, анасы қазақ бала да бар ортамызда. Балалардың құрамы өзгеріп отырады. Өйткені қызмет бабына байланысты ата-аналары көшіп кетеді немесе басқа да жағдайларға байланысты балалары келмей қалады.

Азаттық: – Мектептің қаржылық мәселесін қалай шешесіздер? Қазақстанмен қарым-қатынастарыңыз бар ма?

Мерзет Әліп: – Мектепте негізінен жұмыс істейтін төрт адамбыз. Эльвира есімді мұғалім екеуіміз өз көңілімізбен тегін қызмет атқарамыз. Екі студент қызметкерімізге балалары мектепте оқитын ата-аналар өзара келісіп жалақы төлеп отырады. Ал Қазақстанмен ешқандай байланысымыз жоқ.

Азаттық: – Сұхбатыңызға рақмет.

  • 16x9 Image

    Нұртай ЛАХАНҰЛЫ

    Нұртай Лаханұлы. 1973 жылы дүниеге келген. 1998 жылы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің филология факультеті бойынша тәмамдаған.  «Қазақстан-Заман» газеті мен «Қазақ радиосында» қызмет еткен. 2010 жылдан бері Азаттық радиосында  жұмыс істейді.

XS
SM
MD
LG