Accessibility links

Халықаралық қауымдастық Ливиядағы көтерілісшілерді қаруландыру мәселесінде екіге жарылды


Ливиялық қарулы көтерілісшілер шеруі. Брега, 30 наурыз 2011 жыл

Ливиялық қарулы көтерілісшілер шеруі. Брега, 30 наурыз 2011 жыл

АҚШ президенті Барак Обаманың екіұшты мәлімдемесінен кейін Ақ Үйдің кәрі құрлықтағы одақтастары әрі-сәрі күйге түсті.


Ливия жетекшісінің жасақтары оппозиция бақылауында болған аймақтарды қайтарып алып жатыр деген хабарлардан кейін Барак Обама «АҚШ Муаммар Каддафиді биліктен кетіруді көздеген Ливия көтерілісшілерін қару-жарақпен қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастырып көреді» деген мазмұнды сөз сөйледі.

ЕМЕУРІН

Президент Обама бұл туралы сейсенбі күні NBC телеарнасына берген сұқбатында айтты:

«Мен олай болу мүмкіндігін жоққа шығармаймын, бірақ сонымен қатар осылай болады деп те үзілді-кесілді айта алмаймын. Біз әлі де Каддафи күштерінің әрекет ету мүмкіндігін барлап отырмыз».

Обаманың айтуынша, Солтүстік Африка елін 40 жылдан аса басқарған Каддафиге тұсау салынды. Халықаралық әуе соққылары ақыр соңында Каддафиді биліктен кетіреді деді ол. Обаманың Ливия көтерілісшілерін қаруландыру ұсынысын қарастыруды АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон қолдап шықты.
Барак Обама, АҚШ президенті. Нью Йорк, 29 наурыз 2011 жыл.
АҚШ ресмилерімен кездескен Ливия оппозициясының жетекшілері жан-жақты сыннан өтті. Бірақ Обама оларға көтерілісшілердің мақсаттары мен құрылымы әлі де әлсіз екенін ескерткен.

АҚШ адмиралы Джеймс Стэвридис барлау қызметінің мәліметтері Каддафиге қарсы күштер арасында әл-Қаида өкілдері болуы мүмкін екенін байқатқанын айтты.

ЕУРОПА ОДАҒЫНЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Обаманың сейсенбі күнгі мәлімдемесі Лондонда НАТО мен араб елдері Каддафиге қысымды күшейте беру керек деп келісіп жатқан тұста айтылды. Алайда Ливия көтерілісшілерін қаруландыру мәселесін талқылаған Лондон конференциясында халықаралық одақтас елдердің кейбірі бұл ұсынысқа қарама-қайшы пікір білдірді.

НАТО мен араб елдерінің Лондон конференциясында сөз сйлеген Хиллари Клинтон БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің осы айдың басында Каддафи күштеріне қарсы әскери операцияға жол ашқан қарары Ливияға қарсы қабылданған қару-жарақ эмбаргосын алып тастайды деді.

Көтерілісшілерді қаруландыру мәселесі Ливияда әскери операциялар жүргізіп жатқан одақтас елдер мен халықаралық қауымдастық елдері арасында әртүрлі реакция тудырып отыр.

Франция сыртқы істер министрі Ален Жюппе сейсенбі күні өз елінің бұл мәселені талқылайтынын айтқан.
Дэвид Кэмерон (оң жақта), Ұлыбритания премьер-министрі және Хиллари Клинтон, АҚШ мемлекеттік хатшысы. Лондон, 29 наурыз 2011 жыл.
Ал Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон осыған дейін Ливияның территориясына қару-жарақ кіргізуді шектеп келген БҰҰ-ның эмбаргосы әлі күшінде екенін айтты. Оның пайымдауынша, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1973 жылғы резолюциясына сәйкес бас амандығына қатер төнген бейбіт тұрғындарды құтқару үшін кез-келген шара қолдануға болады. Яғни, манағы эмбаргоны айналып өтудің жолдары бар. Бірақ, Кэмерон Ұлыбританияның бұл мәселені шешуге өздігінен кіріспейтінін қадап айтты.

Лондон конференциясы Ливия оппозициясын қаруландыру мәселесіне қатысты ешқандай шешім қабылдаған жоқ, десе де олар Ливия келешегін жоспарлау үшін байланыс тобын құруға келісті.

Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Уильям Гааганың айтуынша, Лондон конференциясына қатысқан НАТО мен араб елдерінің 48 өкілі Ливияның бейбіт халқына төнген қауіп сейілгенше, Каддафи күштеріне қарсы әскери қысым жалғаса береді:

«Біз бір мақсат үшін бірігіп отырмыз. Ливияның өз азаматтарына немесе жалпы аймаққа қауіп төндірмеуін қарастырамыз және бейбіт әрі тұрақты келешекке бастайтын жолды таңдаған Ливия халқымен бірге жұмыс істейміз».

КАДДАФИДІ КЕТІРУДІҢ ЖАЛҒЫЗ АМАЛЫ

Әлем жетекшілері Ливияда Каддафи режимін құлатудың ең тиімді жолдарын талқылағаннан кейін бұл елдегі шабуыл жаңа қарқын алғаны хабарланды.

Наурыздың 17-дегі БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ливияда ұшуға тыйым салып, бейбіт халықты қорғау үшін әскери операция бастауға рұқсат бергеннен кейін, Ливия оппозициясы айтарлықтай жетістікке жетіп қалды.

Бірақ сәрсенбі күні жақсылап қаруланған Каддафидің ұйымдасқан күштері Мисурата қаласына қайта шабуыл бастап, оппозиция бақылауындағы аймақтарды қайтарып алуға күш салып жатыр. Соңғы мәліметтерге қарағанда, одақтас күштер үкіметтік жасақтарды нысанаға алып әуе шабуылдарын жасады.
Ливиялық көтерілісшілер мінген көлік қираған кафенің қасынан өтіп барады. Аждабия, 30 март 2011 жыл
АҚШ мемлекеттік хатшысы Хиллари Клинтон одақтас күштер соққысы Каддафи бейбіт халыққа қарсы атысты тоқтатып, басып алынған аймақтан күштерін әкетсін деген БҰҰ-ның талаптарын орындағанша жалғаса беретінін жеткізді.

«Біз бәріміз бұған қатысты қысымды жалғастырып, Каддафи режимін қатты оқшауландырып тастауымыз керек. Оның ішінде саяси күрес пен дипломатиялық қысым Каддафидің кетуі керек дегенді ашық білдіреді».

Клинтон ханымның хабарлауынша, сәрсенбіден бастап АҚШ Ливиядағы операцияларға жетекшілікті НАТО-ға тапсырады.

АҚШ бұл операцияда тек қолдаушы рөл атқармақшы. Бірақ АҚШ, Франция және Британия ұшақтарының әуе соққысы Каддафи қарулы күштерін түгелімен құртып, басқаруды көтерілісшілер алғанша толастамайды.

«ЛИВИЯ ХАЛҚЫН АЯУСЫЗ ТҮРДЕ ҚЫРУ»

Бұл тұста Ливияның ресми ақпарат агенттіктері Каддафидің хатын жариялап, оның әлем жетекшілеріне қайрылып, әділетсіз шабуылдарыңды тоқтатыңдар деген сөзін таратып жатыр.

Каддафидің хатында, жүздеген ливиялық бомбалық шабуылдардан қаза тапты, Ливия халқына қарсы аяусыз қырғын ұйымдастырылып жатыр деп жазылған.
Муаммар Каддафи, Ливия жетекшісі, португалиялық телеарнаға сұқбат беріп отыр. Триполи, 17 наурыз 2011 жыл
Ұлыбритания мен Италия болса, Каддафидің елден шығып кетуіне жол беру керек деген ұсыныс жасады. Бірақ БҰҰ-дағы АҚШ елшісі Сюзан Райс «Ливия жетекшісі елден кететін сыңай танытқан жоқ» деп отыр.

Вашингтондағы ресми ақпарат көздерінің мәліметі бойынша Пентагонның Ливиядағы операцияларға 10 күн араласқаны АҚШ бюджеті үшін 550 миллион долларға түскен.

Онсыз да қазіргі қаржылық қиындықтар кезінде Ирақ пен Ауғанстандағы соғыстарға шығындалып отырғанда, АҚШ-тың енді келіп Ливиядағы әскери операцияларға қосылуын Конгресс мүшелері сынап отыр. Олардың өткен аптадағы бағалауы бойынша, Ливия операциясына АҚШ 1 миллиард доллар жұмсауы мүмкін.

«КАДДАФИДІҢ ҚЫРҒЫНЫНАН ҚОРҒАУ»

Ал Барак Обама АҚШ-тың Ливиядағы саяси шиеленіске неге араласқанын әрбір ыңғайы келген тұста барынша түсіндіруге тырысып бағады. Дүйсенбі күні ол Каддафи режиміндегі жаппай қырғынның ақыры не болады деп күтіп отырғысы келмегенін айтты.

Егер біз тағы бір күн күтіп отырсақ, 700 мың адам тұратын Бенгази қаласы қырғынға тап болар еді.
Вашингтон мен оның одақтастары Ливия жетекшісі Муаммар Каддафи оппозициялық көтірілісшілер мен бейбіт халқына қарсы шабуылды тоқтатпай қойғасын барып бірлесе әрекет етуге келіскеніне назар аударды. Обаманың айтуынша, Каддафиге өз халқын қырып-жоюды тоқтату туралы талап қойылған соң ол, керісінше, шабуылдарын күшейтіп жіберген.

- Біз егер тағы бір күн күтіп отырсақ, 700 мың адам тұратын Бенгази қаласы қырғынға тап болар еді. Одан кейін бұл аймақ бүкіл әлем үшін қара дақ болып қалар еді. Бұлай жасау біздің ұлттық мүддемізге сай келетін мәселе емес. Мен бұған қарсы шықтым. Сол үшін 9 күн бұрын Конгрестегі екі партияның жетекшілерімен кеңескен соң, мен БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің қарарын күшіне енгізіп, кісі өлімін тоқтату үшін әскери әрекетке баруға рұқсат бердім, - деп мәлімдеген еді ол дүйсенбі күні.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG