Accessibility links

Фергюсондағы қаза нәсілдік бөліністі көрсетті


Полицейлер алдында қол көтеріп тұрған адам. Фергюсон, Миссури штаты, АҚШ. 11 тамыз 2014 жыл.

Полицейлер алдында қол көтеріп тұрған адам. Фергюсон, Миссури штаты, АҚШ. 11 тамыз 2014 жыл.

Полицияның қарусыз жас жігітті атып өлтіруі АҚШ аумағында үлкен дүрбелең туғызды. Бұл жайт елдегі нәсілдік алауыздықтың әлі де жойылмағанын көрсетті.

АҚШ-тың Миссури штатындағы Фергюсон деп аталатын шағын қалашықта полицейлер тамыздың 9-ында түн жарымында жолдан дұрыс өтпеген екі бозбаланы тоқтатып, іле-шала олардың бірін – 18 жастағы қара нәсілді жігіт Майкл Браунды атып тастаған. Полицияның қарусыз Браунды не себепті атқаны түсініксіз. Жергілікті тәртіп сақшыларының айтуынша, Браун «дүкеннен темекі ұрлап, полицейдің қолындағы қаруын тартып алмақ» болған. Ал оққа ұшқан бозбаланың туыстары оны «нәсілдік кемсіту саясатының құрбаны болды» дейді.

Бұл оқиғаға байланысты Фергюсонда соңғы апталарда наразылық шерулері мен тәртіпсіздіктер болып жатыр.

Қазір тергеушілер оқиғаның жай-жапсарын анықтауға кіріскен. Бірақ бұл оқиға бүкіл елде ондаған жылдар бойы болмаған нәсілдік алауыздықты өршітті. Бұл мәселе жөнінде АҚШ президенті Барак Обама: «Біз, америкалықтар, қазіргі сәтті пайдаланып өзіміздің адами болмысымызды қайта табуымыз керек» деді.

КЕМСІТУШІЛІК КӨРІНІСТЕРІ

2008 жылы Барак Обама президент болып сайланғанда қара нәсілділерді құлдыққа жеккен, кемсіткен жайттардың бәрі артта қалып, АҚШ нәсілдік бөлінуден ада елге айналды деген сенім болған еді. Бірақ Фергюсондағы оқиға афроамерикалықтардың әлі де экономикалық және саяси тұрғыдан маргиналданып отырғанын дәлелдеп берді.

Майкл Браунның қазасына байланысты наразылық шеруі. Нью-Йорк, 14 тамыз 2014 жыл.

Майкл Браунның қазасына байланысты наразылық шеруі. Нью-Йорк, 14 тамыз 2014 жыл.

Фергюсон қалашығындағы нәсілдік алалаушылық бұған айқын мысал бола алады. Ұлттық санақ бюросының мәліметтері бойынша, қала тұрғындарының 67 пайызы қара нәсілділер болғанына қарамастан, мұндағы 53 полицейдің тек үшеуі ғана - афроамерикалық.

Қала басшылығында да кілең ақ нәсілді азаматтар жұмыс істейді. Мэр Джеймс Ноулстің өзін қоса қалалық кеңестің алты мүшесінің бесеуі, мектеп кеңесіндегі жеті адамның алтауы - ақ нәсілділер. Миссури штаты бас прокуратурасының деректерінше, былтыр жол ережесін бұзды деген айыппен тоқтатылғандардың 86 пайызы, тінтілгендердің 92 пайызы, тұтқындалғандардың 93 пайызы қара нәсілділер болған.

Шағын қаладағы қаза АҚШ халқын қайтадан екіге жарды. Pew зерттеу орталығының 18 тамыз күні жүргізген сауалнамасына қарағанда, қара нәсілділердің 80 пайызы "Фергюсондағы оқиға ел үшін маңызы зор нәсіл мәселесіне назар аудартты" десе, ақ нәсілділердің тек 37 пайызы нәсілдік мәселені маңызды проблема санайды. Ақ нәсілділердің 47 пайызы "нәсілдік қарым-қатынас тақырыбына шамадан тыс көп назар аударылып кетті" деп есептейді.

Көшедегі тәртіпсіздіктерді тыюға шығарылған полицейлер. Фергюсон, АҚШ, 18 тамыз 2014 жыл.

Көшедегі тәртіпсіздіктерді тыюға шығарылған полицейлер. Фергюсон, АҚШ, 18 тамыз 2014 жыл.

Сауалнамаға қатысқан қара нәсілділердің тек 18 пайызы ғана "Фергюсондағы оқиға әділ түрде тергеледі" деп үміттенсе, ақ нәсілділердің 52 пайызы тергеушілердің әділдігіне сенім білдірген.

Федералдық тергеу бюросының (ФБР) мәліметтеріне сараптама жасаған USA Today басылымы Майкл Браунның өлімі кездейсоқтық емес деген қорытындыға келді. 2005-2012 жылдары АҚШ аумағында ақ нәсілді полицейдің қара нәсілді адамды атып тастау аптасына екі рет кездесіп отырған. Оққа ұшқан афроамерикалықтардың 18 пайызы – әлі 21 жасқа толмағандар.

«БАҒДАТ КӨШЕЛЕРІН ЕСКЕ ТҮСІРЕТІН КӨРІНІС»

Полицияның озбырлығына наразылық білдіріп көшеге шыққан халықты қарулы тәртіп сақшылары қуып таратпақ болды. Олардың шерушілерге жас ағызатын газ шашуы АҚШ-тың түкпір-түкпіріндегі жұртшылықтың ашуын туғызды.

ВИДЕО: Фергюсондағы полицияның наразыларды таратуы

АҚШ конгресмені, 1960 жылдары адам құқықтарын қорғаумен әйгілі болған Джон Люис «наразылық шаралары туралы видеорепортаждар Бағдат сияқты соғыс өрті шарпыған аймақтарды еске салады» деді.

«Фергюсон – АҚШ-тың бір бөлігі. Ол – Қытай да, Ресей де, Конго да емес – Америка. Халықтың наразылық білдіруге, бейбіт шаралар өткізуге хақысы бар. Ақпарат құралдарының ол туралы хабар таратуға хақысы бар» деді ол NBC телеарнасына берген сұхбатында.

Полицияның шектен шыққан әрекеттеріне БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун да наразылық білдірді. Ол құқық қорғау органдарын «демонстранттарға қатысты АҚШ заңдары мен халықаралық стандарттарды орындауға, сөз және бейбіт түрде жиналу бостандығын қорғауға» шақырды.

Фергюсон қаласындағы тәртіпсіздіктер. 18 тамыз 2014 жыл.

Фергюсон қаласындағы тәртіпсіздіктер. 18 тамыз 2014 жыл.

Тамыздың 16-сы күні қалада төтенше жағдай жариялаған штат губернаторы Джей Никсон «заңсыздық пен озбырлыққа тиісті жауап беру үшін, бейбіт адамдардың дауыстарын жеткізу құқығын қорғау үшін» Фергюсонға Миссури ұлттық гвардиясы кіргізілетінін мәлімдеді. АҚШ президенті Барак Обама сол күні Джей Никсонмен сөйлесіп, оған ұлттық гвардияны мейлінше аз қолдануға тапсырма берді, әскердің қалай әрекет еткенін жіті қадағалап отыратынын айтты.

«Халықтың басым көпшілігі бейбіт түрде наразылық білдіріп жатыр, тек азғантай топ бәрін бүлдірді» дейді АҚШ президенті.

Барак Обама елді дүрліктірген істің ақ-қарасын анықтау үшін Фергюсонға бас прокурор Эрик Холдерді жіберді. Ол ФБР, әділет департаменті, жергілікті басшылықпен және қауым өкілдерімен кездесіп жүр.

Істі тергеумен бірнеше мекеме бір мезетте айналысуға кіріскен. Сент-Луис аймақтық полиция департаментімен қоса ФБР да азаматтық құқықтардың сақталуын қадағалап, тергеу жүргізіп жатыр. Мерт болған Майкл Браунның денесін әділет департаментінің мамандарымен қоса жергілікті полиция өкілдері, сондай-ақ Браунның туыстары жалдаған сарапшылар тексеріп жатыр. Жекеменшік компания сарапшыларының қорытындысына қарағанда, Браунның қолына төрт, басына екі оқ тиген.

Азаттық тілшілері Карл Шрек пен Люк Джонсонның материалын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей.

XS
SM
MD
LG