Accessibility links

Обама халқына жолдау жасады


АҚШ президенті Барак Обама 28 қаңтар күні кешке конгрессте "Мемлекеттің жағдайы" деген тақырыпта халыққа жолдау жасап, елдің өз тарихындағы ең ұзаққа созылған рецессиядан біртіндеп шығып келе жатқанын мәлімдеді. Ол жолдауында жұмыс орындарын ашып, америкалықтардың табысын арттыратын шараларды ұсынды.

Обаманың сөзінше, қазір АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі соңғы бес жылдағы ең төмен көрсеткішті құрайды. Ал экономиканың өнеркәсіп саласында өткен ғасырдың 90-жылдарынан бері бірінші рет жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр. Ол бұған қоса қазір АҚШ-тың өз аумағында өндіретін мұнай көлемі импортталатын мұнайдан асып кеткенін де айтты.

Барак Обама өзі президент болған жылдары бюджет тапшылығы екі есеге азайғанын, әлемде инвестиция салуға ең қолайлы ел Қытай емес, АҚШ екенін де атап өтті.

АҚШ президенті ел азаматтарының барлығы бірдей экономикалық игіліктерді тең көре алмай жатқанын айтып, конгресті әлеуметтік теңсіздікпен күрес шараларын қолдауға шақырды. Ол өзінің бастамаларын конгресс қолдамайтын болса, конгрестің қарсылығын еңсеру үшін конституция беретін өкілеттіктерді пайдалануға дайын екенін мәлімдеді.

Барак Обама таяуда мемлекеттік қызметкерлердің ең төменгі жалақысын көбейту туралы жарлыққа қол қоятынын да хабарлады.

Ирактағы соғыстың аяқталуы мен алда Ауғанстаннан америкалық әскерилердің шығарылуын, Иранмен оның ядролық бағдарламасына қатысты келісімге келуді Обама АҚШ-тың сыртқы саясатындағы жетістіктер ретінде атады.

АҚШ президенті Вашингтонның Еуропа мемлекеттерімен одағы тарихтағы ең берік одақ саналатынын және АҚШ өз елінде демократия орнатқысы келетіндерді қолдауға дайын екенін білдірді.

Обаманың айтуынша, АҚШ Украинадағы барлық азаматтардың өз пікірін еркін және бейбіт түрде білдіруге құқығы бар деп санайды.

Барак Обама АҚШ нәсілі, ұстанған діні, сенімі мен жыныстық өзгешеліктеріне қарамастан барлық адамның тең екенін басшылыққа алатынын, оған Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында америкалық команданың қатысуы кезінде көз жеткізуге болатынын мәлімдеді.
XS
SM
MD
LG