Accessibility links

Ағайынды Царнаевтар АҚШ-та дүрбелең тудырды


ФБР-дің вебсайтында жарияланған Тамерлан (оң жақта) және Джохар Царнаевтардың суреті. 18 сәуір 2013 жыл

ФБР-дің вебсайтында жарияланған Тамерлан (оң жақта) және Джохар Царнаевтардың суреті. 18 сәуір 2013 жыл

Бостон қаласындағы марафон кезінде болған жарылыстан соң полиция күдікті ретінде іздеріне түскен ағайынды екі жігіттің бірі оққа ұшып, екіншісі қамауға алынды.

Сәуірдің 19-ы күні АҚШ-тың Бостон қаласының барша тұрғындарына бір тәулікке жуық уақыт үйлерінен шықпай отыру бұйырылды. Қалада полиция мен қауіпсіздік күштері 19 жастағы Джохар Царнаев есімді жігітті жаппай іздеп жатқан. Джохар Царнаев - Бостон марафонындағы жарылысқа қатысты күдікке ілінген екі адамның біреуі еді.

Оның 26 жастағы Тамерлан есімді ағасы сәуірдің 19-ына қараған түні полициямен атыс кезінде оққа ұшқан болатын.

Жұма күні түн ауа Бостон полициясы Джохарды тірі қолға түсіргені туралы мәлім етті. АҚШ президенті Барак Обама: "Бұл трагедияның бір тарауы жабылды. Бірақ осы елдегі қауымның тең мүшелері ретінде өсіп, білім аған жастардың мұншама қатыгездікке не үшін барғаны туралы сұраққа әлі жауап жоқ" деді.

Ресми өкілдердің айтуынша, Тамерлан Царнаев сәуірдің 19-ы күні таңертең Бостонның түбіндегі Уотертаун қалашығында болған полициямен атыс кезінде өлген. Полицияның мәліметіне сәйкес күдіктілер қарсыласу кезінде жарылғыш заттар лақтырған, сол сәтте Джохар Царнаев қашып үлгірген.

АҚШ-тың жергілікті БАҚ-тары екі күдіктінің Солтүстік Кавказдан екенін хабарлады.

Массачусетс полициясының полковнигі Тим Албен 19 сәуір күні таңертең журналистерге екі күдіктінің бірі атыс кезінде өлімші болып жараланып, ауруханада жан тапсырды деген еді.

Ауруханадағы дәрігер өлген адамның денесінде оқ тиген және жарылғыш заттар зақымдаған жарақаттар болғанын айтты.

Азаттық тілшісі Дағыстанның астанасы Махачкаладағы ағайынды Царнаевтар оқыған мектептің өкілімен сөйлесті.

- Олар біздің мектепте бір жыл оқыды. Екі қарындасы да болған. Бізге Қырғызстаннан келген еді, кейін Америкаға көшіп кеткен, - деді.

Америкалық БАҚ олардың АҚШ-та бірнеше жыл оқығандары туралы хабарлады.

Қырғызстанның ішкі істер министрлігі Азаттықтың Қырғыз қызметіне ағайынды Царнаевтардың Токмок қаласында туғандарын, Тамерланның Қырғызстан паспортын 2002 жылы алғанын растады.

Ағайындылар АҚШ-қа 2002 мен 2004 жылдың арасында кірген.
ФБР іздеу салған Джохар Царнаевтың суреті.

ФБР іздеу салған Джохар Царнаевтың суреті.


Джохар Массачусетстегі Cambridge Rindge және Latin School орта мектептерінде оқып, 2 500 долларлық грант жеңіп алған. Жоғары кластарда палуан ретінде аты шыққан. Ол қазір Массачусетс-Дартмаус университетінің студенті. Университет вебсайты 19 сәуір күні ашылмай тұр. Тұтас оқу орны мен кампуста эвакуация жүріп жатқаны туралы ғана хабарландыру ілінген.

Тамерлан бокстан олимпиада құрамасына кіруді армандаған. Бостонның орталығындағы жекпе-жек өнері орталығында жаттыққан. Оның суреттерін "Will Box For Passport" атты галереядан көруге болады. Тамерлан 2009 жылы Ютада өткен бокстан ұлттық деңгейдегі жарысқа қатысқан.

Оны білетін кейбір адамдардың сөзінше, Тамерлан Шешенстан азат ел атанғанша Ресей емес, АҚШ үшін бокстасатынын айтқан.

"Бір де бір америкалық досым жоқ. Оларды түсінбеймін" деген сөздері де цитата ретінде келтіріліп жатыр.

Тамерлан Bunker Hill Community College-де инженер мамандығы бойынша оқыған. Оның YouTube парақшасында "террористер" деп таңбаланған сілтемелер мен уағыздар ғана бар.

Ағайындыларды танитын кейбір Массачусетстегі жұрт төбеден жай түскендей әсер алғандарын айтады.
Тамерлан Царнаев марафон өтіп жатқан көше бойымен кетіп барады. ФБР жариялаған фото.

Тамерлан Царнаев марафон өтіп жатқан көше бойымен кетіп барады. ФБР жариялаған фото.


Джохардың орта мектептегі мұғалімі Лэрри Аронсон Facebook парақшасында мына хабарды адам сенгісіз "сюрреалистік" деп сипаттаған. Ол: " Осыншама адам өліміне себеп болған жексұрын қылмысты ол жасады дегенге сенбеймін" деп жазған.

Джохардың ВКонтакте желісіндегі парақшасында "діні Ислам", "жеке қызығушылығы карьера және ақша", "сөйлейтін тілдері ағылшын, орыс және шешен" деп жазылған. Парақшада мынадай анекдот жазылған: "Көлікте дағыстандық, шешен және ингуш бірге келе жатыр. Рөлде кім отыр? Полицей".

Ағайынды Царнаевтардың туысы 19 сәуір күні бірінші рет журналистер алдына шығып сөйледі. Өзін олардың немере ағасымын деп таныстырған Руслан Царни жарылыстан қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтып, жараланған адамдардан кешірім өтінді. Ол Тамерлан мен Джохар Царнаевтарды "АҚШ-та орныға алмай төңірегіне жауыққан жол болмаған, сөйтіп жолы болғандарды жек көре бастаған адамдарға" теңеді.

Бостон полициясы сәуірдің 18-і күні екі күдіктінің ізіне түскен. Оған Массачусетс технология университетінің қалашығында тексеру жүргізіп жүрген полиция офицерінің оққа ұшуы себеп болған. Сол жерде күдіктілер "Мерседес" көлігін мініп қашқан.

Сәуірдің 19-ы күні Бостонның және оның төңірегіндегі қалашықтардың қоғамдық көлігі тоқтап қалған еді. "Қаруланған қауіпті күдікті" деп жарияланған Джохар Царнаевты іздеу кезінде мектептер мен дүкендер түгел жабылған болатын. Массачусетс штатының губернаторы Девал Пэтрик тұрғындарды көшеге шықпауға шақырған. Полицияның мәліметі бойынша Джохар сол күні жергілікті уақыт бойынша кешкі тоғызға жуық тірідей қолға түсті.

Сәуірдің 15-і күні Бостонда өткізілмек болған дәстүрлі марафон кезінде екі мәрте қуатты жарылыс болып 3 адам өліп, 170-тен астам адам жараланған еді.

Царнаевтардың Дағыстанда оқыған мектебі туралы видеоны көріңіздер.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG