Accessibility links

АҚШ-тың жаңа қорғаныс министрі кім болады?


Мишель Флурной - АҚШ қорғаныс министрі лауазымына кандидаттардың бірі.

Мишель Флурной - АҚШ қорғаныс министрі лауазымына кандидаттардың бірі.

АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел кенет отставкаға кетті. Енді оның орнына осы қызметке бұрын да кандидат болған тұлғалардың бірі келуі мүмкін.

Чак Хейгел күтпеген жерден АҚШ қорғаныс министрі қызметінен кететінін мәлімдеді. Сөйтіп, Барак Обама әкімшілігіндегі жоғарғы лауазымды қызмет орны бос тұр. Алғашқы болжамдарға қарағанда, бұл орынға бұрын осы қызметке ұсынылып, бірақ бекітілмей қалған үміткерлердің бірі келуі мүмкін.

Президент Обама «Сенат Пентагонның жаңа басшысын бекіткенге дейін Хейгел орнында қала беретінін» айтты. Ақ үй қызметкерлеріне сілтеме жасаған The New York Times басылымы «оның орнына сенатор Джек Рид (Род-Айленд штатынан сайланған демократиялық партия өкілі), қорғаныс министрінің бұрынғы бірінші орынбасары Эштон Картер немесе қорғаныс министрінің әскери жоспарлау жөніндегі орынбасары болған Мишель Флурной келуі ықтимал» деп болжайды.

Америкалық БАҚ сараптамаларына қарағанда, бұл үш саясаткерді де Обама әкімшілігі әр кездері осы қызметке кандидат ретінде ұсынып көрген.

Мишель Флурной

Мишель Флурной 2012 жылы осы қызметке кандидаттың бірі ретінде ұсынылған, алайда басшылық Хейгелді таңдаған.

2011 жылдың соңында президент әкімшілігіндегі қызметінен кеткен Флурной «отбасымен көбірек уақыт өткізіп, жеке өмірін реттеуді жөн көретінін» айтқан. Көп ұзамай ол Вашингтонда «АҚШ жаңа қауіпсіздік орталығы» деп аталатын ғылыми-зерттеу орталығын ашып, басқарды. Осы орталықтың бірнеше қызметкері кейін Обама әкімшілігіне жұмысқа шақырылды.

Флурной Пентагонда қызмет істеп жүрген кезінде Ақ үйдің Ауғанстандағы бүлікшілерге қарсы стратегиясын әзірлеуге қатысқан. Флурной қызметінен кеткен соң Обама әкімшілігі бұл стратегиядан ресми түрде бас тартты. Егер Флурнойдың кандидатурасы бекітілсе, ол АҚШ тарихында Пентагонды басқарған алғашқы әйел болуы мүмкін.

Эштон Картер

Картер 2011-2013 жылдары АҚШ қорғаныс министрінің бірінші орынбасары қызметін атқарып, Пентагондағы екінші лауазымды тұлға болған. Бұған қоса ол Билл Клинтонның тұсында қорғаныс министрінің халықаралық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі болды.

Ирактағы АҚШ сарбаздары. Бағдат, 2 қараша 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

Ирактағы АҚШ сарбаздары. Бағдат, 2 қараша 2007 жыл. (Көрнекі сурет)

2012 жылы ол да Пентагон басшылығына кандидат ретінде ұсынылған, алайда үкімет Хейгелді бекіткен еді.

Картер ұзақ жылдар бойы Гарвард университетінде профессор болды, Goldman Sachs инвестициялық банкінің, қорғаныс индустриясына инвестиция салумен айналысатын Global Technology Partners консалтингтік компаниясының кеңесшісі қызметтерін атқарды.

Джек Рид

Джек Рид - 1997 жылдан бері сенатор. Жақында оның қарулы күштер комитетінің төрағасы қызметінің мерзімі аяқталады. Рид қорғаныс министрлігін басқаруға құлықсыз екенін айтып үлгерді.

Джек Ридтің баспасөз хатшысы Чип Анра: «Ол АҚШ қорғаныс министрі қызметіне және министрлер кабинетіндегі қандай да бір лауазымды орынға кандидат болғысы келмейтінін ашық айтты. Рид тек Род-Айленд тұрғындарынан өзін алты жылдық жаңа мерзімге сенатор етіп сайлауға өтініш білдірген болатын, әрі өзіне артылған осы жауапкершілікке құрметпен қарайды» дейді.

Рид қараша айында алты жылдық жаңа мерзімге сенатор болып қайта сайланған еді. Қорғаныс министрі болған жағдайда оған екі жылдай атқаратын бұл қызмет үшін сенаттағы орнын босатуға тура келеді. Қызметін жақсы атқарған жағдайда 2016 жылы сайланатын жаңа президент оны қайта тағайындауы да ықтимал.

Рид 2002 жылы АҚШ-тың Иракқа шабуыл жасау жоспарына қарсылық білдірген 23 сенатордың бірі болған. Ол Обама әкімшілігін тұрақты түрде қолдап келеді. Қыркүйек айында Рид Обаманың «Ислам мемлекеті» террорлық ұйымымен күрес стратегиясын қолдайтынын айтып мәлімдеме жасаған.

ПЕНТАГОННЫҢ АҚШ СТРАТЕГИЯСЫНА ЫҚПАЛЫ БАР МА?

АҚШ-тағы университет профессоры Гордон Адамстың айтуынша, Флурной да, Картер де Обама әкімшілігімен арадағы қарым-қатынас ушығып тұрған тұста Пентагонда қызмет істеген.

«Қорғаныс министрлігінде басшылық қызметте болған кездерінде Мишель Флурной да, Эштон Картер де қорғаныс шығындарын көбейтуді, қатаң әскери саясат жүргізуді жақтап, Ақ үйдің ішіндегі дау-тартыстарға араласқан» дейді Адамс.

АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел. Вашингтон, 24 қараша 2014 жыл.

АҚШ қорғаныс министрі Чак Хейгел. Вашингтон, 24 қараша 2014 жыл.

Америкалық БАҚ болжамдарына қарағанда, Хейгелдің орнына қорғаныс министрінің қазіргі орынбасары Роберт Уорк пен әскери-теңіз күштер министрі Рэй Мабус та ұсынылуы мүмкін.

Пентагон басшысы қызметі - Обама әкімшілігіндегі маңызды лауазымды орындардың бірі. Президент Клинтонның тұсында АҚШ мемлекеттік департаментінде қызмет істеген, қазір Century Foundation қорында зерттеу жұмыстарымен айналысатын Майкл Коэннің айтуынша, «сыртқы саясатқа қатысы бар мәселелер бойынша шешуші сөзді бәрібір Ақ үй айтады».

«Олар министрлердің пікірлерін тыңдай келе, ақтық шешімді өздері қабылдайды. Өзінен кейін бұл қызметке Ақ үйдің кімді қоятынына Хейгел де ықпал ете алмайды деп ойлаймын, лауазымға жаңадан тағайындалатын адам да Ақ үйдің шешіміне әсер ете қоймас» дейді Коэн.

Ақпарат құралдарының жазуына қарағанда, Хейгел президенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Сьюзан Райспен Ақ үйдің Сирияға қатысты стратегиясы бойынша ымыраға келе алмағандықтан отставкаға кеткен.

The New York Times газетінің болжамы бойынша, Хейгел Обаманың маңайындағы кеңесшілерімен, оның сайлау штабының бұрынғы мүшелерімен де тіл табыса алмаған.

(Люк Джонсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Мұхтар Екей).

XS
SM
MD
LG