Accessibility links

Обама мен Ромнидің арасында не айырмашылық бар?


Вирджиния мен Охайо штаттарында кішкентай бала көтеріп тұрған Барак Обама (сол жақта) мен Митт Ромни. 2012 жыл

Вирджиния мен Охайо штаттарында кішкентай бала көтеріп тұрған Барак Обама (сол жақта) мен Митт Ромни. 2012 жыл


АҚШ-та қарашаның 6-сы өткен сайлауда америкалықтар демократ Барак Обама мен республикашыл Митт Ромниге теңдей дауыс берді. Обама сайлау коллегияларындағы дауыс бойынша жеңіп шықты. Екі кандидат сайлауалды кампания кезінде, әсіресе, ішкі мәселелерге қатысты жиі келіспей қалып жүрді.

ІШКІ САЯСАТ

Обама мен Ромни АҚШ экономикасын қалай қалпына келтірмек?

Барак Обама салықтың көп бөлігі орташа америкалыққа емес, дәулетті америкалыққа салынуы тиіс деп санайды. Ол жылына 250 мың АҚШ долларынан көп табатындар - 30 пайыз, ал миллионерлер мен миллиардерлер - 40 пайыз салық төлеуі тиіс деп ойлайды.

Митт Ромни барлық америкалықтарға (байларды да қосқанда) салынатын салықты азайту экономиканы алға жылжытады деп сенеді. Ромни дәулетті тұрғындардың жылдық табыс салығын 35-тен 28 пайызға дейін азайтуды ұсынады. Республикашыл кандидат алымды азайтып, үкімет мүшелерін қысқарту арқылы орнын толтырмақ.

Екеуі де ірі корпорациялардың салығын кемітуге шақырады.

Жұмыс орнын ашуға қатысты позициялары

АҚШ-тағы жұмыссыздық деңгейі 8 пайыздың төңірегінде тұр. Екі кандидат та мұны азайтудың жолын білеміз дейді. Обама қоғамдық инфрақұрылым жобаларын салуға ақша жұмсау арқылы жұмыс орындарын көбейтпекші. Мұндай жобаларға жол мен көпір салу, көбірек мұғалімдер мен полиция қызметкерлерін жалдау жатады. Обама жұмыс орындарын қысқартпай тұруы үшін өнеркәсіп орындарының салығын азайтып, жаңа бизнес ашу ісін оңайлатуды көздейді.

Ромни үкімет емес, жекеменшік сектор жұмыс орындарын ашу ісінің басында тұруы тиіс деп санайды. Бизнеске қолайлы салық түрін қарастырумен бірге ол жаңа кәсіпорын ашуға кедергі келтіретін кейбір санитарлық және қауіпсіздік туралы талаптарды алып тастау қажет деп ойлайды. Ол федералдық біліктілікті арттыру бағдарламаларын өз жұмысшыларын өздері оқытуы үшін штаттарға үлестіріп беру керек деп санайды. Ромни кәсіподақ құруды қиындатқысы келеді, өйткені кәсіподақ "бәсекелестікті тұсайтын және инновацияны тежейтін қосымша шығын мен кедергі тудырады" деп санайды.

АҚШ-тың мұнайға тәуелділігіне қатысты саясаттары

Екеуі де мұндай тәуелділіктен құтылғысы келеді. Бірақ оны әртүрлі тәсілмен шешуге бейім. Обама "АҚШ-та жасалған кез-келген қуат көзіне" инвестиция салғысы келеді. Дәстүрлі мұнай-газбен бірге жел және күн энергиясын пайдалануды жақтайды, ірі мұнай компанияларына қатысты қолданылатын аз салық салу саясатын тоқтатқысы келеді. Обама көлікке арналған жанармай стандарттарын өсіріп, атом қуатын пайдалануды да жөн көреді.

Ромни Американың көмір, мұнай және газ индустриясын барынша жақтайды. Ол АҚШ-тың өз территориясындағы - Аляска мен Мекика бұғазындағы мұнай кеніштерін игеруді қалайды. Табиғи газ өндіруге қатысты экологиялық талап-тілектерді азайтуға бейім..

Денсаулық сақтауға қатысты қарама-қайшы көзқарастары

1974 жылдан бері Ричард Никсон бастаған АҚШ-тың алты президенті денсаулық сақтауға қатысты реформа жасап көрмек болды. 2009 жылы Обама осы реформаны жүзеге асырып тынды. "Пациентті қорғау және қажет күтім көру" деп аталатын заң қабылданып, медициналық сақтандырусыз жүрген 32 миллион америкалық емделуге қол жеткізді. Республикашылар "Obamacare" деп атап кеткен бұл заң бойынша АҚШ азаматтарының барлығы дерлік қандай да бір сақтандыру сатып алуға міндеттеледі де, соның есебінен сақтандыруы жоқ жағдайсыз адамдарға да ем-дом тиеді.

Ромни бұл заңға қарсы. Ол медициналық сақтандыру саясатын әр штаттың өзі шешетіндей етіп қайта өзгертер едім дейді.

Гейлердің үйленуі мен аборт жасату

Обама әйелдердің аборт жасату құқығын қорғап қалмақшы. Ол бір жынысты адамдардың үйленуіне оң қарайтын тұңғыш президент. Бірақ мұны заңдастыруды әр штаттың құзырына қалдырады.

Ромни зорлаудан кейін я жан сақтау үшін болмаса, аборт жасатуға қарсы. Ол АҚШ конституциясына гейлердің үйленуіне тыйым салу туралы толықтыру енгізуді жақтайды.

СЫРТҚЫ САЯСАТ

Ромни Ауғанстанға қатысты не істер еді?

Обама Ауғанстанда тұрған 80 мыңдай америкалық әскерді 2014 жылға дейін шығарып алуды жоспарлайды. Одан кейін елдің қауіпсіздігіне НАТО дайындаған ауған полициясы мен солдаттары жауапты болып қалмақшы. Ол Кабулда 2014 жылдан кейін де 10 жыл бойы сырттай қолдау көрсетіп тұру бойынша Стратегиялық әріптестік туралы келісімге қол қойған.

Ромни Обаманы әскер шығаратын мерзімді тым ерте жариялап жіберді деп сынайды. Бірақ бұған қатысты өзінің нақты жоспарын айтпайды. Оның биылғы тамызда кандидат ретінде тіркеліп тұрып сөйлеген сөзінде Ауғанстан аталған да жоқ. Сыртқы саясат зерттеушісі Брайан Катулистің сөзінше, Ромни 39 минут сөйлеп, оның үш-ақ минутын сыртқы саясатқа арнаған. Маманның ойынша, бұған партия ішіндегі өзара келіспеушілік себеп болуы мүмкін. Мысалы, Ромнидің кейбір кеңесшілері Талибанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнату керек деп санайды, Ромнидің өзі бұл идеяға қарсы. Ол Обаманы "әскери басшылықтың кеңесіне жөнді құлақ аспайды" деп те сынайды.

Иранға қатысты ұстанымдары

Екеуі де "Тегеран ядролық қару иеленбеуі тиіс, ал Израильдің өзін-өзі қорғау құқығы бар" деп санайды. Ромни Иранға қатысты барынша қатаң санкция қолданып, егер нәтиже шықпаса, әскери қимылға көшетінен айтады.

Зерттеуші Брайан Катулистің сөзінше, екеуінің сыртқы саясаттарында айырма аз.

Heritage ұйымының Таяу Шығысты зерттеушісі Джим Филлипс анық айырманы байқайтынын айтады. Оның ойынша, Ромни Обаманы Иранмен келіссөздерді созып алды, ядролық бағдарламасын тоқтатқыза алмады деп сынайды.

Ромни Ресейді "нөмір бірінші сыртқы жау" деп тани ма?

Ресей мен Қытайға қатысты екі кандидаттың көзқарасы екі түрлі.

Ромни сайлана салысымен Қытайдың валюталық саясатына қарсы шығатынын мәлімдеді. Ресейді "АҚШ-тың нөмір бірінші геосаяси жауы" деп жариялап жіберді. Ол Ресейге қауіпсіздік тұрғысынан қатерлі бәсекелес ел деп қарайды. Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуына қарсы.

Ромни Орталық Азиядағы Мәскеудің ықпалын азайту үшін осы аймақтағы елдермен әскери, сауда және экономикалық байланысты күшейтетінін жария етті. Қазан айындағы бір сөзінде Ромни президент болып сайланса, Обама кезінде қабылданған зымыранмен қорғану жүйесіндегі қысқартуларды қалпына келтіріп, көпқабатты ұлттық қанатты зымырандармен қорғану жүйесіне көп мән беретінін айтқан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG