Accessibility links

«Талибанмен» тұтқын алмасқан Обама дауға ұрынды


Еуропаға аттанар алдында АҚШ президенті Обама «Талибан» тұтқынында отырған сержант Бергдалды босатып алғанын жағымды жаңалық ретінде мәлімдеген еді. Алайда, бұл істің соңы дауға ұласты.

Вашингтоннан шалғайда, шетелдерде жүрсе де ел ішіндегі даулы мәселелер Обаманың алдынан шығады да тұрады. Польша, Бельгия және Францияға барған кезінде де журналистер АҚШ президентіне сержант Боуи Бергдал туралы қолайсыз сұрақтар қойып жатты.

БЕС ТҰТҚЫНҒА БАҒАЛАНҒАН БЕРГДАЛ

Обама мамырдың 31-і күні, Еуропаға жүрер алдында ғана Ақ үйдегі раушангүл бағында Бергдалдың ата-анасымен бірге тұрып, бұл хабарды мақтанышпен жариялаған. Бірақ «Талибанмен сыйбайлас» деген атқа қалатынын Обаманың өзі де білмесе керек. Брюссельде жүрген Обама маусымның 5-і күні:

- Мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалдық. Өкінетіндей дәнеңе жоқ. Вашингтондағы дауға да таңғалмаймын, - деді.

Сержант Бергдалды «Талибан» 2009 жылы тұтқындаған еді. Оны шығарып алу үшін АҚШ «Талибанның» бес тұтқынын босатқан. Гуантанамо түрмесінде 10 жылдан астам уақыт қамауда отырған «Талибан бестігі» Катарға жіберілген.

ДАУДЫҢ САЯСИ АСТАРЫ

Бергдал босай салысымен Вашингтонда айтыс-тартыс басталды да кетті. Бұған әсіресе биылғы қарашада сайлауға түсетін депутаттар қатты кірісті. АҚШ үкіметі мен «Талибан» арасындағы «тұтқын айырбасын» көбіне Республикалық партия мүшелері сынап жатыр. Уәждерінің жаны бар: Обама заң бойынша тұтқын босатардан 30 күн бұрын Конгреске хабарлауы керек. Обама бұл шартты орындамаған.

Сержант Бергдалдың "Талибан" тұтқынына түскенге дейінгі түскен суреті.

Сержант Бергдалдың "Талибан" тұтқынына түскенге дейінгі түскен суреті.

Заң бұзылған соң дау да ушықты. Айтылып жатқан әңгіменің ұзын сорабы - Обама терроршылармен келісімге барған; Бергдал босатуға лайықты адам емес, әскерден қашқан дезертир; АҚШ әкімшілігі оның басына тым артық «құн» төлеген; тұтқындардың босатылуы - Гуантанамо түрмесін жабу төңірегіндегі қитұрқы әрекет.

Әуелде бұл шұрқанды журналистер көтеріп жіберген. Сенаторлар енді жауапкершілікті Обама әкімшілігінің мойнына іліп әлек.

«Талибан бестігі» туралы айтқан сенатор Джон Маккейн «Олар – терроршылар. Катарда олар енді емін-еркін жүреді, бір жылдан соң қалаған жағына кете береді. Оларды босату арқылы біз АҚШ азаматтарының басын қатерге тігіп отырмыз» деді.

Маккейн «тұтқын айырбастаудың» дұрыс екенін айта келіп, «бірақ бұл жерде АҚШ тым артық «құн» төледі» деп мәлімдеді. Ал Конгреске Респубикалық партиядан сайланған сенатор Линдсей Грэхэм:

- Бұл – жаман прецедент болды. Бұдан былай терроршылар әлемнің қауіпті аймақтарында жүрген америкалықтарды кепілге алуға ұмтылатын болады, - деді.

Обаманың партияластары да бұл шешімді құптамайтындарын аңғартты. Калифорниядан сайланған сенатор, Барлау комитетінің басшысы Диана Фейнштейн «Обаманың бұл шаруаны Конгреске айтпағаны дұрыс емес. Ақылдасып істеуі керек еді» дейді.

Обаманың бұл ісін тек Мичиганнан сайланған сенатор Карл Левин ғана қолдайды.

- Әрине, әртүрлі қауіп айтыла береді. Бірақ бұл жерде біз отан алдындағы қасиетті борышын өтеп жүрген АҚШ жауынгерінің бостандығы да аса маңызды мәселе екенін ұмытпайық, - дейді ол.

БЕРГДАЛ ҚАШҚЫН БА?

«Бергдал «Талибанның» қолына қалай түскен?» деген сұрақ АҚШ баспасөзінде қызу талқыланып жатыр. Оның тұтқынға түсуінің жай-жапсарына үңілген журналистер «жауынгер әскери постты тастап, қашып кеткен болуы мүмкін» деген де болжамдар айтты.

The New York Times газеті маусымның 5-і күні жариялаған мақаласында құпия әскери материалдарда Бергдалдың жоғалардан бұрын әскери борышын атқармай, ел кезіп жүргені жайлы айтылады. Сол есепте оның Ауғанстандағы посттан өз еркімен жаяу кетіп қалғаны жазылған.

АҚШ армиясының сержанты Бергдал босатылар алдында "Талибан" өкілімен сөйлесіп отыр. "Талибан" атынан жарияланған видеодан алынған скриншот. 4 маусым 2014 жыл.

АҚШ армиясының сержанты Бергдал босатылар алдында "Талибан" өкілімен сөйлесіп отыр. "Талибан" атынан жарияланған видеодан алынған скриншот. 4 маусым 2014 жыл.

Бірге қызмет еткен кейбір солдаттар ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында Бергдалды «дезертир» (қашқын) деп атап жатыр. CNN телеарнасы «Бергдалды іздеу барысында кем дегенде алты жауынгер мерт болған» деген болжам айтса, The New York Times «ол фактілер дәлелденбеген» дейді.

Бұған дейін Бергдалдың әскери қызметіне мін тағылмаған еді. Маусымның 4-і күні мәлімдеме жасаған АҚШ армиясы штабының басшысы Реймонд Одиерно «армия жақын арада оның қалай қолға түскеніне байланысты жан-жақты, ашық тергеу жүргізетінін» айтты.

Дау-дамай ушығып кеткендіктен, әу баста Бергдалдың босатылуын қолдап әлеуметтік желіде пікір қалдырған Конгресс мүшелері ол жазбаларын жалма-жан өшіріп тастады.

АҚ ҮЙДІҢ УӘЖІ

Обама әкімшілігінің наразы жұртқа айтар уәждері бар. Мәселен, «Талибанмен» арадағы келіссөзді көбіне Катар басшылығы жүргізген; ал тұтқын алмасу шартының жай-жапсары ол босатылардан бұрын жарияланса, Бергдалдың өміріне қауіп төнетін еді.

Маусымның 4-і күні сенаторларға арналған жабық брифинг өтті, онда тұтқын алмасу келісімінің дұрыс шешім болғанын дәлелдеген Обама әкімшілігінің өкілдері былтыр желтоқсанда түсірілген видеоны көрсетті. Онда Бергдалдың денсаулығы тым нашарлап кеткені байқалады.

Атын атамауды жөн көрген АҚШ әкімшілігінің жоғары лауазымды қызметкері «Сенаторларға сержант Бергдалдың денсаулығының нашарлағанымен қоса, тұтқын алмасу процесі жария болса немесе тоқтатылса, оның оңалуы қиындай түсетінін, тіпті өміріне қауіп төнетінін дәлелдейтін нақты әрі жалпылама айғақтар көрсетілгенін» айтты.

Республикашыл сенаторлар бұл мәселе бойынша арнайы тыңдау өткізуді талап етіп отыр. Қарулы күштер комитетінің төрағасы, Республикалық партия өкілі Бак Маккеон АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгелді осы іске байланысты маусымның 11-і күні есеп беруге шақырды.

АҚШ президенті Барак Обама Нормандияға одақтастар әскерінің кіргеніне 70 жыл толуына орай өткен шарада тұр. Франция, 6 маусым 2014 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Нормандияға одақтастар әскерінің кіргеніне 70 жыл толуына орай өткен шарада тұр. Франция, 6 маусым 2014 жыл.

Рейган тұсында қорғаныс министрінің орынбасары болған, қазір American Progress орталығының сарапшысы болып қызмет атқаратын Лоуренс Корб «Шу-шұрқан басылған соң бұл оқиға Обаманың беделін көтеруге жәрдемдеседі» дейді .

- Меніңше, бұл Обамаға «Талибанмен» келісімге келуге мүмкіндік береді. Осы оқиға оның табанды саясаткер екенін дәлелдеді. Ол «Мен – Бас қолбасшымын, ол үшін ешкімнен кешірім сұрамаймын» деп тұрған сияқты, - дейді сарапшы.

(Льюк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей)
XS
SM
MD
LG