Accessibility links

АҚШ-тағы нәсілшілдікке қарсы наразылық


Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Нью-Йорк, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Нью-Йорк, 4 желтоқсан 2014 жыл.

Қара нәсілді азаматтардың ақ нәсілді полицейлер қолынан мерт болуы елде наразылық туғызып, нәсілшілдік мәселесіне назар аудартты.

АҚШ-та 2008 жылы Барак Обама президент болып сайланғанда «нәсілдік бөліну» кезеңі аяқталғаны туралы пікір кең тарады. Ең алғаш афроамерикалықтың Ақ үй басшысы болуын нәсілдік теңсіздіктің ақыры деп қабылдағандар көп еді.

Бірақ қара нәсілді күдіктіні өлтірген ақ нәсілді полиция қызметкерін үлкен алқа сот айыпты емес деп ақтап жібергенде бүкіл елде жаппай шеру өтті. Наразылық танытқандар бұл оқиғаны нәсілшілдік белгісі деп таныды.

«НӘСІЛШІЛДІК ЖОЙЫЛМАЙДЫ»

The Washington Post шолушысы Юджин Робинсон: «Нәсілшілдік заманы келмеске кетті деп санағандардың пікірі - бос сөз. Бұған тек аңқаулар сенеді, өзгелер әдейі айтады. Өкінішке қарай, оның себебін өздеріңіз көріп отырсыздар» деп жазды осы аптада.

Желтоқсанның 3-і күні алқа сот қара нәсілді Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған Нью-Йорк полициясын ақтап алды. Гарнер заңсыз шылым сатқаны үшін айыпты деп танылған еді. Шілде айында түсірілген бейне көріністе офицердің Гарнерді ұстаған кезде буындырғаны бейнеленген. Күдікті бірнеше мәрте «Дем жетпей барады» дейді, содан соң есінен танып қалған. Оқиға орнына келген полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері бірнеше минут оны қараусыз қалдырады да, демікпе және басқа да ауыр сырқаттары бар 43 жастағы ер адам сәлден соң көз жұмған.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Калифорния, 8 желтоқсан 2014 жыл.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Калифорния, 8 желтоқсан 2014 жыл.

Қаланың сот-медициналық сарапшысы Гарнер полицияның «тұншықтыру әдісінен» соң көз жұмды деп шешті. Нью-Йорк полициясына соңғы 20 жылда ол әдісті қолдануға тыйым салынған еді. Айғақ кадр бола тұра полиция қызметкерін соттамаған алқа сот үкіміне наразылар «Дем жетпей барады» деген ұранмен елдің әр түкпірінде көшеге шықты.

Бұдан бірнеше апта бұрын Миссури штатының Фергюсон қаласында полиция өкілі 18 жастағы қара нәсілді жігітті атып өлтіріп, сотта ақталып шыққан еді. Полиция офицері өзін-өзі қорғау мақсатында атқанын айтады, куәгерлердің пікірі әрқилы, оқиғаны ешкім камераға түсіріп алмаған.

Осы екі жағдайды мысал еткен тұрғындар АҚШ-тың заңды орындау туралы үкімі афроамерикалықтарға келгенде дұрыс қолданылмайды, күдікті қара нәсілділерді өлтірген полиция қызметкерлері жазаланбайды дейді.

«АҚШ – заңды бұлжытпай орындайтын ел» дегенді сан рет айтқан ел президенті Барак Обама Гарнердің сотынан бір күн өткен соң, желтоқсанның 4-і күні бұл мәселені шешуге тырысты. «Өкінішке қарай, біз соңғы күндері көргендей – біздің қылмыстық сот жүйесіне келгенде америкалықтардың көбі идея мен күнделікті әрекеттің арасында қайшылық бар екеніне налиды» деді ол.

«НӘСІЛШІЛДІКТІҢ ҰЗАҚ ТАРИХЫ»

Танымал афроамерикалық журналист Та-Нехиси Коутс АҚШ-тағы қара нәсілділерге полицияның күш көрсетуін жеке алып қарамай, нәсілшілдіктің бір үлкен бөлігі ретінде қарастыру керек дейді.

«Бұл елде нәсілге бөліну тарихы ертеден бастау алады, қылмыстық сот жүйесі соны жүргізіп отырған басты құрал» деді ол желтоқсанның 3-і күні MSNBC арнасына берген сұхбатында. «Бірақ нәсілшілдік қылмыстық сот төрелігі жүйесінен туындамайды. Оның пайда болуына полиция себепші емес. Полиция соны тудырған қоғамның қалауын орындайды» деді Коутс.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Лос-Анджелес, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Лос-Анджелес, 5 желтоқсан 2014 жыл.

Мемлекеттегі нәсілге бөліну деңгейін Коутс ғана осылай бағаламайды. Деректер афроамерикалықтардың нәсілдік қарым-қатынас теңдігіне қатысты пікірі нашарлағанын көрсетті. Pew Research Center және USA Today тамыз айында бірлесіп жүргізген сауалнамаға қарағанда, 2009 жылдан бері (Обама билікке келгеннен бастап) ақ нәсілді менқара нәсілділердің теңдігіне сенетін қара нәсілділердің саны 76 пайыздан 64 пайызға дейін азайған.

Сондай-ақ, АҚШ статистикалық орталық бюросы мен Bloomberg жинақтап, талдаған деректер кедей афроамерикалықтардың саны соңғы 50 жылда азайғанын көрсетті. Бірақ табысы, тұрғын үйі, жұмыспен қамтылуы, білімі мен өмір сүру ұзақтығы сияқты санаттар бойынша алып қарағанда олар ақ нәсілді отандастарынан әлі де көш кейін қалып келеді.

2011 жылы ФБР ұсынған мәлімет бойынша, қара нәсілділер адам өлтіру ісінде құрбандық және қылмыскер ретінде жиі аталады. Олардың саны АҚШ халқының 13 пайызына жетпесе де, былтыр АҚШ-та кісі қолынан опат болғандардың жартысын қара нәсілділер құрады.

Обама желтоқсанның 4-і күні сөйлеген сөзінде теңсіздік мәселесін қозғап: «Америкалық идеяның негізі – ешкім табысқа жетуге кепілдік бермейді, бірақ әркімнің табысқа жетуіне мүмкіндік бар. Біз тек өз баламыздың ғана табысты болуы үшін емес, басқалардың да бақытты болуы үшін жұмыс істеуіміз керек. Белгілі бір деңгейде әр адам – біздің баламыз, жауапкершілігі біздегі адам деп қарау керек» деді ол.

«АМЕРИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕ»

Үлкен алқа сот Гарнердің өліміне қатысты шешімін шығарған соң Обама «әркім негізгі қағидасы барлық адамның заң алдында тең екеніне сенетін елде тұрамыз деп уәде беремін» деп, «америкалықтар нәсілге, аймаққа, сенімге қарамастан бұны қара нәсілдінің не басқа тектің әлде үндістердің мәселесі деп қарамай, америкалық мәселе ретінде тануға тиіс» екенін айтты.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Нью-Йорк, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Эрик Гарнердің ажалына себепкер болған полицейді ақтаған үкімге наразылар. Нью-Йорк, 3 желтоқсан 2014 жыл.

Коннектикут штатындағы Африка зерттеу институтының директоры Джелани Кобб Обаманың іске қатысты жауабы мен соңғы жылдары АҚШ-та наразылық тудырған, президенттің пікіріне мысал болған қара нәсілді ер адамдардың қазасын салыстырды.

Обаманың АҚШ заң жүйесіне үлкен құрметпен қарайтынын айтқан Кобб тек құрбандардың есімі ғана өзгерді дейді. «Бұның бәрі оған күмән келтірсе де, президент Обама кінәлі емес» деп жазды ол желтоқсанның 4-і күні The New Yorker басылымына. «Ол жұмыс істеп тұрған сәтте осындай жағдайлар көбейіп кетті, одан «жараны жаз» деп талап етеді. Бірақ жара жазылмай, тыртығы қалып жатыр» дейді ол.

Гарнердің қазасына қатысты шешімнен кейін америкалық танымал сатирик және саяси шолушы Джон Стюарт: «Біз нәсілшілдіктен ада қоғамда тұрып жатқан жоқпыз. Өркениетті қоғамда тұрып жатырмыз ба деп көптеген адамның сұрарына бәс тігемін. Мен не деп жауап берерімді білмеймін» деді Daily Show саяси-сатиралық бағдарламасында.

Азаттық тілшісі Карл Шректің мақаласын ағылшын тілінен аударған – Динара Әлімжан.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG