Accessibility links

Барак Обама әлемді ядролық қаруды қысқартуға шақырды


АҚШ президенті Барак Обама халық алдында сөз сөйлеп тұр. Прага. 5 сәуір 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама халық алдында сөз сөйлеп тұр. Прага. 5 сәуір 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама Чехия астанасы Прагада ядролық қарудан бас тартуға үндеген жолдау жасады. Американ президентінің бұл үндеуі Солтүстік Корея баллистикалық зымыранын ұшырғаннан кейін арада бірнеше сағат өткенде жасалды.

Жексенбі күні Праганың орта ғасырларда салынған тарихи қамалында АҚШ президенті Барак Обама мен бірінші ханым Мишель Обамаға әскери оркестр сәлем беріп, оларды Американың әнұранымен қарсы алды.

Бірақ Құрама Штаттар президенті Барак Обаманы түн ортасында Солтүстік Кореяның ұзақ қашықтыққа арналған зымыран ұшырғаны туралы хабар оятқан.

Кейінірек Прага қамалына жиналған халық алдында сөз сөйлеген президент Барак Обама Солтүстік Кореяның әрекетін айыптап, әлемдік қауымдастықты Пхеньяның әрекетін есепке алуға шақырды:

“Қазір халықаралық қатаң жауап қататын кез. Солтүстік Корея қауіпсіздік пен сыйласымдыққа жол ешқашанда заңсыз қару-жарақ пен қауіп-қатер арқылы болмайтынын білуі тиіс. Мықты, ғаламдық жүйе орнату үшін барлық ел бірігу керек. Сол тұрғыда біз қатар тұрып, иық тіресе Солтүстік Кореяның бағытын өзгертуге қысым жасауымыз қажет.”

Пхеньян бұл зымыран ұшыру – орбитаға байланыс жерсерігін орнату дегенді білдіреді деп отыр. Бірақ Құрама Штаттар мен басқа да елдер мұны Солтүстік Кореяның ұзақ қашықтыққа жететін зымыран технологиясын дамытуға дайындығы ретінде көріп отыр.

Солтүстік Кореяның бұл зымыран сынағы Обаманың негізінен ядролық қарудан бас тартуға үндеген қоғамға жолдауымен тұспа-тұс келді.

Прага халқының алдында сөз сөйлеген президент Барак Обама ядролық қару-жарақ арсеналын жою, ядролық қару таратуды тоқтату, террористердің ядролық материалдарды иеленуіне жол бермеу істеріне жетекшілік етуге Вашингтон дайын деді:

“Ядролық қару қолданған алып ел ретінде әрекет етуге Құрама Штаттарда моральдық жауапкершілік бар. Біз бұл істе жалғыз әрекет етіп жетістікке жете алмаймыз, бірақ біз оған жетекшілік етіп, бастай аламыз. Сондықтан мен бүгін ашық та, айқын түрде бейбітшілік пен әлемнің ядролық қарусыз қауіпсіздігін қарастыратын Американың міндеттемесін мәлімдеп тұрмын”- деді ол.

Онымен қоса Барак Обама АҚШ пен Ресей қару-жарақты азайту жөніндегі жаңа стратегиялық келісімді жүзеге асыратын болады және Құрама Штаттар ядролық сынаққа тыйым келісіміне қол қояды деп мәлімдеді.

АҚШ президенті өзінің сөзінде Иран мәселесін де көтеріп, Теһранды ядролық бағдарламасын тоқтатуға шақырды. Обама егер Иран онымен келіспесе, Вашингтон Чехия мен Польшада зымыраннан қорғаныс жүйесі мен радар базасын орнату жоспарын іске асырады деп ескертті:

“Чехия мен Польша мұндай зымырандарға қарсы қорғаныс жүйесін орнатуға келісіп, батылдық танытып отыр. Ираннан қауіп-қатер әлі де төніп тұрғандықтан, біз зымыраннан қорғаныс жүйесімен алға жүре береміз. Егер Ираннан қауіп жойылса, бізде қауіпсіздікке мықты негіз болса, Еуропада зымыран қорғанысын құру ісі тоқтатылатын болады”.

Барак Обаманың жолдауын сарай алдына жиналған чехтардың көбі жылы қабылдады. Десе де кейбір чехиялықтар елдің аймағында радар жүйесін орнатуға қарсылық танытып, қалада радарға қарсы наразылық шарасы өтті.

Барак Обаманы көріп, сөзін тыңдау үшін Прагаға басқа аймақтан арнайы келген Хелена Немескованың айтуынша:

“Өте жақсы болды. Ол барлық жағдайда да мықты сөйлеуші мен оның осындай сөзіне мұнда кім тең келетінін білмеймін. Және мен оның айтқандарымен келісемін. Мен радарды қолдаушымын, ол Чехия мен Польшаны мадақтады. Оның ядролық қарусыздану жөнінде үлкен жоспары бар, ол өзінің бұл барлық жоспарын орындауда проблемаларға тап болуы мүмкін. Бірақ мен оны қолдаймын”-дейді чехиялық тұрғын.

Ал, Обаманың Прагадағы жолдауын тыңдау үшін Чехия астанасынан 900 шақырым жердегі Кельн қаласынан отбасымен келген түрік азаматы “Американың жаңа президенті Барак Обама бізге ақ, қара-сары болсақ та бір топтағы адамдай сезініп, бәріміз бір әлем сияқты әсер береді” деді.

Еуропаға сапарын үшінші ел – Чехияда жалғастырған АҚШ президенті Барак Обаманың сөзін тыңдауға алаңға 30 мыңнан астам адам жиналды.

АҚШ президенті Барак Обама Чехиядағы кездесулерінен кейін екі күндік сапармен Түркияға ұшып кетті.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG