Accessibility links

Обама Ауғанстандағы АҚШ әскерінің санын қысқартпақ


АҚШ президенті Барак Обама Ақ Үйден халқына үндеу жолдап тұр. Вашингтон, 22 маусым 2011 жыл

АҚШ президенті Барак Обама Ақ Үйден халқына үндеу жолдап тұр. Вашингтон, 22 маусым 2011 жыл

Америка халқына жолдаған үндеуінде президент Барак Обама «соғыс бәсеңсіп келе жатыр» деді және ауған жеріндегі АҚШ әскерінің үштен бірі кері шақырылатынын жария етті.


Ауғанстандағы АҚШ әскері он сегіз айдың ішінде үштен бірге азаймақшы. Сәрсенбі күні кешкісін Ақ Үйден жолдаған арнайы үндеуінде Барак Обама Вашингтон НАТО-дағы одақтастарымен бірлесе отырып Әл-Қаида мен Талибан күштерін талқандауда негізгі мақсаттарына жетті деп мәлімдеді.

АҚШ президенті ішкі мәселелерге қатысты, әсіресе экономиканың әлсіреуі туралы сын-пікірлер көбейген тұста көпшілікке арнап арнайы сөз сөйледі. Бұған дейін жүргізілген ең соңғы сауалнамаға қатысқан АҚШ азаматтарының жартысына жуығы Обаманың соғыс стратегиясына қатысты күмән келтірген еді.

ӨТКІР СЫН АСТЫНДА ҚАЛУ

Сәрсенбі күнгі жолдауында Обама биыл 10 мың, ал келесі жылы 23 мың АҚШ әскерінің Ауғанстаннан елге қайтарылатынын мәлім қылды. АҚШ-тың барлық жалпыұлттық теле-радиоарналары арқылы таратылған жолдауында Обама америкалық әскер Талибанды көп шығынға ұшыратты, ал Ауғанстанның қауіпсіздік күштерін өз азаматтарын қорғауға үйретіп жатыр деп мәлімдеді.

- Біз күшіміз нақ басымдыққа жеткен жағдайда әскер шығармақпыз. 2011 жылғы қыркүйектің 11-інен бергі уақытпен салыстырғанда бүгіндері Әл-Қаида қандай да бір қауіп төндіре алмайтын күйге түсті. Пәкістандықтармен бірлесе отырып біз Әл-Қаида басшылығының жартысынан астамын жоқ қылдық. Біздің барлау ісінің шеберлері мен арнайы күштеріміздің арқасында Әл-Қаиданың бірден-бір жетекшісі Усама бин Ладенді өлтірдік, - деді ол.
АҚШ президенті Барак Обама (сол жақтан екінші) және өзге де жоғары лауазымды үкімет мүшелері Ақ Үйде Осама бин ладенді өлтіру опрециясын қадағалап отыр. Вашингтон, 1 мамыр 2011 жыл

Президент Обама АҚШ-тың тарихындағы ең ұзаққа созылған соғысты бітіруге қатысты ел ішінде өткір сынға ұшырап келген еді. Көптеген Конгресс мүшелері мен қоғамдық белсенділер Ауғанстандағы әскери операцияны ешқашан жеңіске жетпейтін, тым қымбат және көптеген америкалықтардың қанын босқа төгетін шара деп сипаттайды.

Былтырғы қараша айында Лиссабонда өткен НАТО саммитінде АҚШ пен оның одақтастары Ауғанстандлағы әскери операцияларды 2014 жылға қарай аяқтауға және сол уақыттан бастап тек ауғанның қауіпсіздік күштеріне қолдау көрсетіп қана отыруға келіскен. Қазір Ауғанстанда әскери қызмет өтеп жүрген НАТО күштерінің ұзын саны – 132 мың.

АУҒАНСТАН ӨЗІН-ӨЗІ ҚОРҒАСЫН

Сәрсенбі күнгі үндеуінде Обама әлі де көп өзгеріс жасау керектігін айтты, бірақ кейбір ауған уәлаяттарында жергілікті қауіпсіздік күштері жауапкершілікті біржола өз мойындарына ала бастағанын атап өтті. Обама ауғандарды бүлікшілермен арадағы ұзаққа созылған және өте көп адам шығынына ұшыратқан ұрыстарда мойымағаны үшін мақтап алды.

- Ауғанстанның қауіпсіздік күштері қазір 100 мыңға жетті... Олар өз елі үшін күресіп жатыр, өлім құшып жатыр. Жергілікті полиция бөлімшелерін, базарлар мен мектептер ашып жатыр. Әйелдері мен қыздары үшін жаңаша өмір сүруге жағдай жасап жатыр, сөйтіп ондаған жылдарға созылған соғыс тарихының парағын аударып тастауға тырысып жатыр, - деді Обама.
Ауған үкіметі өз халқын қорғауға қауқарлы екенін танытатын мезгіл туды. Соғыс кезінде қалыптасқан жарымжан экономикадан тұрақты ахуалға қарай бет бұруы керек.

АҚШ президенті аймақтағы қауіпсіздік үшін Пәкістанның маңызды рөл ойнайтын әріптес екенін де білдірі өтті. Усама бин Ладенді өлтіру операциясынан кейін Вашингтон мен Исламабадтың ара-қатынасы суыңқырап қалған еді. АҚШ президенті Пәкістан үкіметін Ауғанстанды қалпына келтіру ісіне барынша белсенді қатысуға шақырды.

Бірақ, 2014 жылға дейін (АҚШ пен НАТО күштерінің елден шығатын мерзімі) Ауғанстанның бейбіт мекенге айнала қоятынына көп ешкім сенбейді. Ауған президенті Хамид Карзайдың үкіметіне тағылатын ең ауыр сындардың бірі – жемқорлық. Соңғы жылдары Талибан күштері жасаған қастандықтан өлген бейбіт тұрғындардың саны да күрт көбейіп кетті.

Президент Обаманың бұл мәселені мойындамасқа шарасы жоқ. Оның сәрсенбі күні айтқан мына сөздері соны айғақтайды:

- Біз Ауғанстанды кемелденген елге айналдыруға тырыспаймыз. Бұл елдің көшелері мен тауларын мәңгі күзетіп отыра алмаймыз. Бұл енді ауған үкіметінің жауапкершілігі. Ауған үкіметі өз халқын қорғауға қауқарлы екенін танытатын мезгіл туды. Соғыс кезінде қалыптасқан жарымжан экономикадан тұрақты ахуалға қарай бет бұруы керек. Біздің қолымыздан келетіні және үнемі жалғастыра беретін ісіміз – ауған халқымен әріптестік орнату, бұл елдегі терроршыларды нысанаға алу және дербес ауған үкіметін қолдап отыру.

Ауғанстандағы АҚШ әскеріне басшылық еткендердің бірі генерал Дэвид Петрэус Ауғанстаннан әскер шығару ісін бұдан гөрі ұзағырақ, асықпай жүргізуге шақырған еді. Обама әкімшілігінің өкілі New York Times газетіне ЦРУ басшысы болып қызметі өзгерген Петрэустің президент шешімімен келіспей кеткенін мәлімдеген.
Ауғанстандағы АҚШ әскеріне басшылық еткендердің бірі генерал Дэвид Петрэус Ауғанстаннан әскер шығару ісін бұдан гөрі ұзағырақ, асықпай жүргізуге шақырған еді.

Америкалық прогресс орталығының ғалымы, бұрынғы қорғаныс вице-министрі Лауренс Корб АҚШ-тың Ауғанстандағы стратегиясы әжептәуір өзгеріске ұшырағанын айтады.

- Біздің көріп отырғанымыз – НАТО жауапкершілікті ауғандарға қарай аудара бастады. Бүлікшілермен күрес емес, жалпы терроризммен күреске қарай ойысты. Былайша айтқанда, АҚШ енді Ауғанстанның қауіпсіздік күштері дәрменсіздік танытқанда немесе Талибан қайсыбір аймаққа қайтып оралуға әрекеттенген кезде ғана барып қайта қару қолданады, - дейді ол.

ІШКІ МӘСЕЛЕЛЕРГЕ ДЕН ҚОЮ

Соңғы жолдауында Барак Обама АҚШ-тың ішкі мәселелеріне қатысты да өзінің позициясын анық көрсетуге тырысты. Елдегі жұмыссыздың деңгейі 9 пайызға жетіп, экономиканың әлсірей бастағанын оның сөз соңында былай дегені айғақтай түсті.

- Америка, енді өз үйімізде отырып, өзіміздің елдігімізді күшейтуге көбірек көңіл бөлетін уақыт туды... Соңғы он жылдың ішінде қарызымыздың өсіп, экономикалық ахуалдың нашарлағанына қарамастан біз соғысқа бір триллион доллар қаржы жұмсадық. Біз енді Американың ең маңызды ресурсы – халыққа инвестиция салуымыз керек.
Соңғы он жылдың ішінде қарызымыздың өсіп, экономикалық ахуалдың нашарлағанына қарамастан біз соғысқа бір триллион доллар қаржы жұмсадық. Біз енді Американың ең маңызды ресурсы – халыққа инвестиция салуымыз керек.

Барымыздан айрылмаған күйі жаңа жұмыс орындары мен индустрия құратын инновацияға жол ашуымыз қажет. Инфрақұрылымдарымызды жаңартып, табиғи қуат көздерін табуға тиіспіз. Ең бастысы, он жылға созылған талас-тартыстан кейін осы соғыстың басында бәріміздің мүддемізді бір жерден шығарған ортақ мақсатымызды қайта табуға тиіспіз, - деді ол.

Барак Обама АҚШ-тың Ирак пен Ауғанстандағы әскери операцияларынан түйген сабағы туралы да айта кетті. Ол Вашингтонның ендігәрі қандай да бір халықаралық жанжалды әскери күшпен басу кезінде «прагматикалық» және нақты нысананы көздейтін тәсілді қолай көретінін байқатты.

АҚШ президенті шетелге ірі әскери бөлімдер жіберетін заманның өткенін жеткізді. Осы орайда НАТО-ның Ливиядағы іс-қимылын мысал ете отырып, Обама АҚШ-тың «жердегі жалғыз жауынгерсіз-ақ» диктатуралық режимдегі бейбіт тұрғындарды қорғай алатынына меңзеді.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG