Accessibility links

Обама Конгреске Иракқа әскер жіберетінін ескертті


Ирактағы АҚШ әскері. Көрнекі сурет
Ирактағы АҚШ әскері. Көрнекі сурет

АҚШ президенті Барак Обама Иракқа америкалық 275 сарбаз жіберуге шешім қабылдағаны туралы Конгресті хабардар етті.

Ақ үйдің мәлімдеуінше, бұл әскер Ирактағы америкалық дипломаттар мен басқа да мемлекеттік қызметшілерге қолдау көрсетіп, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Олар бұған қоса қажет болған жағдайда әскери іс-қимылдарға да араласады.

"Ирак және Шам ислам мемлекеті" деп аталатын сүнниттік радикалдық топ соңғы екі аптада Ирактың солтүстік аймақтарын басып алып, енді Бағдатқа қарай бет алатынын мәлімдеген.

АҚШ-тың федералдық заңы - Әскери өкілеттіктер туралы актісіне сай президент шетелге америкалық әскерилерді жіберу туралы шешімін Конгреске 48 сағат ішінде хабарлауы тиіс.

Бұған қоса заң бойынша америкалық әскерилер Конгрестің рұқсатынсыз немесе Конгресс ресми түрде соғыс жарияламайынша шетелде 60 күннен артық болуына, қайтуға кететін қосымша 30 күн мерзімнен көп қалуына тыйым салынады.

АҚШ ресми өкілдері бұған дейін Тегеранмен "Иран Ирактағы қақтығыстарды реттеуге қандай үлес қоса алады" деген мәселе жайлы кеңескенін айтқан. АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри 16 маусымда Вашингтон "Иракта шынайы тұрақтылық орнату мақсатында Иранмен келіссөздер жасасуы мүмкін екенін жоққа шығармайтынын" айтқан еді.

Бірақ Ақ үй мұны терістеп, АҚШ-тың Ирактағы әскери операцияларда Иранмен ынтымақтастық орнатпайтынын мәлімдеді. Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джош Эрнест: "Иран билігімен әскери салада ынтымақтастық орнату жайында диалог болмайды. Біз Иранмен әскери байланысты үйлестіруге мүдделі емеспіз" деді.

Керридің сөзінен кейін Пентагон да содырларға қарсы соғыста Ирактың шииттік жасақтарын қолдайтын Иранмен әскери салада ынтымақтасу ниеті де, жоспары да жоғын мәлімдеген.
Ирак қауіпсіздік күштері содырлармен атысып жатыр. Рамади, 26 мамыр 2014 жыл
Ирак қауіпсіздік күштері содырлармен атысып жатыр. Рамади, 26 мамыр 2014 жыл


16 маусымда "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымының содырлары Мосул және Тикрит қаласынан кейін Ирактың солтүстік-батысындағы үшінші маңызды қала, Бағдадтан солтүстік-батысқа қарай 420 километр қашықтықтағы Тал Афарды алған. Мұның алдында аталған топ содырлары Тикритте әскери әуе күштерінің қатарына жаңадан алынған ирактық 1700 шиит сарбазын өлтірген.

АҚШ-тың "Ирак және Шам ислам мемлекеті" тобы позициясына қарсы әуеден соққы беру мүмкін бе деген сұраққа: "Бұл [тактика] мәселені толық шешпейді. Бірақ бұл маңызды нәрселердің бірі. Адамдардың құрбан болып жатқанын, жаппай қырылғанын көріп тұрып, оны тоқтатпасақ болмайды. Егер оларды әуеден, я басқаша тоқтатуға тырысып көру керек болса, онда солай істеу қажет" деп жауап берген АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри.

Иран мен АҚШ ұзақ уақыттан бері бір-біріне қарсылас. Бірақ екі ел де аймаққа "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымынан төнетін қауіпті жоюға мүдделі, екеуі де Иракқа әскери көмек беруді қолдайды.

Иран президенті Хассан Роухани егер АҚШ Иракта әскери операциялар жүргізсе, ынтымақтасуды ұсынған.

АҚШ президенті Барак Обама өткен аптада Иракқа америкалық әскерилерді "Ирак және Шам ислам мемлекеті" ұйымына қарсы соғысу үшін жібермейтінін айтқан. Бірақ 15 маусымда АҚШ-тың бір авианосеці, зымырандармен жабдықталған екі әскери кемесі Парсы шығанағына барған.
XS
SM
MD
LG