Accessibility links

ЕҚЫҰ төрағалығы автократтардың өзін мадақтау құралы ма?


Азаматтық қоғам белсендісі ЕҚЫҰ өкілдігі ғимаратының алдынданаразылық көрсетіп плакат ұстап тұр. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл
Азаматтық қоғам белсендісі ЕҚЫҰ өкілдігі ғимаратының алдынданаразылық көрсетіп плакат ұстап тұр. Алматы, 13 қаңтар 2011 жыл

ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезінде Қазақстанда адам құқықтары шектеле түсті деп санайды нью-йорктік журналист. Бұл мәртебенің Украинадағы автократия жолына түскен билікке 2013 жылы берілетіні жөн бе?


Сәуірдің 3-і күнгі сайлаудағы Қазақстан президентінің қайта сайлану жеңісін көктен түскен сый деп ешкім айта алмас. Тіпті «неге 95.5%, неге 99% емес» дейтіндер де табылар. Бұған алғышарттар алдын-ала жасалған еді. Мысалы, сайлау уақытын едел-жедел мерзімінен бұрын белгілеп жіберуден бастап оған жалған үміткерлерді қосу, нағыз оппозицияны масқаралап беделін түсіру, тәуелсіз ақпарат құралдары мен үкіметтік емес ұйымдарды қудалау және дауыс беру жәшіктерін жасанды жолмен толтыру сияқты әрекеттер осының айғағы.

КЕРІ КЕТУ

Бірақ, о баста бәрі басқаша болуы керек сияқты еді ғой? Өткен жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне ұйым елдері бірі қалмай қолдап шыққанда Астананың реформа жасауына түрткі болады деп сенім артқан еді. Қазақстан Батыстан ұйым төрағалығын қабылдап алу үшін елде барлық шараларды жасауға міндеттенген.

Былайша айтқанда, екі жақ жақсы «саудаласты» десек болады. Әрине, Қазақстанда адам құқықтарының жай-күйі төмен еді, бірақ халықаралық қауымдастықтың назары мен жіті бақылауы жеміс беріп, демократияға бір қадам жақындата алатын еді. Іс жүзінде, Қазақстандағы адам құқықтарын қорғаушы Евгений Жовтис ұйым мен Қазақстан арасындағы бұл келісімнің біршама істерді тындыруға қауқары бар еді деп жорамал жасаған. Әрі өзі де Нұрсұлтан Назарбаевтың ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету бастамасына жан-тәнімен қосылған.
Евгений Жовтис, түрмеде жазасын өтеп отырған құқық қорғаушы. Алматы, 10 ақпан 2010 жыл

Өкінішке орай, былтыр жыл бойы, ал биылғы жылдың алғашқы тоқсанында дипломаттар Жовтистің түрмеден босатылуын талап етуден босамай келеді. Евгений Жовтис 2009 жылы түн ортасында болған жол-көлік оқиғасында жаяу жүргіншіні қағып кетіп, қазаға себеп болған. Оқиға кезінде Жовтис ішімдік ішпесе де, әрі қателік жасағаны дәлелденбесе де, оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы кесілді. Тәуелсіз соттары бар елдерде мұндай оқиғаларда көп жағдайда түрмеге тоғытуға жол берілмейді. Қазақстанда жол-көлік оқиғасы Батыс еуропалық елдерге қарағанда екі есе көп болса да, бәріне бірдей жаза кесілген емес. Есесіне, бұл жағдай саясиланып кетіп, Жовтиске өзін-өзі қорғауға және шағым айтуға мүмкіндік берілмеді. Ал қаңтар айында оның мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу өтініші қанағаттандырылмады.

ТӨРАҒАЛЫҚ ҚАЗАҚСТАНДЫ ДЕМОКРАТИЯҒА МАҢАЙЛАТА АЛМАДЫ

Жовтисқа қатысты әділетсіз сот Астананың ЕҚЫҰ-на төрағалық жасайтын кезге тұспа-тұс келді. Бұдан кейін Рамазан Есіркеповті түрмеге отырғызу, интернетті шектейтін сұрқия заң қабылдау, «Живой журнал» және басқа да интернет сайттарды жауып тастау, «Республика» мен басқа да оппозициялық газеттерді қудалау сияқты шаралар белең алды. Астанадағы ЕҚЫҰ саммитіне дейінгі аралық кездесулерде қазақ дипломаттары өте дөрекі әрекеттерге барды.

Біріншіден, олар өздерімен бірге жалған үкіметтік емес ұйымдарды шұбыртып алып келіп жүрді. Бұл ұйымдардың өкілдері қазақ үкіметін сынаған шынайы азаматтық ұйымдардың дауысын шығармауға барын салды. Сосын Қазақстан билігі ашық түрде үкіметтік емес ұйымдарды «мемлекетке жала жапты» деп және оның ақыры жақсы болмайтынын ескертіп, қорқытты.
Құқық қорғаушылар мен ЕҚЫҰ өкілдерінің адам құқықтары бойынша ұлттық жоспарды талқылау жиыны. Астана, 13 желтоқсан 2010 жыл

Астанада саммитпен қатар өтіп жатқан үкіметтік емес ұйымдардың жиынында бірқатар дипломаттар ҮЕҰ-ға жасалып жатқан шаралары үшін мадақталып жатқанда, СССР-дің дәурені жүріп тұрған 1985 жылы Венгрия мәдени форумы мен Мәскеудегі адам әлеуеті жөніндегі жиынға қатысқан делегаттар сол кездегі жағдайдың бұдан әлдеқайда тәуір болғанын мойындады.

Мәселен, ол кезде жиынға бұдан да көп үкіметтік емес ұйымдар қатысқан, әрі олар дербес қонақ үй жалдап, өздерінің баспасөз конференцияларын өткізген болатын. Ал Астана саммитіне 6000-нан астам шенеунік қатысып, керісінше, қатаң бақылауға алынған қалаға бірнеше жүз ғана үкіметтік емес ұйым қатыстырылды.

Екіншіден, 2010 жылы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде 400 адамның өмірін қиған өзбектерге қарсы басбұзарлық оқиғалар орын алғанда Қазақстан қақтығысты ушықтырмау жолында ешнәрсе істеген жоқ, көбінесе үнсіз қалды. Қырғызстанға ЕҚЫҰ-ның 52 адамнан тұратын полицейлік көмегін кіргіздіруге де дәрменсіз болды.

«АСЫН ІШІП, АЯҒЫН ТЕБУ»

«Табан ақы, маңдай термен» келмегендіктен, Астананың «кеңседе отырып атқарған» төрағалығы Қазақстан реформа жүргізіп, ашықтыққа барынша ұмтылады деген үмітті ақтай алмады. Енді міне, президент жақтастарының ұсынуымен Нұрсұлтан Назарбаевқа «мәңгі президент» мәртебесін беріп, артынша жеделдетіп президент сайлауын жариялап жіберу және одан күткендегідей нәтиже алу арқылы Қазақстан Батыстық демократияның «бетінен салып қалды».
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) пен сол кездегі сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев ЕҚЫҰ саммитінде. Астана, 1 желтоқсан 2010 жыл

ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы (ДИАҚБ) Қазақстандағы сайлауға оң баға бермеді. Сәуірдің 4-і өткен баспасөз баянында аталған бюроның сайлауды ұзақ мерзімді бақылау жөніндегі миссиясының басшысы, уәкіл Даан Эвертс: «Өкінішке орай сайлауды бұдан жоғары деңгейде өткізуге болатын еді, және солай болуы да тиіс еді деп айтуға мәжбүрміз» деді. ДИАҚБ өз есебін «Шынайы демократиялық сайлау өткізуге қажет реформалар әлі жүргізілмеген» деп қорытындылады.

Ендігі жерде біз мызғымас авторитарлық режим орнаған мемлекетке ЕҚЫҰ-ның төрағалығын беру оларды бірден либерал-демократтарға айналдырып жібермейтініне көз жеткіздік. Керісінше, мемлекет шынайы демократияны басып-жаныштап отырса да, халықаралық қауымдастық тарапынан артылған сенім биліктің арам ниетін бүркемелеп, дәрежесін одан ары арттыра түседі.

ПАРЛАМЕНТ САЙЛАУЫНДА ДА ПӘРМЕНДІ ҚАДАМ ЖАСАЛА ҚОЙМАЙДЫ

Енді бізге ащы сабақ болған Қазақстанның тәжірибесін қалай түсінуге болады деген сұрақ пайда болады. ЕҚЫҰ-ның кеудесіндегі үміті әлі сөне қоймаған. ДИАҚБ басшысы Даан Эвертстің түйгеніндей, Қазақстандағы президент сайлауы «2012 жылы өтетін парламент сайлауына дейін көптен күткен демократиялық реформаларды жүргізудің уақыты жеткенін» көрсетіп берді. Алайда, Астана ЕҚЫҰ-на алашапқын болып төрағалық еткен кезінде орындалмаған және президенттік сайлау кезінде де жылт етіп көрінбеген өзгерісті парламент сайлауынан күту де қиын.

Әлбетте ЕҚЫҰ бұдан әрі де әйтеуір бір миссиясы бар екенін көрсету үшін адам құқықтары мен демократияны оқыту, я техникалық көмек арқылы жүзеге асатын ұғым ретінде түсіндіріп отыра бере алады. Мұндай тұжырым бойынша пісіп-жетілген демократиялық елдер демократиялық жүйесі әлсіз елдерге жаңа демократиялық құрылғыларды үйретеді. Дәл бір либералдық демократия тоңазытқыш жөндеу немесе респираторлық терапия құсаған оқу курсы сияқты.
Президент Назарбаевқа өтінішін тапсыру үшін полиция шебінен өте алмай жерде жатқан наразы үлескер. Астана, 15 наурыз 2011 жыл

Демократияның кейбір партия құру мен полицияны дайындау немесе парламенттік процедура сияқты оқытуға келетін түрлері бар. Бірақ билік тармақтары бір-бірінен шынайы және басыбүтін бөлінбейінше, ал азаматтық қоғам қолында билік бар екенін сезінбейінше демократия орнату мүмкін емес. Бұл реформалар бұрынғы Совет одағы республикаларының көбісінде әлі жүзеге аспаған. Егер автократияның шекпенінен шықпаған басшыларға ЕҚЫҰ төрағалығы сияқты мәртебеге ие бола берсе, мүлдем жүзеге аспайды дей беріңіз.

ЕҚЫҰ ЕНДІ ҚАТЕЛІК ЖІБЕРЕ ҚОЙМАС

Мүмкін бұдан кейін Батыстық демократия мен Шығыс Еуропаның жаңа қалыптасып келе жатқан демократиясы қандай да бір демократия орнамаған елдерге ЕҚЫҰ-ның төрағалығын ұсына қоймас? Бұны авторитаризмге қайта бет алған Украинаның алдағы төрағалығынан көре жатармыз.

Украинаға ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету 2013 жылы, Ирландиядан кейін бұйырады деп топшыланып отыр. Көп салалы ұйымда әрбір мүше-мемлекет белгілі бір кезеңде төрағалық жасауы шарт деген түсінік қалыптасып қалған. Дегенмен, ұзақ жылдар бойына ЕҚЫҰ мүшелері қандай да бір еуразиялық автократты бөле қарап, төрағалық қызметті ұсынып көрмеген. ЕҚЫҰ келісімдерінің орындалуы міндетті болып табылмайды, әрі ұйым тек моральдық тұрғыдан ғана ықпал ете алады. Дегенмен, ұйымның төрағалығы адамның қарапайым ғана құқықтарын сақтамайтын елдерге берілмесін деп сұрау соншалықты қиын ба?

Редакциядан: Кэтрин А. Фитцпатрик – Нью-Йоркте тұратын Еуразиядағы адам құқықтары мәселелері бойынша жазатын журналист. Мақаладағы пікірлер автордың өз көзқарасы және ол Азаттық радиосының ұстанымымен үйлеспеуі мүмкін.

Қазақшаға аударған – Алтынбек Бағай
XS
SM
MD
LG