Accessibility links

АҚШ-тың Сирияға шабуыл жасау жолдары


Қашықтан басқарылатын Tomahawk зымыраны АҚШ әскери кемесінен атылған сәт. Жерорта теңізі, 29 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет
Қашықтан басқарылатын Tomahawk зымыраны АҚШ әскери кемесінен атылған сәт. Жерорта теңізі, 29 наурыз 2011 жыл. Көрнекі сурет

Сирия үкіметінің химиялық қару қолданғаны туралы Вашингтонның болжамы дәлелденсе, АҚШ әуеде, теңізде және құрлықта әскери операциялар бастауға дайын.

АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джон Керри дүйсенбіде мәлімдеме жасап, президент Барак Обама тамыздың 21-інде Дамаск түбінде болған қақтығыста химиялық қару қолданылғаны жайлы ақпаратты "сенуге болатын мәлімет" деп қабылдайтынын айтқан. Сирия үкіметі химиялық шабуылға қатысы жоқ екенін мәлімдеп, жүздеген тұрғынның өліміне қатысты бар кінәні көтерілісшілерге аударған.

Вашингтон түбіндегі Александрия қаласында орналасқан GlobalSecurity.Org ұйымының сарапшысы Джон Пайктың сөзінше, АҚШ әскерінің Жерорта теңізінің аумағынан атылуға даяр Arleigh Burke атты қашықтан басқарылатын зымыран тасығыш төрт кемесі бар. Бұл кемелер АҚШ әскери-теңіз күштерінің 6-флотына тиесілі.

Оның екеуі Сирия жағалауына жақын Жерорта теңізінің шығыс бөлігіне орналасқан.

Пайктың пікірінше, әрбір кеме 100 Tomahawk зымыранын таси алады.

Америкалық қару-жарақ өндіруші Raytheon компаниясының сипаттауынша, мұндай зымырандар "әуеде сағаттап қалықтап ұшып жүріп, бұйрық берілген сәтте бағытын кілт өзгерте алады, нысанасының суретін қашықтан басқарушыларға алдын-ала түсіріп бере алады".

Таяу Шығыстағы АҚШ-тың әскери-теңіз күштеріне Қызыл теңізде тұрған Harry S. Truman және Солтүстік Араб теңізіндегі Nimitz ұшақ тасығыш кемелері кіреді.

АҚШ Сирияға Еуропа мен Парсы Шығанағы аймағындағы одақтас елдерге орналастырған әуе базаларындағы әскери ұшақтарын да жібере алады.

ТҮРКИЯ МЕН ЖЕРОРТА ТЕҢІЗІ - ТӨТЕ ЖОЛ

АҚШ-тың Сирияға ең жақын әскери әуе базалары Түркияда (Инджирлик пен Измирде) тұр. АҚШ Батыс Еуропадағы ұшақтарын Италия мен Болгарияға орналастыру арқылы Сирияға тағы да жақындай түсер еді.

АҚШ-тың Кувейт, Қатар, БАӘ мен Оманда тұрған әскери ұшақтарының тез ұшып шығуы қиынға түседі. Бұл елдер Сауд Арабиясы сияқты Башар Асадқа қарсы. Бірақ Сирияға қарай ұшып шығатын АҚШ ұшақтары бұлардың әуе кеңістігін қолдану үшін әрқайсысынан бөлек рұқсат алуы тиіс.
АҚШ-тың Еуропа мен Таяу Шығыстағы әскери базаларының картасы
АҚШ-тың Еуропа мен Таяу Шығыстағы әскери базаларының картасы

Дүйсенбі күні франциялық БАҚ-қа сұхбат берген Ирак премьер-министрінің өкілі Бағдаттың "кез-келген көршілес елге шабуыл жасауды көздеген әскерге өзінің әуе кеңістігін қолдануға рұқсат бермейтінін" айтты. Әуе кеңістігін қолдануға қатысты Египет пен Иордания әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Екі елдің Вашингтондағы елшіліктері "Америка дауысы" радиосының сауалдарына жауап бермеді. Бірақ бұл елдердің үкіметтері Асадқа қарсы шығушыларға жақтасады.

Ал Пайктің сөзінше, Парсы шығанағы елдерінен ұшып шығар болса, АҚШ әскери ұшақтары әуеде жанар-жағар май құюға мәжбүр болмақ. Оның сөзінше, АҚШ үшін Сирияға төте жол - Түркиядағы әуе базасын немесе Жерорта теңізіндегі екі ұшақ тасығыш кемесін пайдалану.

АҚШ әскерінің жүздеген сарбазы Иорданияға және Амман қаласының солтүстік-шығысындағы король Екінші Абдулланың атындағы арнайы операцияларға жаттықтыру орталығына бекінген. Мұндағы америкалық жасаққа АҚШ орталық әскери штабы мен 1-бронетанк дивизиясының мүшелері кіреді. Олар биыл жыл басында Сириядан жасалуы мүмкін химиялық шабуылды тойтару үшін Иордания әскеріне көмекке келген.

Әскерге қоса АҚШ маусым айында Иорданияда өткен әскери жаттығуға Patriot әуе қорғанысы зымырандарын және F16 жойғыш ұшақтарын жіберіп, әлі сонда ұстап отыр.

ЖОЙЫП ЖІБЕРУ, Я ҚОЛҒА ТҮСІРУ

Пайктің сөзінше, АҚШ Сирияға қарсы әскери операция бастай қалса, екі жайтты мақсат тұтады. Оның біріншісі - Дамаскіге химиялық қару қолдандырмау үшін сес көрсету немесе ондай қаруды көтерілісшілерден тартып алу.

- Егер Обама бұлайша сес көрсетсе, Асад режимі бірден аяқ тартып, қайтара химиялық қару қолданбас еді, - дейді ол.

Араб шығанағындағы АҚШ-тың John C. Stennis әскери ұшақ тасығыш кемесі дайындық кезінде. 23 қараша 2011 жыл
Араб шығанағындағы АҚШ-тың John C. Stennis әскери ұшақ тасығыш кемесі дайындық кезінде. 23 қараша 2011 жыл

Сарапшының пайымдауынша, Обама әкімшілігі әскери ұшақтан гөрі шағын аумақты зымыранмен атқылап қана қоюды жөн көретін сияқты. Мұндай шабуыл Сирия үкіметін, қауіпсіздік ғимараттары мен жергілікті әуе күштерін нысана етер еді.

Бірақ Пайк АҚШ-тың Сирияға шабуыл жасау мақсатын ақтап алу әрекеті қарсылыққа тап болуы мүмкін екенін ескертеді.

- Жұрт бәрібір "Не үшін тас-талқан еттіңдер?" деп сұрар еді. Асадтың сарайларын қиратса, халық "Бұларың кәдімгі тапсырыспен адам өлтіруге ұқсайды" дер еді. Маңызды ғимараттар мен әскери әуе базаларын бомбаласа, ел-жұрт "Бұл операцияның химиялық қаруға не қатысы бар?" деп сұрар еді, - дейді сарапшы.

Бұдан бөлек АҚШ Сирияның күдікке ілінген химиялық қару қоймаларын я жойып жібере алады, я тартып ала алады. Бірақ бұл екі амал да қатерлі.

Пайк химиялық қару қоймаларын әуеден шабуыл жасап жойса, улы газдардың әуе арқылы тарап, адамдарға зиян келтіретінін ескертеді.

- Обама әкімшілігі бұлай істеуге құлықты деп ойламаймын. Бірақ ол қоймаларды бүтін қолға түсіруге тырысса, мыңдаған АҚШ әскерін жұмылдыруға тура келеді. Онда көптеген америкалықтар оққа ұшуы мүмкін, - дейді сарапшы.

Мақала VOA сайтының материалы негізінде әзірленді.
XS
SM
MD
LG